«Азаттықтың алтын қазығын қаққан күн»
Егемен ел болудың іргетасы құйылып, Егемендік туралы Декларация қабылданған күн – қазақ елінің жаһанға тәуелсіздігін жария еткен тарихи күн. Жер шарының бетінде қазақ деген ұлттың салтанат құрған кезеңі сонау бір кеңестік кері кеткен керенау уақыт сана атаулыдан сыналап шығаруға тырысқанымен, күн шықпаймын десе де, тәуелсіздік таңы атпай қоймады. Әлемнің алып саяси картасында тәуелсіз қазақ мемлекеті Көк Байрағын көкке көтерді. Бүгінгі Қазақстанның сыртқы һәм ішкі саясаттағы жеткен жетістіктері осы күннен басталатынын бір пенде жоққа шығара алмайды. Күні кеше Ақордада өткен салтанатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды ұлтымыздың ең ұлық мерекесімен құттықтап, «Бұл – азаттықтың алтын қазығын қаққан күн» деді. Президент еліміздің Егемендігі туралы Декларация қабылданған күнді қасиетті Тәуелсіздігіміздің бастауына балады. Сонымен қатар, даму жолындағы жоба-жоспарлар да салтанатта тағы бір мәрте жария етіліп, пысықталды. Ал, ел экономикасына, мемлекеттің мәдени-рухани өміріне ерен үлес қосқан жекелеген азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды. Елдік пен ерліктің қадірін түйсіну үшін дәл осы күні елдің еңсесін көтеруге еңбегін еш аянып қалмаған қазақстандықтарға құрмет көрсету дәстүрге айналғаны шын.
Қазақ елін бүгінгі бейбіт күн мен пәтуалы тұрмысқа жеткізген селкеусіз сенім мен үкілі үміт екені сөзсіз шындық. Елдің даму жолында кездескен кедергілерді бірлік пен ымырасыз ынтымақ жеңіп келді. Мемлекет басшысы өз сөзінде болашаққа сеніммен қарайтын ұлт қана табысқа жете алатынына назар аударып, өмір болған соң түрлі қиындық та кездесетініне тоқталды. Соның бірі биылғы су тасқыны еді.
– Еліміз таңдаған даму жолынан ешқашан айнымайды. Мұны биылғы табиғи апат кезінде тағы да дәлелдедік. Алапат тасқын, шын мәнінде, еліміз үшін зор сынақ болды. Қаншама елдімекенді қарғын су басты. Қазақстанның 10 аймағында төтенше жағдай жарияланды. Мыңдаған адам баспанасыз қалды, мал-мүлкін жоғалтты. Күрделі сәтте менің халыққа арнайы үндеу жариялағанымды білесіздер. Онда бір де бір адам ескерусіз қалмайтынын нақты айттым. Мемлекет сол уәдесін орындады, – деді Президент.
Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев «Мұның бәрі қоғамның бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі» деді. Аталған апат салдарын жоюға атсалысқан құтқарушыларға, еріктілерге, кәсіпкерлерге және басқа да жанашыр қазақстандықтарға жүрекжарды алғысын жеткізді.
Бұдан бөлек, салтанатты жиында Қазақстанда саяси жаңғырулар тұрғысында қадау-қадау реформалар жүргізілгені де айтылды. Осы реформалардың нәтижесінде мемлекеттің демократиялық даму бағыты айқындалғанына тоқталған Президент биліктің негізгі институттары қайта құрылымдалғанын, орнықты саяси жүйе қалыптасқанын атады. Мемлекет басшысының айтуынша, осы құндылықтар елдің қоғамдық-саяси өміріндегі іргелі өзгерістерге ықпал етсе керек. Бұған жақында өткен АЭС салуға қатысты референдум мысалға алынды. Мұнда ел азаматтарының 70 пайыздан астамы қолдау білдіргені халық тағдырына қатысты сәтте «Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидатының мәнін көрсеткенін атап өтті.
Сондай-ақ, Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарына сәйкес елдің көлік, энергетика және индустрия жүйесі қайта құрылып жатыр. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев биылдың өзінде ұзындығы 12 мың шақырым жол салынып, жөнделіп жатқанын еске салды. Әсіресе, аймақтардағы жолды жақсартуға баса назар аударылғаны жасырын емес. Экономиканы әртараптандыру бағытында да толымды жұмыстар баршылық. Тың жобалар елдің әр аймағында жүзеге асуда. Атап айтқанда, биылғы 8 айда өңдеу өнеркәсібінің экспорты 17,8 миллиард доллардан асқан. Оған қоса, ауыл шаруашылығының дамуы да қаперде.
Бұл – азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызды сала. Қазақстан әлемдік азықтүлік нарығындағы рөлін күшейте береді. Қазір күзгі жиын-терін науқаны аяқталып қалды. Диқандар қауымына шынайы ризашылық білдіремін. Көктемгі тасқынға қарамастан 26 миллион тоннадан астам астық жиналды. Мұны рекордтық көрсеткіш деуге болады. Бұған мемлекет тарапынан көрсетілген нақты көмек те септігін тигізгені анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ел дамуының драйверіне айналуы тиіс шағын және кәсіпкерліктің де тынысы кеңеюі үшін мемлекет тарапынан қолдау зор. Мәселен, бүгінде бизнес елдің басым бөлігін жұмыспен қамтып отыр.
Мұның сыртында, технократ ұлт болу үшін де ғылым мен техникаға да баса көңіл бөлінуде. Сол себепті де Президент келесі жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған еді.
– Бұл – уақыт талабы. Келер жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладық. Біз техникалық және кәсіптік білім беруге баса мән беріп отырмыз. Биыл осы салаға арналған мемлекеттік тапсырысты едәуір көбейттік. Грант санын 10 мыңға арттырдық. Мемлекеттік тапсырыстың 65 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді. Мұның бәрі бәсекеге қабілетті озық ұлт болуымыз үшін өте маңызды деп ойлаймын, – деді Президент.
Президент бір-бірімізді қолдап, биік мақсаттарға ұмтылатын бірлігі мықты ел болсақ, көк паспортымыз да мықты әрі қуатты болатынын айтты.
– Бір-бірімізге тілектес болайық, өзара құрметпен қарайық, қадірлейік. Кез келген қиындыққа қарсы тұрып, ел үшін, жер үшін бірге еңбек етейік. Халқы – біртұтас, болашағы – жарқын Әділетті Қазақстанды бірге құрайық. Азаматтарымыз барлық салада әрдайым әділдік болғанын қалайды. Ол үшін әркім әділдікті, ең алдымен, өзінен бастауы керек. Сонда қоғам да, бүкіл мемлекеттік жүйе де әділ болмақ, – деді Мемлекет басшысы.
Салтанатты жиынды түйіндеген Президент ұлық мейрам – Республика күніне орай елімізді дамытуға орасан зор үлес қосып жүрген бір топ азаматқа жоғары наградаларды және Мемлекеттік сыйлықты салтанатты түрде табыстады. Бұл мәртебіл марапат алғандар қатарында қарағандылықтар да бар.
«Қазақстанның Еңбек Ері» атағын «Шахтерское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Георгий Прокоп алды. С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері Қайрат Кемаловқа «Парасат» ордені табысталды.
«Қазақстанның Халық әртісі» құрметті атағы Кеңес Жұмабековке бұйырды. «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының дәрігері Борис Цхайға берілді. Сонымен қатар, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы әнші Сержан Мұсайынға табысталғанын айта кеткен жөн.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz