Басты тақырып

АЗАТТЫҚТЫҢ АЙНАСЫНА АЙНАЛҒАН

Астана туралы үзік ой
           Астананы «Арман қала» дейді. Әлбетте, бұл жерде тоқтаусыз тіршілік. Аға буыннан гөрі, жастар құштар бұл қалаға. Қиялға қанат бітірсең, асқақ ойларың мен арман-қиялдарың жүзеге асады бұл жерде. Астанада мүмкіндік те көп дейді. Неліктен дерсіз? Себебі, Тәуелсіздік алғаннан кейін бой көтеріп, әр кірпіші азат рухта қаланды. Бұл жер – құлдық психологиядан ада…
Әлемде «Стокгольм синдромы» деген түсінік бар. Қазақша тәржімасы – тұтқындар агрессорға қолдау білдіріп, оның ұстанымдарымен бөлісетін психологиялық күй екен. Ал, біздің жағдайымызда ше? 70 жыл қызыл империяның құлдық бұғауында болдық. Аз уақыт емес. Шынымен, түпкі санаға сіңіп қалған дүниені босату үшін біраз күш-жігер жұмсау керек екенін біле беріңіз. Санаға сілкініс жасау үшін үлкен бір дүниенің қажет болары даусыз.
Міне, осы кезде мемлекет жүрегі оның астанасында соғатынын түйсінген Елбасы жаңа астана – егемен мемлекеттің өзіндік аңсар-арманы, ұлттық мүдделері мен қажеттіліктері негізінде құрылатыны белгілі еді деген ой келгенін сол кезде «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында жазады.
Дағдарыс жағдайында осындай орасан зор жобаны қолға алудың қаншалықты қажеті деп күмән келтірген Парламент мүшелері де болды дейді. Әлбетте, Астанадай әсем қала салуға жүректің түгі болмаса, кез келгеннің батылы бара қоймасы анық.
Еврей халқын қырық жыл бойы шөл даламен алып жүрген Моисей, қазақша Мұса пайғамбардың ерлігі келеді ойға. Қысқа жол бола тұра, осынша қиындыққа ұшыратуына не себеп? Халқының санасын құлдықтан босатып, жаңа жерге жаңа ұрпақты өрбітуді мақсат етті. Себебі, еркіндіктің иісі мұрнына да бармайтын, құл болып дүниеге келген, басқа дүние туралы иісі мұрынына да бармайтын халық жаңа жерге жете қойған күннің өзінде қайтадан құл болар еді.
Қазақ елінің астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру де осы тәрізді. Қиындықсыз болған жоқ. Табандылықтың арқасында, ертеңгі күнге деген сәулелі үміт жетектеп, жаңа астананың құрылысы басталып та кетті. Бастысы – бұл жерге Қазақстанның түкпір-түкпірінен жастар ағылды. Оңай олжа іздегендер емес, заман талабына сай жаңаша ойлайтын, ұйымдасып, тез жанын салып жұмыс істей алатын білікті мамандар келді.
Осы жерде отбасын құрып, ұрпақ өрбіткендер де, міне, құлдық санадан ада, жаңаша ойлайтын, жаңашыл көзқарастағы ұрпақты дүниеге әкелді. Олардың алды өсіп ер жетіп, қазір азамат болды. Елінің ертеңін ойлағанда қиялына тоқтау салмаған, мүлдем жаңа ұрпақ еліміздің болашағына айналды. Бастысы – сана рухани жаңғырды. Ұлан байтақ елдің кіндігінде еліміз үшін маңызды шешімдер қабылданды. Төртінші өнеркәсіптік революцияға аяқ басты. Әлем мойындады. Отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын, әлемнің небір сын-қатерлеріне төтеп беретін санасы нығая түсті Қазақ елінің.
Аңыздарда мәңгіліктің, жаңарудың белгісі болған – Феникс мифологиялық құсы туралы естіген боларсыздар. Өз-өзін отқа тастап, күл арасынан қайта дүниеге келетін құс. Аңыз да белгілі бір себептерге байланысты дүниеге келеді. Қазақ елінің астанасы Ақмолаға көшірілуі жоқ дүниеден барды қайта құрауға негізделген. Ал, атауының өзі Астана аталуы маңызды белеске айналды.
Болашақтың қаласы, әсем қала – Астана! Бұл қаланың жаны бар. Әр кірпіші азат рухта қаланған қалада қазақ елінің әрбір азат ұлының рухы бар. Себебі – бұл қала азаттықты аңсап келгендердің, болашаққа сенімін жоғалтпағандардың қолымен тұрғызылды.
Ал, Елбасының шешімі ше? Ел болашағы үшін жасалған жауапты, сауапты қадам, қиын күндер, ұйқысыз түндер… Еңбек еш кеткен жоқ, сенім ақталды. Астана – қазақ елін құлдық санадан босатқан азат қала! Бұл – ақиқат.

Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button