Басты тақырыпРуханият

Азаттық пен Алаш

Бір ененің төліндей Алаш пен азаттықтың арқасы басқа айларда емес, желтоқсанда қозады. Көктем мен жаз, күзде емес, ақырған қыстың аязы мен ақтүтек боранында, ақ қар, көк мұзда ұлттық рухтың ұлы дүбірі атой салады бізде. Неге дәл осы айда екенін бір Алла білмесе, басқа біліп пе? Тасқа басылған тарғыл тарихымызды ақтарсақ, бүгін ғана емес, бұл құбылыс осыдан жүз жыл бұрын 12 желтоқсанда басталған екен. Онда қазақ зия­лылары алғаш «Алашорда» үкіметінің тұсауын кесіп, автономиялы республика құрғаны белгілі. Біздің азаттық жолындағы алғашқы конституциялық қадамымыз осыдан басталса керек. Ал, азаттық жолындағы күресіміз мыңдаған жылдарға жалғасады.

Алаш деген ұранды сөздің өзі азаттық шақырып тұрғандай ерекше естіледі. Алаш пен азаттық – егіз ұғым, меніңше. Кейде Қарағандының қақ төрінде желбіреген биік байрақты көріп, тебіренем де, тәубеме келетін күндерім болады. Кешегі Алаш арыс­тары көре алмай кеткен қайран азаттық! Неткен асқақ, неткен байтақ, нұрлы еді?! Бейнеті мен азабын кешегі Алаш арыстары шексе, рахатын бүгінгі біз көріп отырмыз. Құдай көп көрмесін, әрине!

…Баяғыда былғанған ғой мына әлем,

Мен әуелде Сақ боп туғам – бұла дем.

Ерлігіне дүр сілкінген дүр әлем.

Мен әуелде-ақ Сақ сарбазы Шырақ ем!

 

Ей, есалаң, ессіз тобыр нені ұқтың?

Дүниеге Күн боп, Ғұн боп келіппін!

Қас дұшпанын қара қанға тойдырып

Патша атанған Томиристей көріктім.

 

Өлексе жеп, тығындаған өңешін,

Маңайыма қаптап кетті неге сұм?!

Есін жиған Еуропа емес пе ед

Көріп алғаш ер Еділдің елесін?!

 

Содан бері түскені жоқ өр еңсем,

Тәңірімнің алқауы ғой көгерсем.

Өр еліммен бірге көрем – не көрсем,

Өр еліммен бір көнерем – көнерсем,

Тәңіріне ғайбат айтқан жалаңбұт

Не жамандық көріп едің менен сен..?

 

Ғапыл кетіп, ғайбат айтпан ғасырға,

Азат күннің бағы барда басымда.

Күлкі болмай тексіздер мен тасырға,

Ес жиғалы егестім де ұлтым деп

Ең соңында… рух боп тудым расында.

 

Есіңді жый, ей, есалаң, көр кеуде,

Бұл күйімді қақың бар ма көрмеуге?

Алла алдында аят оқып тұрамын

Жер бетінде ақырғы адам өлгенде.

Жер бетінде ақырғы ақын өлгенде…

ХХ ғасырдың басында «Алашорда» үкіметі құрылғанда Сұлтанмахмұт Торайғыров «Күн сөнгенше, сөнбейміз» депті. ХХІ ғасыр ұландары жоғарыдағыдай жырлап жатса, Алланың ауызға салғаны, әбден мүмкін. Тек, ендігі уақытта осы Тәуелсіздігіміздің қадіріне жетіп, қорғай білу ғана қалды. Ендеше, «Сертің – осы, азат жігіт, азат қыз!».

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button