АймақПриозерск

48 жылға созылған қазандықтағы қажырлы еңбек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еңбек адамының қоғамдағы орнын ерекше атап өтіп, оны ел дамуының негізгі қозғаушы күші ретінде бағалады. Осындай өз ісіне адал, кәсіби біліктілігімен танылған мамандардың бірі – Приозерск қаласындағы №1 қазандықтың бастығы Өмір Жұматаев. Ол – жылдар бойы тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз етіп келе жатқан маңызды нысанның жұмысын жүйелі ұйымдастырып, ұжымды ортақ мақсат жолында біріктіре білген іскер басшы.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Кейіпкеріміз Өмір Жүзбайұлы 1960 жылы көне де қасиетті топырақ – Өзбекстан Республикасының Бухара облысы, Газли қаласында дүниеге келген. Бұл – тағдырдың бұйрығымен талай қазақтың кіндік қаны тамған, жастығының куәсі болған мекен. 1968 жылы ол тұңғыш рет білім ордасының табалдырығын аттап, қолына қалам ұстап, үлкен өмір жолына алғашқы қадам жасады. Бұл – СССР-дың 50 жылдығы атындағы мектеп болатын. Сол мектептің қарапайым партасында отырған зерек бала күндердің бір күнінде елге адал қызмет ететін абзал азаматқа айналарын ол кезде ойламаса керек. Жас жігіттің ғылым мен техниканы игеруге деген ынтасы оны Бухара газ өнеркәсібі техникумына жетеледі. Онда «Қозғалт­қыш құрылысы» мамандығы бойынша терең білім алып, «техник-механик» біліктілігін иеленді. Осылайша, өмірінің басты бағдары еңбек пен адалдық екенін жастайынан айқындаған Өмір Жүзбайұлы ерте жастан қолына құрал алып, өндіріс пен шаруа­шылықтың ыстығы мен суығына төзе жүріп, үлкен жолдың жүгін арқалады. 1978 жылдан бастап, ел игілігі үшін тынымсыз еңбек етіп келеді. Әсіресе, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы елеулі еңбегі оның есімін абырой тұғырына шығара түсті. 1995 жылы Приозерск қаласына қоныс аударған. 1995 жылдың қыр­күйегінен 2002 жылдың маусым айына дейін қазандықта 3-сыныпты жүргізуші болып қызмет атқарып, алғашқы еңбек баспалдағына табан тіреген ол, өз ісіне деген ыждағаттылығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында әріптестері мен басшылықтың сеніміне ие болды. 2004 жылдың тамызынан 2006 жылдың ақпанына дейін – ағын суларды айдау маманы ретінде жұмыс істеп, инженерлік саланың күрделі де жауапты тұстарын меңгерді. Ал, 2007 жылдың тамызынан 2009 жылдың қыркүйегіне дейін автокөлік қызметінің бастығы ретінде де ауқымды жұмыстар атқарып, басқарушылық қабілетін дәлелдеді. 2009 жылдың қыркүйегінен бастап ол Приозерск қаласындағы №1 қазандықтың бас­тығы қызметіне тағайындалып, осы лауазымда бүгінгі күнге дейін табан аудармай қызмет етіп келеді. Жауапкершілігі мол бұл салада ол өзінің тиянақты ісімен, іскерлігімен, адами болмысымен ел сеніміне ие болып отыр.

– Осы жылдар ішінде №1 қазандықта көп нәрсе өзгерді ғой… Мен бұл жерде жұмыс істеп келе жатқаныма біраз болды, соның бәрін көзбен көріп, жүрекпен сезіндім. Бірінші кезекте, қазандықтағы негізгі құрал-жабдықтар толық жаңартылды. Бұрын қолмен атқаратын талай істі қазір заманауи автоматтандырылған басқару жүйелері өзі-ақ тындырып жатыр. Бұл – тек жұмысымызды жеңілдетіп қана қоймай, қауіпсіздігіміз үшін де үлкен қадам болды. Жалпы, еңбек қауіпсіздігіне соңғы жылдары ерекше назар аударыла бастады. Өрт қауіпсіздігі болсын, жабдықтарды уақытылы тексеру болсын – бәрі қатаң бақылауда. Мұның бәрі біздің амандығымыз үшін жасалып жатыр. Тағы бір қуантатыны – жаңа технологиялардың енгізілуі. Өндірістік процестер толықтай автоматтандырылды десем де болады. Бұл жаңашылдыққа алғашында үйренісу оңай болмады, әрине, бірақ үйрендік, меңгердік, – дейді Өмір Жүзбайұлы.

Кейіпкеріміздің қарапайым жұмысшыдан басшылық лауазымға дейінгі еңбек жолы – жас мамандарға үлгі. Өмір ағаның 48 жылға созылған еңбек жолы – төзім мен табандылықтың, ұқыптылық пен кәсібиліктің айқын көрінісі. Ел Президенті атап өткендей, ел дамуының негізі – адал еңбек. Осы тұрғыдан алғанда, Өмір Жұматаев – еңбек жолын даңқпен өрнектеген, маңдай тердің, адал ниеттің, табанды қызметтің нақты үлгісі деуге толық негіз бар.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
ПРИОЗЕРСК

Басқа материалдар

Back to top button