Қазан айының басында Теміртаудағы үш домна пеші табиғи газбен жұмыс істейді
Теміртаудағы металлургтер комбинатының 80 жылдық тарихында алғаш рет табиғи газ №2 домна пешіне сәтті жеткізілді.
Қазіргі уақытта мамандар газ қабылдау мен оның шығынын ұлғайтуды оңтайландыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
— Біз қазірдің өзінде табиғи газды пайдаланудың жоғары тиімділігін көріп отырмыз. Домна пешінің өнімділігі артты, ең бастысы – кокстың шығыны айтарлықтай азайды. Сонымен қатар бұрын барлық домна пештерінде қолданылған мазутты толықтай тоқтаттық. 29 тамыздан бастап №2 домна пешінде мазут мүлдем пайдаланылмайды, — деп түсіндірді Qarmet компаниясының Болат департаментінің директоры Андрей Берг.
Қазір төрт әдістемелік пештің үшеуі шамамен сағатына 10 мың текше метр газ тұтынып жұмыс істеп тұр.
Қыркүйек айының соңында №3 домна пешін табиғи газға қосу жоспарлануда. Ал №4 домна пешінде құбыр жүйесін орнату жұмыстары жүріп жатыр. Қазан айының басында барлық үш домна пеші табиғи газбен жұмыс істейтін болады.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ