Ресми

Азаматтық қоғамның жүгі ауыр

Елімізде үкіметтік емес ұйымдардың даму тарихы беріректе болса да, олардың дәуірі артқан. Қоғам мен билікті жалғап қана қоймай, мемлекеттік қызмет саласына жүктелген ауыр жүктің бір бөлшегін өзі көтеріп, талай әлеуметтік жобаларды лайықты алып жүрген еліміздің үкіметтік емес ұйымдары – бүгінде оң өзгерістердің бастамашысы. Үкіметтік емес ұйымдар еліміздің азаматтық қоғамында және әлеуметтік-саяси өмірінде маңызды рөл атқарады десек, артық айтқандық емес. Биыл да жыл сайынғы дәстүр бойынша Қарағанды қаласындағы «Достық үйінде» «Адал азамат – белсенді қоғам» атты облыстық азаматтық форумы өтті. Форум жұмысына облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов, Қазақстанның Азаматтық альянсының атқарушы директоры Мұрат Омашев және облыстың Қоғамдық кеңесінің мүшелері қатысты.

Сурет ұйымдастырушылардан

Жалпы, елімізде үкіметтік емес ұйымдар бірнеше маңызды функцияларды жүзеге асырады. Олардың қатарында азаматтық қоғамның дамуына жәрдемдесу, адам құқықтары мен сөз бостандығын қолдау, мониторинг және бақылау жүргізу, әлеуметтік көмек көрсету, инновацияларды дамыту және түрлі шешімдерді әзірлеу бар. Осылайша, үкіметтік емес ұйымдар мемлекет пен қоғам арасындағы маңызды байланыстырушы буын бола отырып, халықтың әртүрлі топтарының мүдделерін ескеріп, өзара түсіністік пен ақпараттандыруды қамтамасыз етеді.

Облыста жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін форум азаматтық қоғамды дамыту мен оның әртүрлі субъектілері арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды шара. Мұндай форумды өткізу қоғам мен мемлекет арасындағы өзара әрекеттестікті жақсартуға, сондай-ақ, өңірдегі негізгі әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған нақты ұсыныстар мен шешімдерді әзірлеуге ықпал етеді.

– Азаматтық қоғамды дамыту институты ретінде біз орталық және жергілікті атқарушы органдармен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан міндеттерді орындауда бірлесе жұмыс жасаудамыз. Оның барлығы елімізді дамытуға, сондай-ақ, бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастыруға әкелуі тиіс. Ол үшін елімізде маңызды саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар жүргізілуде, – дейді облыстың кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры Серік Санаубаев.

Ал, форумға қатысушыларды құттықтаған Нұрлан Бикенов үкіметтік емес ұйымдардың жұмысының маңыздылығына тоқталды.

– Осыдан жиырма жыл бұрын үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жасай бастаған кезде жағдай мүлдем басқаша болатын. Содан бері талай өзгерістер болды. Қазір облыс қана емес, аудан және қала әкімдіктері де азаматтық ұйыммен бірлесе жұмыс атқарады. Олар қазір мемлекеттік ұйымдардың маңызды серіктесі. Азаматтық қоғам ретінде халықтың мұң-мұқтажын дөп басып, оны қалай шешу керектігі туралы кеңес беріп келеді. 2000 жылдары облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың саны небары жүз шақты ғана болса, қазір олардың саны мыңнан асады. Ал, мемлекет бойынша бұл көрсеткіш – жиырма мыңнан асады, – деді Нұрлан Рахметоллаұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде облыста мемлекеттік тапсырыспен ауқымды жобалар атқарылуда. Оның ішінде әлеуметтік жобаларды шашауын шығармай атқарып отырған да осы үкіметтік емес ұйымдар.

– Үкіметтік емес ұйымдардың болашағы – зор. Себебі, тұрғындармен жұмыс маңызды. Олардың үнін билікке жеткізетін де солар. Форумда айтылған пікірлер азаматтардың проблемаларын шешу үшін қандай да бір маңызды шараға айналады деп сенемін, – дейді Нұрлан Бикенов.

Мұрат Омашев болса, форум жұмысы облыстың үкіметтік емес секторын дамыту үшін пайдалы болады деп сенетінін айтады.

– Қарағандылық үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары нормативтік актілерді дайындауда кәдеге жарап келеді, – дейді Мұрат Омашев.

Қарағанды облысының Азаматтық альянсының президенті Дмитрий Полтаренко бұл кездесу соңғы екі жылда заңнамада болған өзгерістер жағдайында жергілікті қоғамдық ұйымдардың жұмысының аралық қорытындысы екенін атап өтті.

Атап айтар болсақ, петиция жариялау, қоғамдық бақылау бойынша заңдар қабылданды, коммерциялық емес ұйымдар, қоғамдық кеңестер, мемлекеттік сатып алу және тағы басқалар туралы заңдарға өзгерістер енгізілді.

– Осы мәселеге кәсіби түсіністікпен қарайтын адамдар бар екеніне өте қуаныштымын. Біз мемлекеттік органдармен байланыс орнатып, түрлі жобаларды жүзеге асырамыз. Арамызда дәнекер бар, бұл – жақсы. Ең бастысы, біз біртұтас қоғам екенімізді есте ұстауымыз керек. Қазір жақсы өмір сүру үшін еңбек етсек, өзіміздің және балаларымыздың да болашағы жарқын, – деді Дмитрий Полтаренко.

Пленарлық отырыстан кейін форум тақырыптық диалог алаңдарындағы секциялық жұмыстармен және шеберлік сағатымен жалғасты.

Осы форумдағы маңызды оқиға – облыстың Азаматтық альянсы мен серіктес ұйымдар арасында бірқатар меморандумдарға қол қою болды.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button