Азаматтар жұмыс істеп, өзін және отбасын асырауға ұмтылуы керек – Олжас Бектенов
Президенттің 2025 жылғы Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралған Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Еңбек министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 1 желтоқсанына дейін әлеуметтік қолдау шараларының барлық өңірлерге арналған бірыңғай стандартын әзірлеуді тапсырды.

–Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 1 желтоқсанына дейін әлеуметтік қолдау шараларының барлық өңірлерге арналған бірыңғай стандартын әзірлеуі қажет. Барлық күмәнді және тиімсіз әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды алып тастау керек. Болды. Осы мәселеге нүкте қою керек.
Біз әлеуметтік әділеттілікті сақтап, масылдық пиғылды азайту үшін шаралар қабылдайтын боламыз.
Үкіметтің міндеті – барлығына бірдей жағдай жасау, ал азаматтар жұмыс істеп, өзін және өз отбасын асырауға ұмтылуы керек, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр ол үшін цифрландыруды және жасанды интеллекті технологияларын терең енгізу арқылы экономиканың барлық салаларындағы мемлекеттік қызметтерді бақылау мен мониторинг жүргізудің түбегейлі жаңа әдістері жасалуға тиіс екендігін атап өтті.
Осыған байланысты Олжас Бектенов Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, осы жылдың 1 қарашасына дейін Еңбек министрлігі жанынан Әлеуметтік саланың бірыңғай цифрлық платформасын енгізуді тапсырды.
Сондай-ақ мемлекеттік органдар Әлеуметтік кодекске әлеуметтік аудит тетіктерін енгізуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасының жедел мақұлдауы тиіс.