«Азаматтар өз таңдауын 637 учаскеде жасайды»
15 наурыз күні өтетін референдум – еліміздің саяси дамуы мен қоғамдық келісімін нығайтатын маңызды кезеңнің бірі. Бұл – әр азаматқа өз таңдауын жасап, мемлекет болашағына қатысты шешім қабылдауға қатысуға мүмкіндік береді. Мұндай саяси оқиғалар халықтың азаматтық белсенділігін арттырып, қоғамдағы жауапкершілік пен бірлікті нығайта түседі. Референдумға дайындық туралы егжей-тегжейлі білу мақсатында Қарағанды облыстық референдум комиссиясының төрағасы Қайрат Нұркеновпен әңгімелескен едік.

– Қайрат Қаршығаұлы, алдымен облыстағы дайындық жұмыстарының жалпы жағдайына тоқталсаңыз…
– Облыс аумағында республикалық референдумды ұйымдастыру және өткізу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүйелі. Қазіргі таңда ұйымдастырушылық, құқықтық және техникалық дайындықтың негізгі кезеңдері аяқталды. Комиссиялар референдумға бағытталған қорытынды жұмыстарды жүргізіп жатыр.
Облыс бойынша референдумды өткізуге арналған 651 комиссия (14 – аумақтық (1 облыстық, 13 аудандық/қалалық), және 637 – учаскелік) толық құрамда жұмыс істейді. Учаскелердің орналасу орны анықталып, қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар, тізімдерді нақтылау, азаматтарды ақпараттандыру және учаскелік комиссия мүшелерін оқыту жалғасып жатыр.
Өңірде референдумды заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру үшін барлық қажетті шаралар қабылданған.
– Жуырда облысқа Нұрлан Әбдіров бастаған республикалық комиссия өкілдері келіп, бірқатар учаскені аралап көрді. Бұл сапар барысында қандай мәселелер көтерілді? Қандай ұсыныстар айтылды?
– Ия, Нұрлан Мәжитұлының сапары барысында басты назар референдумды ұйымдастыру мен дауыс берге қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелеріне аударылды. Комиссия төрағалары мен аппарат қызметкерлерімен кездесулерде учаскелердің материалдық-техникалық жабдықталуы, мүгедектігі бар азаматтарға қолжетімді жағдай жасау, дауыс берушілерді ақпараттандыру жұмыстары талқыланды. Сонымен қатар, референдум комиссияларының жұмысын жетілдіру, әрбір үйге QR-коды бар жеке шақыру билеттерін жеткізу, заңдылық пен ашықтықты сақтау бойынша нақты ұсыныстар берілді.
– Облыс бойынша жалпы қанша референдум учаскесі жұмыс істейді? Өңірде дауыс беруге құқылы азаматтардың саны қанша?
– Облыс бойынша барлығы 637 референдум учаскесі жұмыс істейді. Олардың ішінде, азаматтардың уақытша болатын орындарындағы арнайы учаскелер де бар.
Өңірде дауыс беру құқығына ие азаматтардың жалпы саны 757 мыңнан астам адамды құрайды. Бұл көрсеткіш жергілікті атқарушы органдар ұсынған деректер негізінде қалыптастырылған референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдеріне сәйкес анықталды.
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне қандай жағдай жасалған?
– Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беру құқығын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Облыстағы учаскелердің басым бөлігі қолжетімділік талаптарына сәйкес жабдықталған. Көптеген учаскелерде пандустар орнатылып, тактильді көрсеткіштер мен арнайы дауыс беру кабиналары қарастырылған.
Сонымен қатар, облыс бойынша 140 инватакси қызметі ұйымдастырылып, қажет болған жағдайда азаматтарды учаскелерге жеткізу жұмыстары жүргізіледі. Есту қабілеті бұзылған азаматтар үшін онлайн форматта 74 сурдоаудармашылар қызметі ұсынылады.
Ал, денсаулық жағдайына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтар үшін үйден дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін азаматтар учаскелік комиссияға алдын ала (15 наурыз сағат 12:00-ге дейін) өтініш береді. Комиссия мүшелері арнайы тасымалданатын жәшікпен барып, дауыс беру рәсімін ұйымдастырады.
– Референдум барысында заң талаптарының қатаң сақталуы аса маңызды. Учаскелік комиссия мүшелерінің дайындығы қандай?
– Референдумды ұйымдастыру мен өткізу барысында заң талаптарының сақталуы – комиссиялардың негізгі міндетінің бірі. Осыған байланысты облыста учаскелік референдум комиссияларының мүшелерін даярлауға ерекше көңіл бөлінді.
Облыс бойынша референдумды ұйымдастыруға аумақтық және учаскелік комиссияларды қоса алғанда 651 комиссия, оның құрамында 4 мыңнан астам комиссия мүшесі тартылған. Мүшелердің 86,8%-ы бұрын сайлау немесе референдум науқандарында жұмыс тәжірибесіне ие.
Комиссия мүшелерінің кәсіби даярлығын арттыру мақсатында облыста арнайы оқыту семинарлары, тренингтер және әдістемелік кеңестер ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралар барысында комиссия мүшелеріне дауыс беруді ұйымдастыру тәртібі, тізімдерімен жұмыс жүргізу, дауыс беру күні учаскенің жұмысын ұйымдастыру, сондай-ақ, дауыстарды санау рәсімдерінің заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылуы жан-жақты түсіндірілді.
Оқыту барысында Қазақстан Республикасының «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңы мен Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңы нормаларын дұрыс қолдануға баса назар аударылды. Бұдан бөлек, комиссия мүшелері үшін әдістемелік материалдар әзірленіп, онлайн форматтағы оқыту элементтері мен тестілеу ұйымдастырылды.
Бұл жұмыстардың барлығы референдум күні дауыс беру процесінің заң талаптарына толық сәйкес, ашық әрі ұйымдасқан түрде өтуін қамтамасыз етуге бағытталған.
– Байқаушылар мен шетелдік сарапшылардың келуі жоспарда бар ма?
– Референдумның ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында байқаушылар институтына ерекше мән беріледі.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес референдумға байқаушылар ретінде қоғамдық бірлестіктердің және саяси партиялардың өкілдері, сондай-ақ, шетелдік мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары қатыса алады.
Облыс аумағында қоғамдық ұйымдардан бірқатар байқаушылар аккредиттелген. Бұған дейін облыстық комиссия тарапынан 17 қоғамдық ұйым аккредиттелген.
Референдум күні қоғамдық ұйымдардың байқаушылары жұмыс істейді деп күтілуде. Сонымен қатар, республикалық деңгейде аккредиттелген халықаралық байқаушылар мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де өңірдегі учаскелерге келуі мүмкін.
Байқаушылардың қызметі заңнама талаптарына сәйкес ұйымдастырылады. Оларға дауыс беру процесін, бюллетеньдерді санау рәсімін және комиссиялардың жұмысын бақылауға мүмкіндік беріледі. Бұл – референдумның ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ететін маңызды тетіктердің бірі.
– Кейде сайлау кезінде орын алатын түрлі ақпараттық алыпқашпа әңгімелердің алдын алу үшін қандай түсіндіру жұмыстары жүргізілуде?
– Ақпараттық кеңістікте түрлі алыпқашпа әңгімелер мен нақты емес мәліметтердің таралуы мүмкін. Сондықтан, азаматтарды дұрыс әрі уақытылы ақпаратпен қамтамасыз ету – референдумды ұйымдастырудағы маңызды бағыттың бірі.
Осы мақсатта облыста кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді. Бұқаралық ақпарат құралдары, ресми интернет-ресурстар және әлеуметтік желілер арқылы референдумның құқықтық негіздері, дауыс беру тәртібі және азаматтардың құқықтары туралы түсіндірме материалдар тұрақты түрде жарияланып келеді.
Бүгінде 515 баннер, 80 мың плакат, 757 мыңнан астам жеке шақыру қағазы, теледидар, радио, LED экрандар арқылы хабарландыру жүргізілуде. Интернет пен әлеуметтік желілерде тұрақты ақпараттық материалдар жариялануда.
Сонымен бірге, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, аймақтың қала, аудандарында ақпараттық баннерлер мен көрнекі материалдар орналастырылды. Азаматтарға арналған түсіндіру жұмыстары тыңғылықты. Бұл шаралар азаматтардың референдум туралы толық әрі сенімді ақпарат алуына мүмкіндік береді.
– Референдум күні қауіпсіздік мәселесіне де ерекше мән беріледі. Бұл бағытта құқық қорғау органдарымен қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті сақтау мәселесіне ерекше назар аударылады. Бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті атқарушы органдармен және құқық қорғау органдарымен тығыз өзара іс-қимыл арқылы жүзеге асырылады.
Дауыс беру күні барлық референдум учаскелерінде қоғамдық тәртіпті сақтау үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлері кезекшілік атқарады. Сонымен қатар, учаскелердің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету, азаматтардың еркін әрі қауіпсіз жағдайда дауыс беруіне жағдай жасау мақсатында тиісті ұйымдастырушылық шаралар қабылданған.
Бұл ретте құқық қорғау органдарының негізгі міндеті – қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және референдум процесінің заң талаптарына сәйкес өтуіне қажетті жағдай жасау. Сонымен бірге, комиссиялардың жұмысына араласуға жол берілмейді. Өйткені, дауыс беру процесін ұйымдастыру және өткізу мәселелері тек референдум комиссияларының құзыретіне жатады.
– Биылғы референдумның ұйымдастырылуы бұрынғы сайлау науқандарынан қандай ерекшеліктерімен өзгеше болады?
– Референдум – бұл азаматтардың мемлекет өміріндегі аса маңызды мәселелер бойынша тікелей өз еркін білдіру нысаны. Референдумның сайлау науқандарынан басты айырмашылығы – азаматтар белгілі бір кандидаттарға немесе саяси партияларға емес, мемлекет үшін маңызды мәселелер бойынша өз еркін тікелей білдіреді. Яғни, бұл – халықтың ерік-жігерін тікелей білдірудің конституциялық нысандарының бірі.
Ұйымдастыру тұрғысынан алғанда референдум өткізу кезінде де сайлау процестерінде қолданылатын негізгі қағидаттар сақталады. Атап айтқанда, дауыс беру жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде, жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі. Сондай-ақ, дауыс беру учаскелерінің жұмысы, комиссиялардың қызметі, байқаушылардың қатысуы және дауыстарды санау рәсімдері заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
– Жастар мен бірінші рет дауыс беретін азаматтарды тарту бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Жастарды, әсіресе, алғаш рет дауыс беретін азаматтарды қоғамдық-саяси процестерге тарту – сайлау органдары жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Себебі, жастардың азаматтық белсенділігі мен құқықтық мәдениетін қалыптастыру елдегі демократиялық институттардың дамуына тікелей ықпал етеді.
Облыс бойынша биыл 13 мыңнан астам 18 жастағы азамат алғаш рет дауыс беру құқығына ие болып отыр. Сол себепті, бұл санаттағы жастарды ақпараттандыру мен олардың референдумға қатысу белсенділігін арттыру бағытында арнайы жұмыстар жүргізілуде.
Нақтырақ айтсақ, облыстың қала, аудандарында аумақтық сайлау комиссияларының жанынан 14 «Жас сайлаушылар» клубы құрылған. Бұл клубтарда шамамен 300-ге жуық жас белсенді түрде іс-шараларға қатысады. Клубтардың негізгі мақсаты – жастардың электоралдық және құқықтық мәдениетін арттыру, оларды сайлау процестерінің маңыздылығымен таныстыру және азаматтық белсенділігін дамыту.
Клубтар аясында түрлі кездесулер, семинарлар, пікірталастар және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мұндай бастамалар жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, сондай-ақ, олардың сайлау және референдум сияқты маңызды саяси процестерге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Жалпы, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру – қоғамның демократиялық дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан да, жастардың референдумға белсенді қатысатынына сенім білдіреміз.
– Сөз соңында қарағандылық сайлаушыларға не айтар едіңіз?
– Референдум – әр азаматтың мемлекет өміріндегі маңызды шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі. Облыс тұрғындарын 15 наурыз күні референдумға қатысып, өз азаматтық ұстанымын білдіруге шақырамын. Бұл – еліміздің болашағына бейжай қарамайтын әрбір азамат үшін маңызды қадам.
– Уақыт тауып, тұшымды әңгіме өрбіткеніңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»


