Ресми

Азаматтар құқығы тапталмайды

Жылжымайтын мүлікті, не автокөлікті тіркеу, пәтерге я тегін 10 сотық жерді алуға кезекке тұру, кейбір лицензиялар мен рұқсаттарды алу және бұдан өзге де жүздеген қызметтер мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге жатады. Ол «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» арнайы Заңмен және көрсетілетін қызметтің стандарттары егжей-тегжейлі баяндалған ведомствалық бұйрықтармен реттеледі. Көрсетілген мемлекеттік қызметтерге көңілі толмаған азамттар сотқа жүгінуге хақылы.

Коллажды жасаған А.Коктаева

Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Қанат Мақажановтың айтуынша, мұндай даулардың бір бөлігі әкімшілік соттың қарауына түседі.

– Өткен жылы 169 талап қою түсті. Бұл – жалпы түскен істердің 9%-ы. Оның ішінде, «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ-на қарсы 147 талап қою бар. Биылғы бірінші жартыжылдықта 56 талап қою тіркелді. Оның 52-сі немесе 93%-ы – «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ-на қарсы, – деп атап өтті Қанат Маратұлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Бұл статистикадан көрсетілетін мемлекеттік қызметтің нәтижесі сот дауларының белгілі бір бөлігін алатынын байқау қиын емес. Ал, «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ мұндай даулар бойынша – негізгі жауапкер.

– Сотқа шағымданудан бөлек, сотқа дейін реттеу тәртібі бар екендігін атап өту керек. Көрсетілетін қызметтің үлгілік ережелеріне сәйкес көрсетілген қызметтің нәтижесімен келіспегенде оны қызмет берушінің басшысына немесе уәкілетті органына шағымдауға болады. Мысалға, автокөлікті тіркеуден бас тартқан жағдайда полиция департаментінің басшысына немесе мемлекеттік көрсетілетін қызметті мелекеттің бақылаушы орган болып табылатын мемлекеттік қызмет бойынша департаментке шағымдауға болады. Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің әрекеттерін тікелей осы орталық директорына немесе коммерциялық емес акционерлік қоғамның облыстық филиалының басшысына шағымдауға болады, – деп түсіндірді Қанат Мақажанов.

Спикердің айтуынша, ең көп дау жер қатынастары, салық органдары және сот орындаушыларға қатысты қаралады.

– Қалыптасқан үш жылдық тәжірибеде негізінде сот процестерінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға оң әсері барын көреміз, – деді спикер.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button