Жаңалықтар

«Азаматтарға арналған үкіміттің» артықшылықтары

Техника дәуірінде үйден шықпай-ақ, өзіңізге қажетті анықтаманы алуға болады. Осы тұрғыдан облыста қыруар шаруалар атқарылуда. Соңғы үш жылда «Азаматтарға арналған үкімет» жобасы Қарағанды облысында 8,5 миллион мемлекеттік қызмет қызмет көрсетіпті. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының үш жылдық қызметінің нәтижелері» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында корпорациясының облыстық филиалы өкілдері хабарлады.

Азаматтарға арналған үкімет Қарағанды облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Айдар Амантаевтың айтуынша, жыл сайын дәстүрлі тәсілмен көрсетілетін қызметтер саны азаюда. Мәселен, 2018 жылы көрсетілген қызметтер саны 2017 жылмен салыстырғанда, 250 мыңға азайған. Бұл Қарағанды облысы тұрғындарының электрондық үкімет порталын жиі қолдана бастағанын байқатады. Әрі бұған таңданудың қажеті жоқ. Өйткені бүгінгі күні барлық мемқызметтің 67% – egov порталында қолжетімді.

Айрықша айта кеткен жөн, соңғы бірнеше жылдың ішінде электрондық үкімет порталында е-анықтама алудан басқа, автокөлікті қайта тіркеу және тағы басқа да қызметтерге барынша қарапайым тұрғыда әрі тез қол жеткізуге болады. «Азаматтарға арналған үкіметтің» бастамасымен үшінші тұлғалардың анықтама алу сервисі іске асырылды. Бұл ендігі жерде қазақстандықтардың қағаздық нұсқадағы мекенжай анықтамасын, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтары туралы және жылжымайтын мүліктің бары-жоғы туралы анықтаманы әртүрлі ұйымдарға ұсыну керек болмайтынын білдіреді. Қажетті мәліметтерді олар азаматтың рұқсатымен электрондық үкімет порталы арқылы өз құзіреттері арқылы сұрата алады. Үш жылдың ішінде филиалдың аумақтық бөлімшелері 800 мыңнан астам электрондық цифрлық қолтаңба берген.

Қазір елдің ХҚО барғысы келмейтіні рас. Мамандардың сөзіне сүйенсек, көбісі қызметтерді телеграм-бот және mgov мобильдік қосымшасы арқылы алады. Жылдың басынан бері психоневрологиялық, наркологиялық және туберкулезге қарсы диспансерлердің анықтамаларын телеграм-бот арқылы алу мүмкіндігі пайда болған. Бұл өте ыңғайлы әрі уақытты үнемдейді. Тек мобильдік азаматтар қорына тіркелу ғана жеткілікті екен.

Жиын барысында журналистердің қойған сұрақтарына спикерлер тұщымды жауаптарын берді.

Әлеуметтік қамсыздандыру бағыты бойынша облыста 336 мың мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл – жәрдемақылар мен төлемдерді, зейнетақыны есептеу және тағайындау жұмыстары. Сондай-ақ, мемлекеттік корпорация жер кадастры бойынша монополиялық қызметтердің 26 және жерге орналастыру жұмыстарының 11 түрін электрондық нұсқада көрсетеді. Қазіргі кезде корпорацияның облыстық филиалында 31 фронт-офис жұмыс істеп тұр. Онда, 1,5 мыңға жуық қызметкер еңбек етуде, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалы директорының орынбасары Елена Шарафутдинова.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button