«Азаматтарға арналған үкімет»: қызмет түрін жеделдетеді

Қарағанды облысында мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта алуға арналған сервистер белсендірек пайдаланыла бастады. Атап айтсақ, бұл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Ұлттық акционерлік қоғамының қызметі. Сіз мұнда туу туралы куәлік, жәрдемақы рәсімдеу, балабақшаға кезекке тұру, жеке куәлік алу сынды қызметтерді қолдана аласыз. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды.

Баспасөз мәслихатына Қарағанды облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ҰАҚ филиалы директорының жер мәселелері жөніндегі орынбасары Арғын Сатаев, аталған корпорация директорының жылжымайтын мүлік мәселелері жөніндегі орынбасары Айдар Амантаев, сонымен қатар, филиалдың мемлекеттік қызметтер сапасын бақылау бөлімінің басшысы Павел Ортнер және электрондық жоспарлар мен жеке және заңды тұлғалармен жұмыс жасауды бақылау басқармасының басшысы Шолпан Бейсембекова қатысып, жұмыс нәтижелерімен бөлісті. Биылғы жылдың тоғыз айында облыс тұрғындарына онлайн режимде 1.7 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 800 мыңы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-кеңселеріндегі өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында жүзеге асырылған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13.2%-ға артты.

– Азаматтардың уақытын үнемдеу үшін әлеуметтік желілерде, атап айтсақ, мемлекеттік қызметтерді алуға көмектесетін telegram мессенджерінде боттарды іске қостық. telegraм желісінен анықтамалар мен құжаттардың 20 түрін, facebook парақшасынан 15, в Контакте желісінен 19 түрін алуға болады. Азаматтар мекен-жай анықтамасы, айыппұлды тексеру, мүлікке иелік ету, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу туралы анықтамаларға жиі сұраныс береді, – дейді Павел Ортнер. Электрондық үкімет порталын пайдалану және әлеуметтік желілерде қажетті қызметті алу үшін ниет білдірушілерді тегін оқыту қарастырылған. Электрондық жүйенің егжей-тегжейін ХҚКО-дағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймағында білуге болады. Жоғары сынып оқушылары үшін «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының фронткеңселерінде арнайы шеберлік сабақтары өткізіледі екен. Аталған порталда мемлекеттік қызметтің 50 түрі көрсетіледі. Ол үшін ұялы телефон нөміріңізді жүйеге енгізсеңіз болғаны. Мемлекеттік корпорацияның кез келген фронткеңсесінде дерекқорға енгізуге болады.

Қасымхан ҒАЛЫМ