Жаңалықтар

Қабыкен Мұқышевтің бірталай шығармасы мектеп бағдарламасына енген

Қасиетті қара Нұра қазақ көркем ойының, сөз өнерінің өрістеуіне үлкен үлес қосқан талай дүлдүл таланттарды берді десек, бұл тұжырымды ешкім жоққа шығара алмас. Солардың бірі, бірі емес-ау бірегейі – ұлт поэзиясының, оның ішінде аса күрделі сала – балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын ­Қабыкен Мұқышев.

Сурет автордан

Ақынның азан шақырып қойған есімі Ғабдылмәжит екен. Ол 1920 жылы 21 наурызда қазіргі Нұра ауданының Балықты қонысында дүниеге келіпті. Сулы-нулы жерге орыс қарашекпендері көп келіп, тығыз орналасқандықтан, бұл өңірде шаруаларды ұжымдастыру, әлділерді тәркілеу науқандары біршама жеңіл өтеді. Қабыкеннің әкесі Мұқыш Рысмағамбетов пен анасы Қамар Баймағанбетова бай болмағанымен, күнкөрісі бар, адал еңбекпен тіршілік еткен жандар екен. Болашақ ақын 1929-1931 жылдары сол кездегі Нұра ауданының орталығы Казгородок (қазіргі Кертінді) ауылындағы мектептен бастауыш білім алып, 1932-1938 жылдары Қарағанды, Петропавл қалаларындағы және Алматы облысының Қаракемер кентіндегі мектептер мен техникумда оқиды. 1938-1941 жылдары ол білімін одан әрі жалғастыру үшін Алматыға келіп, Қазақтың Абай атындағы педагогика институтының тіл және әдебиет факультетін тәмамдайды.

ІІ дүниежүзілік соғыс басталар алдында Нұра ауданының орталығындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Қабыкен 1944-1949 жылдары Қарағанды мұғалімдер институтында оқытушы болып, қазақ әдебиеті тарихынан лекция оқыған екен. Сонымен бірге, облыстың мұғалімдер білімін жетілдіру институтында қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің меңгерушісі қызметін атқарады. Біраз уақыт Қарағандыдағы радио хабарларын тарату комитетінде редактор, облыстың халық шығармашылық үйінің директоры лауазымында еңбек етеді. Қалай болғанда, Қ.Мұқышев ақындығына қоса, Қарағандының білім беру саласына және мәдени өміріне із қалдырған азамат. 1950-1960 жылдары Қарағанды, Ақмола мен Алматы облысының ауылдарындағы мектептерде мұғалімдік қызмет атқарады.

Бала кезінен халық ауыз әдебиетінің мәйегіне қанып, қара Нұраның бойындағы Жолдыкей, Қайып сияқты ақындардың өлең-жырларын жаттап өскен Қабыкен мектеп қабырғасында жүрген кезінде өлең жаза бастаған тәрізді. Институтқа түсіп, поэзияның теориясы мен сырына қаныққан шақта оның қаламынан туған шығармалар түрленіп, тақырыбы да байып, өзіне тән арна табады. Жасы қырыққа толып, азаматтық көзқарасы қалыптасқан кезде ол педагогикалық қызметті қойып, басы бүтін шығармашылық жұмыспен айналысады. Осыған дейін Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан (қазіргі «Жазушы» баспасы) «Алтын Арқа» (Өлеңдер, 1948), «Жақанның арманы» (Поэма, 1956), «Кірпі мен сұрмойнақ» (Суретті кітапша, 1958), «Көршілер» (Өлеңдер, 1960) тәрізді кітаптары жарық көрген ақын таза өлең жазуға көшкен соң өндірте жұмыс істейді. Осы кезде ол он бестен астам жыр кітабын шығарады.

Әдебиеттің босағасынан балалар ақыны болып аттаған Қабыкен Мұқышев поэ­зиялық туындылары мен пьесаларында балалардың алаңсыз балдырған шағын, бойдағы талабы мен үлкен өмірге талпынысын, оқу-білімге құштарлығын, алып ұшқан арман-қиялын жырлайды. Жиырма жылға таяу уақыт мектепте мұғалім болып қызмет жасағандықтан, балалардың мінез-құлқы мен психологиясын жақсы білді. Бұл жағдай оның балдырғандар мен жасөспірімдердің талғамынан шығатын шығармалар жазуына, балғын оқырмандар оның еңбектерін тұшына қабылдауына мүмкіндік берді. Ақынның балаларға арнап жазған өлеңдері тосын оқиғаларға, тартымды сюжеттерге құрылып, оқырманын дербес ой түюге жетелейді. Шығармалары балаларды еліктіріп, жетелеп отырады. Көлемі шап-шағын «Ораз бен Қораз», «Тауық пен жылан», «Кірпі мен сұрмойнақ», «Көршілер» тәрізді өлеңдері кейіпкердің бойында кездесетін аңқаулық пен аңғалдықты зілсіз қағытып, балаларды батылдыққа, өмір құпия­ларын білуге шақырады. «Мысық неге етіксіз» ертегісіндегі кәрі мысық іштарлығымен, қызғаншақтығымен, «Екі мысықтағы» жалқау әрі ұры тарғыл мысық баланың жиіркенішін туғызса, автор оқырманын алғыр мысық сияқты еңбекшіл, дархан, жайдары болуға шақырады. Қ.Мұқышевтің «Қылыш пен орақ» атты диалогқа құрылған шағын өлеңіне назар аударайықшы:
«Қылыш айтты:
– Мен досымын ерліктің.
Орақ айтты:
– Мен досымын ел-жұрттың.
Қылыш айтты:
– Ағызам қан ұрғанда.
Орақ айтты:
– Жегізем нан орғанға» (Мақсұт Байсейітов, Қабыкен Мұқышев. – Астана: Фолиант, 2014. 278 бет). Екі шумақ екі үлкен қаһарманды көз алдыңа елестетеді.

Ақын балабақша бөбектері мен төменгі сынып оқушыларына арнап оннан астам суретті кітапшалар шығарды. Оның «Аликтің әлегі» пьесасы мектептер сахналарында қойылып, жас көрермендердің ықыласына бөленді.

Кіндік қаны тамған жерге өлең арнамаған ақын жоқ шығар. Қабыкеннің «Туған жер» деген өлеңінен атамекеніне деген ерекше іңкәрлікті аңғарамыз:
Таң сарғайып шығыстан
Түннің сырып көрпесін,
Алтын буға көмкерді
Нұраның кең өлкесін.

Жер анасы – жерұйық,
Асан айтқан сен бе едің?
Кім жырламас, кім сүйіп,
Нұра, қандай сәнді едің?!

Қойның толған мал екен,
Суың шекер-бал екен.
Топырағың май екен,
Барлық байлық бар екен… – деп тебіренеді ақын сонда, (283 бет).

Қабыкен Мұқышев – эпикалық жанр­ға да қалам сілтеп, соңына тамаша мұра қалдырған қаламгер. Орта ғасырларда қазіргі қазақ топырағында туған ұлы ғалым Әбунасыр әл-Фараби, аты аңызға айналған қобызшы Қорқыт баба, Қарағанды көмірін ашқан қойшы бала, Байжан қарттың зейінді ұлы Аппақ, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының бірі – қорғалжындық Рахымжан Мәдин басқа да қаһармандар оның туындылары арқылы тұлғалана түсті. Ақын шығармалары поэтикалық көркемдігімен, айрықша пафосымен ерекшеленеді. Ұйқастарын одан, бұдан жиып әкеліп, «қиыннан қиыстырып» әуреге түспейді, қазақтың эпостық жырларындай төгіліп тұрады. Айталық, «Күй атасы» поэмасындағы мына жолдарға көз жүгіртейік:

…Қысқан өмір тынысын,
Аямаған ешкімді
Өзінен өзі күй күшін
Ажал солай кеш білді.

Күй сиқырлы ғаламдай
Тас жүйесін ерітті.
Байғұс енді адамдай
Күйге аңырып елітті.
Қаптап ұшқан жарыла
Болса маңы жыр құсы,
Келді ажалдың жанына
Аң біткеннің күллісі.

Тік секіріп тасынан
Мойыл көзді жас киік,
Шықты барып қасынан
Қорықпай-ақ қасқиып.

Бәрі-бәрі жиылды,
Жоқтай ажал қатері.
Бәрі-бәрі ұйыды,
Өлімнен жоқ қапері.

Қараңыздар ғажабын,
Баурады күй, баурады.
Ажал екеш ажалдың
Көзінен жас саулады. (Қазақ балалар поэмасының антологиясы. – Алматы. «Арда», 2011. 277 бет). Бұл – Қорқыттың жанын ал деген Алласының бұйрығын орындай алмаған ажал шіркіннің пұшайман күйге түскен бейнесі.

Тікелей шығармашылықпен айналысқан жылдарында ақынның «Екі мысық» (Суретті кітапша, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1963), «Мысық неге етіксіз?» (Суретті кітапша, «Жазушы», 1965), «Поэмалар» («Жазушы», 1970), «Құзар шыңдар» (Өлеңдер мен поэмалар, «Жазушы», 1972), сондай-ақ, 1971 жылы шығармаларының орыс тіліндегі аудармасы, 1972 жылы таңдамалы туындылары дербес жинақтар болып оқырман қолына тиді. Оның «Дана мен бала» (Өлеңдер мен поэмалар, «Жалын», 1978) жинағы өзі бақиға аттанғаннан кейін жарық көрді.

Ақын Қабыкен Мұқышев 1976 жылы 18 желтоқсанда Алматы қаласында қайтыс болды. Әдебиет сүйетін, соның ішінде балалар поэзиясына ден қоятын қауым 2020 жылы оның туғанына ғасыр толған мерейлі тойын атап өтті.

Қабыкен Мұқышевтің бірталай шығармасы мектеп бағдарламасына енген. Ақынның асыл мұрасы халық арасында, әсіресе туған елі мен жерінде кең көлемде насихатталса, әлі де талай ұрпақтың тәрбиесіне оңды ықпал жасап, қазақ жұртына қызмет ете беретіні күмән туғызбайды.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button