Азамат. Ғалым. Тұлға
Отандық химия-металлургия өнеркәсібі мен ғылымының биік бастауында тұрған тұғырлы тұлғалар есімі уақыт өткен сайын жаңғырып, сабақтастық салтанаты арта түседі. Әсіресе, Орталық Қазақстан өңіріндегі өндіріс пен ғылымды егіз дамыту үдерісінде үзілмей жалғасқан сабақтастық пен үндестіктің тарихи мәні зор.
Былтырғы, 2025 жылы еліміздің жұртшылығы мен зиялы қауымы 100 жылдығын қеңінен атап өткен халқымыздың бірегей тұлғасы, атақты ғалым, академик Евней Бөкетовтен қалған: «Парасаттылық, шарапаттылық, инабаттылық, кеңдік, адалдық – ғылымда істеген әрбір адамға лайықты қасиет, халқымыздың мәпелеп, бетке ұстары – әрқашан ғылым адамдары» деген ұлағатты сөз дәл осы жылдың 18 наурызында туғанына 90 жыл толған ұлы ғалым-ұстаздың адал шәкірті және өмірлік ісін жалғастырушы-ізбасары Жантөре Нұрланұлы Әбішевке арнап айтылған дерсің.

Атап айтқанда, қасиетті Құран Кәрімнің де «Ниса» сүресінің 162 аятында да: «Бұлардың ішіндегі ғылымға бойлағандарға зор сыйлық береміз» делінген жоқ па?! Сондықтан, өзін Ғалым және Тұлға ретінде танытқан Жантөре ағамыздың аруағын ұлықтауды мен де жөн көріп отырмын. Жакең ағамыздың ата-тегі және өзінің туған жері – қасиетті Нұра өңірі.
Нұрлы Нұра – қашаннан ерекше ықыласқа лайық, тарихымызға қосқан үлесі зор, тағдырдан алған тағылымы мол жоралы жұрт, жарастықты мекен.
Туған жер – ел мен жердің бағына туған тұғырлы тұлғаларымен ерекше мәртебелі. Осы орайда да Нұра елі халқымыздың талай-талай тамаша дарындарын түлеткен текті топырақ.
Ендеше, Нұра топырағында туып, қазақ ғылымының жарық жұлдызындай жарқыраған Жантөре Нұрланұлының шыққан тегі, өскен ортасы, ресми өмірдерегі, оның ұрпақтары туралы дерек келтіріп, сыр шерте кеткеннің артықтығы жоқ деп ойлаймын.
Жантөре Нұрланұлы – Орта жүздің өрені. Ол кісінің шыққан тегін шежіре тармағы бойынша тарқатар болсақ, Жанарыстан – Жантөреге дейінгі ұрпақ сабақтастығы төмендегідей таратылады:
Жанарыс (Орта жүз) – Арғын – Қаратай – Марал – Қарақожа – Шора – Қодан – Қартабай – Дайырқожа (Ақжол) – Таңжарық – Бектібай – Мейрамсопы – Қуандық – Қарпық – Көзей – Тоқа. Яғни, Жантөре Нұрланұлы Арғынның Тоқа бұтағынан тарайды.
Тоқадан – бәйбішеден: Тұңқатар, Бесім, тоқалдан: Тоқтауыл, Сары, Молқы, кіші тоқалдан (қалмақ қызынан): Құлымбет.
Құлымбеттен – Райымберлі, Тәттіқадам, Бапай, Сырлыбай, Сырымбет, Бөгенбай, Төлен.
Бапайдан – Ердес, Медет, Ақтен.
Ердестен – Ескене, Едіге, Құлыншақ, Тобышақ.
Едігеден – Лау мырза (Әбдірахман).
Лау мырза ірі бай болмаған. Орта шаруа, мың жылқыдан артық бітпеген. Жылқы артылса, не жау алады, не жұтқа ұшырайды. Сондай аз ғана дәулетпен өзінен ірі байлардан озып, халыққа мырзалығымен беделі асқан. Жаяуға ат берді, нашарға тамақ берді, халыққа қолындағысын аямады, елге қамқоршы болған. Сондықтан, халық оны сыйлап, «Лау мырза» деп, атаған.
Лаудан – Жанпейіс, Жолтабар, Малтабар, Бәйкен.
Жанпейістен – Әбіш.
Әбіштен – Хасен, Мейрам, Сейіл, Нұрлан.
Нұрланнан – Жантөре, Жамбыл, Аттар, Қамзе, (Бағдат, Әсіма).
Жантөреден – Жандос, (Сәуле).
Жандостан – Алтынай.
Әбішев Жантөре Нұрланұлы (1936-1999 ж.ж) Қарағанды облысы, Нұра ауданында туған, металлург-ғалым, техника ғылымдарының докторы (1982), профессор (1982), Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (1983), ал 2003 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының академигі атағы берілді.
1957 жылы Алматыда Қазақ кен-металлургия институтын (қазіргі Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген. Көп жылдар Қарағандыда Химия-металлургия институтында қызмет еткен. 1967-1972 жылдары сол институт директорының орынбасары, кейін директоры болған. 1984 жылы Қазақ КСР ҒА Президиумының мүшесі болып сайланды. 300-ден астам ғылыми еңбектердің авторы, оның ішінде, 40-тан астам авторлық куәліктері бар. Негізгі ғылыми еңбектері полиметалл шикізатты кешенді ұқсатудың теориялық және технологиялық негіздерін жасау проблемаларына арналған. «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған. Ақырғы күндеріне дейін Алматыда Қазақстан Республикасы минералдық шикізаттарды кешенді өңдеу Ұлттық орталығының бас директоры болды. «Қазақстан Республикасының Құрметті өнертапқышы» атағының иегері. Бұл кісі жөнінде «Қарағанды. Қарағанды облысы» (1986, 2006 ж.ж) энциклопедияларында мәлімет берілген. 2001 жылдың желтоқсанында ҚР Үкіметінің қаулысымен: 1983-2000 жылдардағы «Әлемдік деңгейге сай өнімдері: Ферросиликоалюминий (әлемде алғаш рет) мен таза сортты күкірт қышқылын шығаратын техногендік шикізатты өңдеу жөніндегі технологияларды әзірлеу мен өндіруді ұйымдастыру» жұмыстары циклы үшін Жантөре Әбішевке (қайтыс болғаннан кейін) және Қарағанды Химия-металлургия институтының тағы 6 ғалымына Ғылым, техника және білім беру саласындағы Мемлекеттік сыйлығы берілген.
Жандос Жантөреұлы Әбішев (1964 ж.т.) 1987 жылы Мәскеу болат және қорытпалар институтын металлургиялық процестерді физика-химиялық зерттеу мамандығы бойынша, 1990 жылы «Механобр» Санкт-Петербург Бүкілодақтық институтының аспирантурасын «Пайдалы қазбаларды байыту» бағыты бойынша бітірген. 1993 жылы Біріккен Вена институтын Халықаралық экономика мамандығы бойынша тәмамдады. «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ, «Қазгеология» Ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ, «Біріккен химиялық компания» ЖШС директорлар кеңестерінің мүшесі. Астана қаласы шахмат федерациясының бірінші вице-президенті.
Міне, Жантөре Нұрланұлының ата-тегі мен ұрпақтары жөніндегі қысқаша деректер осылай сыр шертеді.
Жантөре Нұрланұлының ғалым және тұлға ретінде қалыптасуы да Қазақстан ғылымының ең шарықтап, дамыған кезеңі өткен ғасырдың 50-ші жылдарының соңғы кезінде басталған еді.
Ғылыми жолын да алдымен Қарағанды ғылыми-зерттеу көмір институтының байыту бөлімінде, ал, кейін Сарыарқада 1958 жылы ашылған тұңғыш академиялық ғылымының қасиетті шаңырағы – Химия-металлургия институтында кіші ғылыми қызметкер лауазымынан бастады.
«Болат қайнауда, батыр майданда шынығады», – деген де қанатты сөз бар халқымызда. Жантөре ағамыздың ғылымдағы шыңдалуына өзі 1957 жылы бітірген Қазақ тау-кен металлургия институтынан бастап, ұстаздары болып келген аса көрнекті ғалымдар – Қазақстан Республикасының Ғылым академиясының академиктері В.Д.Пономарев пен Е.А.Бөкетовтің, Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі В.И.Ревнивцевтің тікелей әсер еткені де даусыз шындыққа жатады.
Осы ғылым ордасында 1959 жылы басталған оның еңбек жолы 1992 жылға дейін жалғасты және 1972 жылы ұстазы Е.А.Бөкетов жаңадан ашылған Қарағанды университетіне ректор болып тағайындалуына байланысты директор лауазымына дейін жоғарылады. Әрине, осындай ірі ғылым ордасын 20 жылдан аса басқарып, дұрыс ғылыми бағытта ұстап отыру да кез келгеннің қолынан келе бермейтіні де айдан анық іс қой. Осы жылдары институт ғылыми ізденістері мен металлургия және байыту салалары бойынша көптеген өнертабыстарды өндіріске енгізу бойынша да елеулі табыстарға жетті. Ғылым кандидаттары мен докторлары сияқты жоғары білікті ғылыми кадрлар мен мамандардың да саны күрт өсті. Институт іргеленді және тұғырланды.
Осы жағы ескерілген болуы керек, ол 1983 жылы еліміздің Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланса, ал келесі 1984 жылы Ғылым академиясының Орталық Қазақстан бөлімшесінің Академик-хатшысы болып тағайындалды. Академияның еліміздегі бірінші аймақтық бөлімшесінің ашылуына индустриясы ерекше өркендеген Орталық Қазақстанда ірі өнеркәсіптік, энергетикалық және химия-технологиялық әлеуетінің болуы ғана емес, сонымен қатар өңірімізде ірі ғалым-академиктер Ә.Сағынов, Е.Бөкетов, З.Молдахметов, Ж.Әбішев, М.Жұрынов, А.Ғазалиев, Ғ.Құлқыбаев, М.Әлиакпаров сияқты тұғырлы тұлғалардың болуы да әсер етті. Осы алдыңғы толқын аға ғалымдарымыздың бірі, бірі емес бірегейі Жантөре ағамызды бәрінен ерекшелендіріп тұратын айрықша қасиетінің сыры, оның принципшіл болса да, қарапайымдылығы, іскер болса да ұстамдылығы, басшы болса да аса зиялылығы, кішілігі мен кісілігінде еді. Халқымыздың даналық сөздерінің бірінде: «Кішіпейілділік – кішілік емес, кісілік» делінсе, ал, ұлтымыздың көшбасшысы Әлихан Бөкейханов: «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден», – демеп пе еді?!
Міне, осындай «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қағиданы өзінің өмірлік ұстанымы ретінде қабылдаған Жантөре ағамыздың ғылыми ауқымы да аса кең болатын. Оның өз шәкірттерімен бірлесе атқарған жұмыстары Қазақстанда минералдық және техногендік шикізаттарды кешенді түрде өңдеудің теориялық және технологиялық негіздерін қалыптастыруға және сонымен қатар тау-кен металлургиялық өндірістерінің қалдықты аз шығаратын толық материалдық циклін жасау бағытының қалыптасуына айырықша әсер етті.
Осының нәтижесінде, еліміздің ғылымы мен экономикасы үшін аса қажетті жаңа бағыт – баланстан тыс, пайдалы компоненті аз және қиын байытылатын кендер мен өндіріс қалдықтарын химиялық байыту саласы қарқынды дами бастады. Осыған орай, Жантөре ағамыз да 1993 жылы еліміздің тау-кен жұмыстарын, пайдалы қазбаларды байыту, қара және түсті металлургияны дамытудың негізгі мекемесі болып табылатын Қазақстан Республикасының минералды шикізаттарын кешенді өңдеу бойынша құрылған Ұлттық орталықтың алғашқы Бас директоры болып бекітілді.
Жантөре ағамыз негізін қалаған, табалдырығын бекітіп және шаңырағын биіктеткен осы Орталық бүгіндері ел экономикасын дамытуға сүбелі үлесін лайықты түрде қосып келеді.
«Азамат – аяғын туған жерге, арқасын – туған елге тірейді» дегендей, Жантөре ағамыз Ғылым академиясының Орталық Қазақстан бөлімшесінің академик-хатшысы қызметін атқарған жылдары да Сарыарқа ғылымы өз ауқымын кеңінен жайды. 1983 жылдан бастап, өңіріміздегі көптеген академиялық институттардың «Альма-матері» (түпкі Анасы) – Химия-металлургия институтының базасында Органикалық синтез және көмір химиясы институты, Жер қойнауын кешенді игеру мәселелері институты және Аймақтық даму институттары құрылды. Ал, осындай заңдылықты дамудың жалғасы ретінде кейінірек Гигиена және кәсіби аурулар институты, Қолданбалы математика институты және «Фитохимия» институты құрылды. Осы ғылым орталықтарының нақты қажеттілігін және соған сәйкес ғылыми бағыттарын қалыптастыруға Жантөре ағамыз ерекше еңбек сіңірді.
Аты аталған ғылыми орталықтардың бірі, 1995 жылы ашылған «Фитохимия» институты жөнінде аздаған мағлұмат бере кетуді де жөн көріп отырмын. 1977 жылы сол кезде Мәскеуден Бүкілодақтық дәрілік өсімдіктер институтында жаңа ғана кандидаттык диссертациясын қорғап келген жас ғалым Марат Мұхаметжановтың «Гербицидтер химиясы» аталатын зертханасында үлкен ғылымдағы мүдделеріміз ортақ және арманшыл 4-5 жас қызметкер топтасқан болатынбыз. Кейінірек сол кездегі институт директоры Жантөре Нұрланұлының ақыл-кеңесінің арқасында зертхана аты «Табиғи қосылыстар химиясы» болып жаңа есіміне ауысып, нәтижесінде ғылыми ауқымы да барынша кеңейе түскен еді. Осы жағдай бізге болжамды болашақта өз қанатымызды кеңінен ашуға да жол берген еді. Марат Нығметжанұлы дүниеден ерте – бар-жоғы 40 жасында озған өте қиын кезде зертханамыздың жабылып, ал, ғылыми бағыты мүлде тоқталып қалу қаупі туындады. Міне, осындай аумалы-төкпелі кезеңде Жантөре ағамыз институт басшысы ретінде жаңа қалыптасып келе жатқан ұжымды сақтап қалуға көп күш-жігерін жұмсады. Ол кісі осы кезде сол кезең үшін бірден-бір дұрыс болып табылған стратегиялық шешім қабылдады. Өзінің ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары, химия ғылымдарының докторы, профессор Альфред Давыдович Кагарлицкийді зертхананың уақытша ғылыми жетекшісі қылып бекітті. 1982 жылы мен кандидаттық диссертациямды қорғап келгеннен кейін мені алдымен ғылыми кеңесте аға ғылыми қызметкер лауазымына бекітіп, біраз уақыт өткен соң, тағы да ғылыми кеңес шешімімен зертхана меңгерушісі қылып сайлады.
Сондықтан, осы зертхананың кейінірек ғылыми әлеуеті мен өндірісі қатар дамыған ірі ғылыми орталыққа айналуына да жол ашуы, бағыт беруі Жантөре ағамыздың ғылымдағы көрегенділігінің де белгісі еді.
Міне осындай шағын көріністің өзі ғана оның адамдарға, қарамағындағы институт қызметкерлеріне, әсіресе, жас ғалымдарға үнемі қамқоршы болып: «Жанамын» дегендеріне от беріп, «Шабамын» дегендеріне ат беріп жүретінін көрсететін.
Әңгімені осы «ат беруден» де өрбітуге болар еді. Сол кезде институтта «ГАЗ-52» жүк көлігі, «КАВЗ» автобусы сияқты автотранспорт құралдары болатын. Осы жүк көлігін Жантөре ағамыз зертхана жұмысына қажеттілік туған кездерде бізден ешқашан аямаушы еді. Соның арқасында осы жүк көлігін пайдаланып, жаз бойы Шығыс Қазақстан, Алтай тауларынан бастап, Жоңғар Алатауына дейінгі аралықты аралап, дәрілік өсімдік шикізатын жинайтынбыз.
Ал, «КАВЗ» автобусының оқиғасы тіптен қызық. Целиноград облысының Шортанды елдімекенінде орналасқан және сол кездері тікелей Мәскеуден жабдықталатын А.И. Бараев атындағы Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу егін шаруашылығы институтына жиі іссапарлармен барып жүріп, осы ғылыми орталықта біздер үшін аса тапшы мүлік болатын химиялық құрал-жабдықтар қоймаларда бос тұрғанын байқап қалғаным бар еді. Осыны Жантөре ағамызға айтқан кезде, ол кісі менің ойымды бірден құптап, Шортандыдағы институт басшысына хат жолдап, қасыма ақылшы аға ретінде Альфред Давыдовичті қосып беріп, екеумізді сол «КАВЗ» автобусымен «аса қажетті» іссапарға шығарып салған еді.
Қысқы аяз бен боран қатар араласқан сол сапардан автобусты лық толтырып, қазақша айтқанда «қоржынымыз толып» қайтқанда, Жантөре ағамыздың да шын жүректен қатты қуанғаны бар еді. Сол құрал-жабдықтардың қызығын біздің зертхана ғана емес, бүкіл Химия-металлургия институты көрген болатын. Міне, мен көрсетіп өткен осы екі көріністің өзі, Жакең ағамыздың жан-жағына шашып жүретін шапағаты мен жақсылығының кішкентай ғана белгісі болатын.
Ағамыздың ғылыми жетекшілігімен бірқатар шәкірті кандидаттық және докторлық диссертация қорғады. Жеке өзі және шәкірттерімен бірлесе жүргізген зерттеулерінің нәтижелері 300-ден астам ғылыми жұмыстар және 8 монографиясы жарық көрді. Өнеркәсіптік сынақтардан өткен технологиялары 76 авторлық куәліктер мен 29 шет ел патенттерімен қорғалды, ал, 1994 жылы ағамызға «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» құрметті атағы да берілді.
Еселенген еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Атқарған ғылыми, ғылыми-ұйымдастырушылық және қоғамдық жұмыстары үшін бірқатар алғыстармен, мақтау грамоталарымен, оның ішінде Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің грамотасы да бар және «Еңбек ардагері» медалімен (1985 ж.), «Құрмет белгісі» орденімен (1986 ж.) марапатталды.
Өкінішке қарай: «Өтпейтін өмір жоқ, сынбайтын темір жоқ» дегендей, өзінің ғылыми және ғылыми-ұйымдастырушылық өмір жолының ең бір жеміс берер шағында 1999 жылдың 23 қыркүйегінде Жантөре ағамыз арамыздан оқыс кетіп қалып, бақилық жолын жалғастырды.
«Өткір кездік қын түбінде жатпайды» демекші, ағамыздың еліміздің металлургиялық және химия ғылымдары мен өндірісінің дамуына қосқан ғылыми үлесі де жоғары бағаланды. 2001 жылы Ж.Әбішев (қайтыс болғаннан кейін) бастаған, құрамында белгілі ғалымдар Ә.Жәрменов, А.Терлікбаева, С.Байсанов, М.Толымбеков, С.Дүйсембаева, Б.Хасен бар ғылыми-шығармашылық ұжым Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды.
«Жақсы адам өмірге табындыру үшін келеді, өлген соң сағындыру үшін келеді» дегендей, өмірдің өз шындығы да адал бағаланып, 2000 жылдың 20 қазанында Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің Қаулысымен өзі 20 жылдан астам басшылықта болып, 45 жылдай қызмет жасаған Химия-металлургия институтына ағамыздың есімі берілді. Кейін осы ұлағатты іс тағы да жалғасын тауып, 2016 жылы Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданының жаңа көшелерінің бірі академик Жантөре Әбішев есімімен аталды.
Бүгіндері де асыл ағамыз – Жантөре Нұрланұлы Әбішевтің халқымызға, еліміздің экономикасына сіңірген еселі еңбегі ұмытылған емес. Ал, ол кісінің ғылыми болжамдары мен толғамдары шәкірттерінің ғылыми жұмыстары мен өндіріске енгізілген технологиялық шешімдерінде әрі қарай жалғасуда.
Серғазы ӘДЕКЕНОВ,
«Фитохимия» ғылыми- өндірістік орталығы басқарма төрағасы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
Ұлттық ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор
№46



