Азамат
Президент сыйлығының иегері, публицист,
қаламгер Мағауия Сембайдың туғанына – 70 жыл
Адамның өмір сүруінің мәні – артыңа із қалдыру. Оған үлкен жүрек, кең пейіл, асқақ ақыл керек. Жеке бастың емес, ұлттың, елдің, мемлекеттің қамын ойлаған адам ғана тарих сахнасынан, ел жүрегінен орын алады. Біздің Мағауия Сембай досымыздан сөз де, із де қалды.

Мағауия Сембай ел алдындағы перзенттік парызын толығымен өтеп кетті деп есептеймін. 22 жыл редакторлық қызметінде газеттің құты болды. Мұзафар Әлімбаевтің «жақсы редактор басылымның құты, жаман редактор жұты» дегені Мәкеңді ойлағанда еске түседі. Қоғамдық-саяси басылым десе де, газеттің жетілу жылдары елдің көз алдында. Өзі алдын көрген ұстаздары Рамазан Сағымбек, Нұрмахан Оразбек ағалары салып кеткен сара жолдан айныған жоқ. Заманында қазақ журналистикасында атақты Шерхан Мұртаза мектебін қалыптастырса, тура сол үрдісті Мәкең Арқада жаңғыртты.
1997 жылы елден (Қарқаралы) Қарағандыға қоныс аударарымда оған дейін аралас-құралас болып жүретін Мәкең менің отбасымды өзі көшіріп әкелді. Мектепте директорлық қызметте жүргенімде маған күтпеген ұсыныс жасады. «Ерғазы, сен университетте оқытушы болдың, мектепте ұстаздықтан бастап, директорлыққа көтерілдің, қаншама шәкірт тәрбиеледің. Енді газетке ауысып, шығармашылыққа ден қойсаң қайтеді? Бірге еңбек етейік» деді. Мен осы ұсынысын бірден қабыл алдым. Қазір «Орталық Қазақстан» газетінде Мәкеңмен қызмет еткен жылдарымды құрметпен еске аламын. Редакцияға Мағаш досымның арқасында келіп, тарихи мақалалар жаздым. Және жазған материалдарымды жинақтап, кітап қылып бастырдым. Әлі де мақалалар жазып келемін. Мұңың бәріне себепкер – Мағауия Сембай. «Жақсы дос – тыныс» деген осы деп білем.
Ең бір асыл қасиеті туған жері мен елін қатты сүйді. Қарқаралысын өте жақсы көрді. Бір күні маған түн ішінде қоңырау шалып, туған жерін сағынып жүргенде түсіне кіргенін айтып, «Дәл қазір барам, елге барайық» – деді. Келістім. Таң қылаңмен Қарқаралыдағы өзі оқыған №5 мектеп алдына тоқтап: «Бүгінде мен қолыма қалам ұстап журналист болып, азды-көпті азамат атым шығып жатса, осы мектеп, мұнда маған сабақ берген ұстаздарымның арқасы. Мен осы мектепке өмірбақи қарыздармын, есімнен бір шыққан емес», – деп басын иді. Таңғы сағат 6, көшеде жан баласы жоқ. Жарықтықтың жүзі алабұртып тұр еді сонда. Мен болып-толып деген асып-тасқандық жоқ, баладай бал-бұл жанды әлпеті.
– Енді қайда барамыз? – деп қоям мен.
– Мектептің артында бұлақ бар, сонда!
Білім ошағынан әрідегі бұлақтан қанып су ішті де, беті-қолын шайып, көгалға шалқасынан сұлай кетті.
– Ереке, кіндік қанымыз тамған Қарқаралының қасиетіне жетіп жүрміз бе, жоқ па, білмеймін. Оны халық бағалар. Бірақ, туған жерге тең келер қадір-қасиет жоқ қой жер бетінде!
Көңілі қандай кең болса, шығармашылығы да толассыз жойқын еді ғой. Жасы елуден асқанда тіптен толысып, кемеліне келді деп білем. Мұхтар Мағауинмен сыр-сұхбатын тақырыпқа алған «Алаштың алдаспаны» кітабы, «Құбылыс», «Жерұйығы», оймақтай болса да, ордалы ойлардың жиынтығы «Ой-тамызық» жинағы, қай-қайсы болса да, оқырманын табатын болашақтың дүниелері дер едім. Маған, әсіресе, философиялық ойларға құрылған «Ой-тамызығы» қатты ұнайды. Батыр Тоқтар ағасының мерейтойына арнап шығарған «Наркескен» жинағы қалай сауатты құрастырылған?! Оның қадір тұтқан екі тұлғасы: Мұхтар мен Тоқтар. Бірі – алдаспан, бірі – наркескен! Бұл айдарды екі тұлғаға таңған Мәкеңнің өзі және олар жайлы жазбалары да тақырыпқа сай қылып тұрғанын жалғыз мен емес, қалың оқырман қауым білсе керек.
Сондығынан шығар, кісі баласын көңілі құлар, иіні түсе бермейтін ғұлама Мағауин Мәкеңді қатты жақсы көрді. Тіпті, бауыры ретінде ардақтап өтті. Тығыз қарым-қатынаста, шығармашылық байланыста болды. Мұхаң 70-ке толғанда Мағаш сый-сияпатын алып, Алматыға ағасын құттықтауға барады ғой. Алдын ала қоңырау шалып, «аға, мен сіздің үйді бетке алдым» деп бір ауыз сөз хабарлай салыпты. Сөйтіп есік алдына жетсе, ұлы Мұхаңның өзі ауладағы көп адам арасында бауырын тағатсыздана күтіп, «Мағаш, қайдасың?» деп дауыстап жүрген көрінеді. Ал, Мағауин мұндай құрметпен қарсы алған кісі кемде-кем.
Негізі, Мұхаң мен Мағау деген өз алдына бөлек соқталы тақырып. Бұның бір дәлелі, Мұхтар аға Қарқаралының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында Мағаудың шақыртуымен Қарағандыға үйіне қонақтап келді. Мұхаң аунап-қунап, Қарқаралыны аралап, күндердің күні еліне – Семейге шығарып салып тұрғанда бұрылып, Мейрашқа қарата: «Шырағым, мына Мағашты Құдай сенің бағыңа берген. Азаматыңды ардақтай біл, сағын сындырма, қадіріне жет», – деп Мейраштың маңдайынан сүйген екен. Бұл жақтан жазушыны Мәкеңмен бірге Серік Ақсұңқарұлы мен Базарбай Әлеухан үшеуі еліне жеткізіп салса, ол кісі бауырларына Абай топырағын аралатып, тай сойып күткені күні бүгінге аңыз болып қалды.
Ерғазы Қадашұлы