Жаңалықтар

Қазақ жыры – Испанияда

     Қазақстандағы әдеби орта гу-гу етеді. Ақындардың арасындағы сөз – тұңғыш рет Испан тіліне аударылған қазақ поэзиясы антологиясының қалай шыққаны жөнінде. Аталған антологияның тұсауы жақында Испанияның астанасы Мадрид қаласында кесілді. Абайдан басталатын қазақ ақындарының Испан тіліндегі антологиясына Қарағандыдағы атайы ақын Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ және жас ақын Қуаныш МЕДЕУБАЕВ енгенін сүйіншілегіміз келіп отыр.

Алаш әдебиетіндегі бұл құбылыс Қа­зақстан мен Испания арасындағы дипло­матиялық қарым-қатынас орнағанының 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Антологияға қазақ поэзиясындағы таңдаулы ақындар тізімін ұсынып, құрастырушы ақ­ындар – Дәурен Берікқажыұлы мен Танагөз Толқынқызы. Шығармалардың Испан тіліне аударылуына да, шараға Қазақстанның Ис­паниядағы елшілігінің назарын бұруға дәнекер болушы да – осы екі ақын.

Испанияның астанасы Мадрид қала­сында өткен тұсаукесер рәсіміне Испан “Пен” клубының бас хатшысы, Неополитан және Малларме Париж академиясының корреспондент-мүшесі, Еуропа ақындары фестивалінің негізгі құрылтайшысы, аталған антологияның әдеби аудармасын жасаған Хусто Хорхе Падронның өзі қатысыпты. Хусто Хорхе Падрон Испан тілі Король академиясының «Фастенрат» сыйлығын Фе­дерико Гарсиа Лоркадан кейін алған та­рихтағы екінші ақын.

Бұл – әлемде таралымы жөнінде төртінші орын алатын испан тіліндегі тұңғыш қазақ поэзиясының антологиясы. Сондықтан бұл күн – қазақ әдебиетінің тарихында алтын әріптермен жазылады. Себебі, бұл тілде жарты әлем сөйлейді. Қазақ поэзиясы 550 млн. халыққа жол тартты. Ол өзге кең тараған тілдерге жол ашты. Мысалы, француз, ағылшын тілдеріне қазақ поэзиясы осы испан тіліндегі нұсқасы арқылы аударылуы мүмкін.

Испанияның Қазақстандағы елшісі Бақыт Дүйсенбаевқа алғысым шексіз. Ол жобаның жүзеге асуы үшін Испанияның Қазақстанда жұмыс істейтін компанияларынан демеуші таба білді. Хусто Хорхе Падрон қазақ поэзиясына терең талдау жасады. Абай мен Міржақыпты, Қасымның өлеңдерін испан тілінде ерекше шабытпен оқыды. Әсіресе, ол Міржақыптың өлеңін испан тілінде арқаланып оқығанда, менің көзіме жас келді. Қазақ ұлты үшін жанын пида еткен Алаш арысының аруағы бір аунап түскен болар, – дейді Танагөз Толқынқызы.

1500 данамен шыққан антологияға Абай­дан бастап Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Серік Ақсұңқарұлы, Күләш Ахметова, Аққұштап Бақтыгереевамен қатар, Жанат Әскербек, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Әнуар Бимағамбет, Қуаныш Медеубаев сияқты жас ақындардың да жырлары топтастырылыпты.

Каса де Лектор” жазушылар сарайында өтетін тұсаукесер рәсімінде антологияға енген Оңайгүл Тұржанова, Алмас Ахметбекұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Танакөз Толқынқызы, Дәурен Берікқажыұлы, Сағыныш Намазшамева, Жанар Әбсадық, Анар Шамшадинова, Бақытгүл Бабаш, Жанар Айлашева өлеңдерін қазақ және испан тілдерінде оқыпты. Қазақ поэзиясына шолу жасаған Падрон: «Мені қатты қайран қалдырған жағдай – қазақтың жас ақындарының қаламы қарымды екен. Мысалы, Қуаныш Медеубаев деген ақын бар екен. Оның «Қара жәшік» деген өлеңі қандай керемет. Бақытгүл Бабаш та, Анар Шамшадинова да жақсы жазады. Дәулеткерей де ғажап ақын екен. Өлеңдеріне ғашық болдым. Болашақта оның поэзиясын бақылап отыратын боламын» десе керек.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button