Бас тақырып

Қазақ жылқысы Еуропаға жол тартты

Орталық Қазақстанға тән археологиялық деректер –  ежелгі қола дәуіріне апаратын ең үлкен мүмкіндік. Осы орайда  Қостанай облысындағы Кент және Лисаков қорымдарынан табылған жылқы сүйектері Ұлыбританияға жіберілмек. Танымал британ археозоологы Алан Аутрамның қазіргі Қазақстан аумағында жылқыны қолға үйрету тарихына қатысты іргелі зерттеу жүргізуіне қажетті археологиялық материалдарды Сарыарқа археологиялық институтының мамандары ұсынбақ.

Біздің археологтар Алан Аутраммен бұған дейін де бірлесе жұмыс істеген. Мамандарымыз Эксетер университетінде болып, тәжірибе алмасқан. Профессордың біздің институтты таңдауы кездейсоқ емес — біздегі артефактілер мен деректер Орталық Қазақстандағы қола дәуіріне қатысты ең маңызды ғылыми база саналады. Осы жолы Ұлыбританияға жылқы сүйектері жіберіледі, — деді Сарыарқа археологиялық институтының директоры Алексей Кукушкин. 

Айта кеткен жөн, Алан Аутрам – жануарлардың ежелгі сүйек қалдықтарын, сондай-ақ әртүрлі тарихи кезеңдердегі адам мен жануар арасындағы қарым-қатынасты зерттеумен айналысатын ғалым. Сүйек қалдықтарын Эксетер университетінің заманауи зертханасында зерттеп, осы бағыттағы деректерді Қазақстан аумағында жүргізілген археологиялық қазбалар негізінде зерделемек.

Суреттер Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың баспасөз қызметінен

Алан Аутрам  алдағы уақытта Сарыарқа археологиялық институтымен әріптестік орнатуға ниетті. Зерттеу нәтижесінде халықаралық ғылыми қауымдастықта мойындалған беделді журналдардың бірінде бірлескен мақала жарияланбақ. Қарағандылық археологтар жылқы сүйектерінің қай жерде және қандай жағдайларда табылғанын сипаттайды.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button