Жаңалықтар

Қарағандылық жігіт Нұра өзеніне батқан көліктегі адамдарды құтқарып, ерлік жасады

Кеше Бұқар жырау ауданына қарасты Ғ.Мұстафин кентінде мұз үстімен өтпек болған 2 көліктің суға батып кеткенін жазған едік. Көлік ішінде бірнеше адам болған. Қақаған қыста суға батқан адамдарды Оразалы есімді жігіт құтқарып қалды. Қаһарман Оразалының көзсіз ерлігі туралы журналист Нұрлыхан Қалқаман өзінің  Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Ortalyq.kz тілшісі. 
“Мына жігіт бүгін көптің қолынан келмейтін ерлік жасады. Ызғары бет қаратпайтын қақаған аязда мұздай суға үш рет сүңгіп, бірнеше адамды тура келген ажалдан арашалап қалған. Оқиға былай болған ғой, таңертең бір топ адам таксимен Ғ.Мұстафин ауылына қарай жолға шығады. Көлікте аяғы ауыр келіншек, бес жастағы қыз және әлі төстен шықпаған нәресте болған. Айналма жолдың сапасы тым төмен. Жұрт қыс түскенде Нұра өзенінің үстімен тура жүруді әдетке айналдырғалы қай заман. Таксидің шопыры да сол әдетке салып, мұзға шығады. Бірақ, жол ортасына келгенде мұз шытынап, көлік суға кеткен. Сол кезде алдыңғы орында отырған Оразалы Асылханов дереу қауіпсіздік белбеуін шешіп, аяғы ауыр келіншекті құтқарып қалады. Артынша қайыра суға сүңгіп, екінші келіншекті алып шығады. Кейін үшінші рет мұздай суға сүңгіп, сәби мен бес жастағы қызды жағалауға жеткізіп, есінен танып қалған қызға алғашқы көмекті де көрсеткен”, – деп жазды журналист. 
Оразалы бұған дейін жазды күні Нұра өзеніне батып бара жатқан екі қызды құтқарған көрінеді.
“Өзі әскерден қайтқалы көп бола қоймапты. Құтқару қызметіне жұмысқа тұрғысы келіп, орналаса алмай жүр екен… Осындай жігіттер баратын-ақ жер ғой, шіркін…”, – деп жазды ол. 

Басқа материалдар

Back to top button