Қазақстан 2050 МӘҢГІЛІК ЕЛ

Қазақ жігіті – ел үміті

Қарағанды қаласында алғаш рет «Қазақ жігіттері» күні аталып өтті. Аталған бастаманы «Қазақ халқының мұрасы – Мәңгілік ел» кітаптар сериясы қоғамдық жобасының белсенділері қолға алған. 2019 жылы осы жоба аясында қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттауға арналған Қазақ күнтізбесінің тұсауы кесілген еді. Күнтізбеде халқымыздың салты мен дәстүрлерін насихаттауға бағытталған барлығы 20-дан аса атаулы күн белгіленіп, насихатталып келеді.

«Қазақ жігіттері» күніне орай Әлия Молдағұлова атындағы спортқа бейімді дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының оқушыларымен арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шарада оқушылар «Қазақ жігіттері қандай болуы керек?», «Олардың ел алдындағы міндеті қандай?» деген сұрақтар төңірегінде ой толғап, пікірлесті. Өз ұсыныстары мен ойларын ашық айтып, әр салада жетістікке жеткен, үлгі тұтар ағаларына да тоқталды. «Жігіт», «Еркек», «Ер» сөздерінің мәніне үңіліп, жеке зерделеуге тырысты.

Жиын соңында оқушылар атаулы күнге орай жүрекжарды тілектерін айтып, ән әуелетіп, жырдан шашу шашты. Күмбірлете күй төгіп, өз қабілеттерін байқатты. Ал, ұйымдастырушылар шараға белсенді қатысқан болашақ ел намысын қорғайтын жас спортшылар Берік Нұржан, Әлемхан Махметов, Данияр Абдулин мен Мұхаммедияр Қуандық, Заңғар Қайыржановқа «Қазақ күнтізбесін» сыйға тартты.

Сондай-ақ, қазақ жігітінің бойынан табылуы тиіс ізгі қасиеттерді де назардан тыс қалдырмады. «Осы арқылы болашақ қазақ жігіттерінің бітім-болмысы дәстүрлі қазақ қоғамының құндылықтарына негізделіп қалыптасады деген сенім мол» – дейді олар.

Алдағы уақытта ұйымдастырушылар «Қазақ халқының мұрасы – Мәңгілік ел» кітаптар сериясы қоғамдық жобасы аясында «Ердің 50 міндеті» атты қазақ жігіттерінің ар-ождан қағидаларын жарыққа шығаруға дайындық жұмыстары жүгізіліп жатқанын тілге тиек етті. Бұл күн Қарағандыда осымен екінші жыл қатарынан аталып келеді.

Келесі жылы «Қазақ жігіттері» күнін үлкен деңгейде ұйымдастыру көзделіп отыр.

Жәлел ШАЛҚАР

Back to top button