Жаңалықтар

Қазақы тазының мазаққа айналғаны қалай?

Қарағанды еріктілері қазақы тазыны құтқарды. Шахтинск қаласы маңындағы өлексе тастайтын орындардың бірінен иттің ұлыған дыбысын естіген жолаушылар еріктілерге хабар берген. Олар онда жедел жетіп, дыбыстың 10 метр етіп қазылып, бетондалған шұңқырдың бірінен шыққанын анықтайды.

 

Ол кәдімгі жеті қазынаның бірі қазақы тазы болып шығады. Еріктілер уақыт созбай қарағандылық альпинистерге байланысқа шығып, тазыны құтқаруға кіріскен.

 – Шұңқырдың темір есігінде құлып тұруы шарт. Алайда,  ол құлыпсыз болып шықты. Үлкен шойын қақпақты 2-3 жігіт әзер аштық. Иттің онда қалай тап болғаны әзірге беймәлім. Өлексе тасталатын орынның иісі әсте жағымсыз. Оның үстіне хлорланған аумақтың буы мұрынды жарып, көз жасаурап, бас айналады. Осындай иіс пен ауызы тас жабылған шұңқырда тазының шыдап жатуы және 10 метрлік шұңқырдан құлап, аман қалғанына таңбыз, – дейді құтқарушылардың бірі.

Қазіргі таңда тазы толық тазарту мен тексерістен өтті. Десек те, арнайы чип болмағандықтан иесін табу қиындық тудырып отырса керек. Еріктілердің айтуынша, адамнан  әбден зәрезап болып қорқып қалған. Бүгінде ол Шахтинск қаласындағы «Кот и пес» атты қараусыз ит-мысықтар мекеніне жеткізілген.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button