Қазақы cән үлгісіне қалай қарайсыз?
Әр елдің салты басқа. Соған орай әр елдің ұлттық ерекшеліктері де киім үлгісінен көрініп тұрады. Дегенмен, ақпарат заманының жылдамдығына ілескен сән әлемінің күн сайын құбылуы – біздің де өмірімізге өз құзырын жүргізіп, ұлттық нақыштағы киімдерді ысырып тастауға мәжбүрледі… Осыған байланысты қазір киім кию үлгісіне келгенде, талғам да әр түрлі. Ұлттық нақыштағы киім іздей бастайтын Наурыз мерекесі қарсаңында «сіз ұлттық үлгідегі киімдер сатылымға көптеп шығарылса, киер ме едіңіз, әлде заманауи үлгіні тұтына берер ме едіңіз?» біраз адамға құлақ түрген едік. Пікірлер қаққа айрылып шыға келді.
Иә
Анар МУСИНА, С.Саттаров атындағы №57 мектеп-лицейі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
Егер ұлтымыздың бет-бейнесін көрсететін ою-өрнекті әдемі қиюластырған қазақша брендтегі тамаша киім үлгілерін жасаса, еш ойланбастан киер едім. Кез келген адам оны мақтанышпен киіп жүруден бас тартпасы анық. Ал сапа – ол ең басты критерий. Сапалы дүние жасау арқылы Қазақстан ғана емес, әлем елдері алдында өзін мойындататын тамаша киім үлгілерін біз де басқа ұлттың киім кию сәніне дендеп енгізе аламыз. Сән әлемі ұсынған киім үлгілері элементтерін қазақы ою-өрнектермен әдемі үйлестіріліп тіккен киім болса, оны киюден ешкім де қашпайтынына сенімдімін.
Парижде сән апталығын ұйымдастырып, киім киюде әмірін жер жаһанға жүргізіп отырған француздардың ұлттық киім нақыштары өмірімізге еніп кеткені соншалық, жатсынбай киеміз. Қарапайым қажеттілік санағанымызбен, киімдегі сәнде де үлкен мән бар. Сол ұлттың ерекшелігін, рухын сезіндіреді бір қарағанда. Қазақ та француздарша өзінің ұлттық брендін жасап, сол арқылы шетелдіктерге бет-бейнесін таныта алса, несі айып?!
Жоқ
Балдырған САРКЕН, «Қазмарганец» кен басқармасының баспасөз хатшысы:
Ұлттың бет-бейнесін танытатын дүниелердің болуы керек. Одан қашпаймыз, әрине. Ал, сән үлгісіне келсек, ол – басқа дүние. Әлемге танымал, өздерінің жасаған дүниелерін брендтке айналдырып үлгерген сәнгерлер, тіпті, аттары кейіннен танымал бола бастағандар қаншама. Кез келген жағдайда заңдылыққа бағынатынымыз сияқты, киім үлгісінде де соған қарай бағдар аламыз. Кристиан Диор, Коко Шанель сияқты модельерлер тынымсыз еңбектің арқасында – сән әлемінде ойып орын алды. Басқалардың оған бағынуы – заңды. Ал, киімді ұлттық брендке айналдыру қажет емес. Қазақты әлемге танытатын бай мұралары жеткілікті. Мысалы, қымызды, киіз үйді алайық. Еліміздің тұрмыс салтын, тарихымызды көрсететін нағыз бренд – осылар. Тіпті, қымызға шетелдіктер қызығушылық танытып, өз елдерінде бизнес көзіне айналдырып үлгерген. Киімге ұлттық элементтерді енгізу керек дегенге келісе алмаймын. Қазақ екенімізді дәлелдеуіміз керек деп, ұлттық элементтерді кез келген жерге жапсыра берсе, не қадірі қалады? Өзім киім таңдар алдында ең алдымен танымал сәнгерлер кеңестеріне жүгінемін. Бұл – менің ұлттық нақышты жоққа шығарғаным емес. Керісінше, біздің ел де басқалардан қалмай, уақыт көшіне еретіндігінің бір дәлелі деген ойдамын.
Салтанат ИЛЬЯШОВА