«Қазақтың жақсылығын ұмытпаймыз!»
Елдегі поляктар одағы – 1994 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында құрылған үлкен әрі алғашқы одақтың бірі. Қазіргі деректерге сүйенсе, елдегі ұлт өкілдерінің саны 35 мыңға жуықтаған. Ал, Қарағанды облысы – поляк ұлты ең көп шоғырланған аймақтың бірі. Бүгінде ұлт өкілдерінің саны үш мыңнан асып жығылады. Поляк мәдениетін насихаттап, ұлттың бірлігін нығайту мақсатында жұдырықтай жұмылған.

Қазір Қарағандыда облыстық «Полония» поляк қоғамы білім беру, мәдени-ағартушылық бағытында поляк салтын қайта жандандыру жолында еңбек етіп келеді. Қоғам екі мемлекет арасындағы көпірге айналған.
– Біздің басты мақсат – поляк ұлтының тілін, салт-дәстүрін ұрпақтарымыздың бойына сіңіру. Жасыратыны жоқ, қазақ елінде өмір сүріп жатқанымызға шын бақыттымыз. Себебі, бізге мүмкіндік беріп, қолдау көрсетіп отырған – қазақ елі. Жақсылығын ешқашан ұмытпаймыз. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Польша мемлекеті арасында келісім бар. Тіл үйренгісі келгендерге тегін курс бар, – деді облыстық «Полония» поляк қоғамының басшысы Виталий Хмелевский.
Көптеген этномәдени бірлестіктер өз істерін көрсетіп-ақ келеді. Бірақ, «Полония» поляк қоғамы – керісінше. Арық сөйлеп, семіз шыққанды жөн көреді. Мәселен, жыл сайын Қазақстанның әртүрлі қалаларында заманауи поляк фильмдерін көрсететін «Висла» кинофестивалі тарихи және басқа да жанрда түсірілген үздік киноларын көрермендерге ұсынады. Одан бөлек, Қарағандыда жыл сайын Адам Мицкевич атындағы «Кресло» мәнерлеп оқу сайысы өткізіледі. Ал, байқаудан ерекше көзге түскен екі қатысушыға Польшаның Белосток қаласында өтетін халықаралық байқауға жолдама беріледі. Көкшетауда республикалық «Полония әні» фестивалі де дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Жыл сайын республика көлемінде «Қазақстанға деген менің махаббатым» тақырыбында жастар арасында байқау дәстүрі үзілген жоқ.
– Қазақстан барша этностарға тең құқық пен мүмкіндік беріп, олардың ана тілін үйренуіне, салт-дәстүрлерін сақтауға барлық жағынан қолдау көрсетіп келеді. Жалпы, адам баласы жасаған жақсылықты, көрсеткен қамқорлықты түсінбесе, онда бойында рақымшылық қасиеті жоқ деген сөз. Біздің Қазақстанға құрметіміз ерекше. Алғысымыз зор! Ұлтымыз басқа болса да, бәріміз – бір елдің азаматымыз. Бір шаңырақ астында өмір сүріп жатырмыз. Мүмкіндігіміз бен құқығымыз тең. Мұндай бейбіт өмір сүрудің өзі бір бақыт екен, – деді Виталий Альбертович.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»