Жаңалықтар

Қазақтың қос батыры – Бауыржан мен Рақымжан

Көпшілік ел арасында өткен ХХ ғасырдың орта тұсында белең алған 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының басты қаһармандары, қазақ халқының батырлары Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаевтың есімдерін «білмейді екенбіз….» – дегенді естіген емеспін.

Фотоматериалдарды дайындаған: Думан Құрманғалиев

Бірі Бауыржан болып, Ұлы Отан соғысы жылдарының басында Мәскеу қаласын жаудан қорғап қалуда аты аңызға айналса, екіншісі – Рақымжан есімді қазақ жігіті болып соғыс жылдарының соңғы нүктелерін қою ісінде – Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс Туын ең бірінші болып желбіретіп әйгіленді.

Осы арада қос батырдың «Ұлы Отан үшін болған сұрапыл соғыс жылдарының майдан даласында, бір-бірімен жолығысып қалған кездері болды ма екен?» – деген сұрақтың туындайтыны заңдылық. Бауыржан мен Рақымжан гитлерлік неміс басқыншыларына қарсы соғыс алаңында бір-бірімен ешқашан кездеспеген. Тек соғыс аяқталып, елге аман-есен оралғандарында бейбіт күндегі күйбең тіршілікте амандық-саулық білісіп, бір-бірімен ұзақ әңгіме-дүкен құрғандығын растайтын Рақымжан Қошқарбаевтың көзі тірісіндегі мына бір естелігіне көз жүгіртейік:

«Осыдан бұрынғы бір әңгімемде, мен өзім 1947 жылы әскерден босап елге келдім деп айттым ғой. Тиісті жұмысымды әстеп жүріп жаттым. Сондағы таңғалғаным, өзіміздің қалам иелері арасынан: «Орталық газеттер осы жігіт туралы 1945 жылдан бері жазып жатыр ғой. Сол оқиға қалай болды екен? Біз де білейік те….» – деп, сұраған бірде-бір жанды кездестірмедім. Сөйтіп арада он жылға жуық уақыт өтті. 1956 жылы атақты Баукең, Бауыржан Момышұлы әскердегі қызметінен босап, Алматыға келіпті деп естідім. Жұмыстан қолым тимей әне-міне деп жүріп, 1957 жылдың аяғында ғой деймін, сәлем беруге бардым. Жақсы қабылдады. Дастархан басында айтылмаған әңгіме, шертілмеген сыр қалмады. Кетерінде қайда, кімнің қарауында, нендей қызмет істейтінімді жазып алып қалды. Көп кешікпей мынадай әңгімені құлағым шалды. Өзім іздеп барған сол Баукең, аруағыңнан айналайын Бауыржан аға, Қазақстан Жазушылар одағының бір үлкен жиынына барғанда сөз алыпты да: «Бізде осындай адам бар, оны білмейсіңдер, көрмейсіңдер. Ол «тарихи адам» деп, әлдекімдерге қатты кейіпті».

Ақиқатында, қазақ ері Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккен ерлігі жайында сол кездегі он бес Республикалардың басын құраған Одақ түгілі, қазақ елі ішінде көп жылдар бойы «жабулы қазан, жабылған күйінде» ашылмай келген.

Бұл жайында өткен ғасырдың 80-ші жылдарындағы «Қазақстан коммунисті» журналының редакция басшысы Кәкімжан Қазыбаевтың бір естелігінде. «….Баукең осы сөздерді айтты да, қолыма тілдей қағазды ұстатты. Онда: «Рақымжан. Рейхстаг Қаһарманы! Страшно…. Соғыс біткелі 13 жыл. Ешкім іздемеген. Ахметжан Қойшығұловтың қарамағында жұмыс істейді» – деп жазылыпты. Мұны оқи сала, болашақ кейіпкерімді ал кеп іздейін. Көп кешікпей оны таптым да…. Аңқылдаған ақжарқын жігіт екен. Оңай тіл табыстық. Қайта-қайта барып бес күндей әңгімелестім. Содан жазуға отырдым» – деп жазылған.

Халық батыры Бауыржан Момышұлының араласуының нәтижесінде 1958 жылдың 21 ақпан күні «Лениншіл жас» газетінде К.Қазыбаевтың «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» деген деректі очеркі қазақстандық қалың оқырманның қолына алғаш рет тиеді.

Қаламгер К.Қазыбаевтың тағы бір естелігінде Бауыржан Момышұлы: «Сенің очеркің арқылы Рақымжанның есімін ел білді. Енді оны батырлық атаққа ұсыну керек….» – деген ұсыныс тастаған екен. Бірақ сол Бауыржан Момышұлының Рақымжан Қошқарбаевты Кеңес Одағының батыры атағына ұсыну пікірінің орындалмай қалғандығы, әрине өкінішті. Тіпті, 1980 жылғы тамызда Кеңестер Одағы елдерінің қатарындағы Қазақстан Советтік Социалистік Республикасының құрылғанына 60 жыл толу мерейтойын атап өту салтанатына Кеңестік Советтік Социалистік Республикалар Одағының Жоғарғы кеңесі Президиумының Бас хатшысы Л.И. Брежнев келіп қатысады. Сол жиында басы болып, аз ғана билік өкілдері арасындағы әңгімеде Бас хатшы Леонид Брежневке Қазақстан Советтік Социалистік Республикасы Жоғарғы Президиумының Бас хатшысы Дінмұхамед Қонаев: «Алдымен Рақымжан Қошқарбаев, содан соң Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын беру мәселелері жеткізіледі. Оған Бас хатшы Леонид Ильич: «Тарихты қайта қарап қайтеміз?» деп өте қысқа жауап берген екен. Бас хатшының осылай жауап бергені жайында Бауыржан Момышұлы туралы «Ақиқат пен аңыз» кітабының авторы Әзілхан Нұршайықовтың да мынадай жазғаны бар: «Қошқарбаевқа тиесілі болған Алтын жұлдыз мәселесі туралы хат КСРО Жоғарғы кеңесіне жолданып, хат оның төрағасы Л.И. Брежневтың қолына тигенде, ол: «Біз енді ешқашан Отан соғысы оқиғасына оралмаймыз. Ол – ескірген дүние!» – деп, жауап қайтарыпты. Басқалардың ерлігін ескерудің орнына, мынадай ойда жүрген «көсеміміздің» өзі, сол соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін, кеудесіне төрт рет Кеңес Одағының Батыры белгісі мен «Жеңіс» орденін тақты ғой. Ой, бәтуасыз бодандық десеңізші!».
Кеңестер Одағы ыдырап, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған соң ғана ерлеріміздің ерлік жасағандары жайында оң ілгерілеу байқала бастады. Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаевқа тірі кездерінде Кеңес Одағының Батыры атағын беру КСРО-ның Мәскеудегі басшылық ұйымдарға сан мәрте ұсынылғанымен, еш нәтиже болмаған.

Өткен ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының басында, яғни 1982 жылы даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы өмірден озса, соңына қарай 1988 жылы Жаңіс туын тіккен қаһарман Рақымжан Қошқарбаев мәңгілікке көз жұмып, бақилық болады. Есесіне, 90-шы жылдардың басында, яғни 1990 жылдың желтоқсан айында туғанына 80 жыл толу қарсаңында, халық батыры Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1999 жылдың мамыр айында Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағы беріледі.

Ел басына қатер төндірген 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаевтың есімдері тарих бетінде алтын әріптермен жазылып қала беретіні сөзсіз.
Ерлік жасаған ерлерімізге деген құрмет әрқашанда биік болсын!

Тілек Алшымбекұлы,
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button