Жаңалықтар

Қазақтың наны қайда?

Жақында Шымкенттегі құрбым Қарағандыға келді. «Сендердің ши бауырсақтарыңды сағындым, дәмі аузымнан әлі күнге кетер емес!» деп саңқылдап анамның пісірген дәмін еске алды. Жадыра нан сөресіне қарап, ұзақ кідірді. Бақсам, кәдімгі таба нанды іздеген екен. Екеуміз ақыры сөреден нанның бірде-бір түрін таппадық. Есесіне, Шотландияның сұлыдан жасалатын жұқа наны, Солтүстік Американың жүгері наны, француз нан өнімдерін сөреге самсатып қойған.

Этнологтар қазақ халқының нан пісірудегі үш әдісін ашып берген. Оның алғашқысы – қоламтаға көміп пісіру (ежелгі тәсіл), келесі – табаға, қазанға, тасқа жауып пісіру (көшпенділердің ежелгі тәсілі) және тоң немесе өсімдік майына қуырып пісіру. Сұйық майға қуырып пісіру ел ішінде кеңінен тараған. Оның өзі Наурыз мерекесі мен айт күндері ғана сатылады. Астық нарығында осынша әлеуетіміз бола тұра, төл брендті жарнамалауға не кедергі?

Қаланың қақ ортасындағы «Южный», Оңтүстік-Шығыс­тағы «Норма», «Корзина» секілді ірі сауда орындарынан нан табу – қиямет. Көшенің қалтарыстарындағы «Сарыарқа-нанның» дүңгіршіктерінен төл асымызды көре алмадық. Байырғы «Қарағанды – нан» комбинатының қазақ наны жоқ. Неге? Әлде, нан шығаратын ірілі-ұсақ өндіріс орындарында қазақ нанын пісірудің тәсілін білетін кәсіби маман жоқ па? Қазақ асханасына ықылас танытпай отырған кәсіпкерлердің өздері ме?

Бала кезде анамыз тоқ пешке немесе темір плитаның үстіне пісіретін тандыр нанын жеп өстік. Қызуы қолды қаритын ыстық нанның ортасын қаққа бөліп, сары май қосып, соғып алып, қас қарайғанша талғажау ететін талай ойын баласы. Дамудың даңғыл жолына түскен XXI ғасырда қазақ наны көзден бұлбұл ұшты.

Әйткенмен, технология жет­іліп, бизнес өрлеуге бет бұрған кезеңде адамзаттың ұшқыр қиялын іске асыруға шектеу жоқ.

– Мұндай бастаманы іске асыру өзімізге байланысты. Қазақ халқының нан өнімі ассортиментке бай. Атап айтсақ, тандыр нан, таба нан, қаттама нан, жұқа нан, қатырма, бауырсақ, ши бауырсақ, ақ бауырсақ, тәтті бауырсақ, бармақ бауырсақ, жалпақ бауырсақ, сапар бауырсақ, өрме бауырсақ, жайылған жалпақ нан, ләйлек, күлше, шелпек, қатталған нан, майлы шелпек, қиықша, сәлде, ораған шелпек, күлшетай, шыртпақ, құймақ, жайма құймақ, бөкпен секілді нанның алуан түрі бар. Іздеген кәсіпкерге қазақтың нан пісірудегі үздік тәсілдерін ашық ақпарат көздерінен табуға болады. Мәселен, көрші Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстанға барсаңыз, дастарқанға әуелі өз нанын қояды. Ал, біз бауырсақтан басқа не ұсынып жүрміз? – дейді ұлттық дәстүрді насихаттаушы Тұрар Ізтілеуұлы.

Ұлттық брендке ұмтылыс жасайтын наубайханашылар мен осы саладағы кәсіпкерлерге дүкен сөрелерін қазақ нанымен самсатуға ешқандай бөгет жоқ. Тек ниет керек.

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button