Қазақтың «майқапшығы» қандай мал?
«Ет дегенде бет бар ма?» деп, бұл күнде қазақ түгілі өзгелер де жылқы етін асып жегенді жақсы көреді. Бабымен асылған кер биенің сере қазысы қазанға түскеннен-ақ үй ішінің дегбірі қашып, аузының суы құрып отырады емес пе?! Ал, енді етті жегенде қара етін қағып қазысын, қартасын, шұжығы мен шимандысын саламыз ауызға. Сол ауызға салған бір май бір етті сап-сары қазы өлшемін білеміз бе? Мал семізін қазақ қалай таныған. Осы хақында талдап көрелік.

Соғым мен күздіктің кезі қазақ үшін берекелі уақ. Мал семізін таңдауда жылқы тану кез келгеннің еншісіне берілмеген бақ. Кешегі Толыбай, Күреңбай сыншылар тұлпарды тұрпатынан танығандай-ақ, арық-семізді қылаң-баранынан бағамдар небір сыншылар өтті. Қазіргі «мал танимын» дегендердің кейбірі арық-семізін білу үшін ұстап көріп жатады. Ұстағанда жалын, жаясын, қабырғаларын түртіп, сипап, басып көреді. Әрине, бұл жылқының жал жағы қатқылдау болса, жаясы мен қабырғалығы қалың болса, семіз дегенді білдіреді. Расында, семіз жылқының жалы күдірейіп, құйрығының аламай жағы ішіне кіріп шұқырайып, ал, қос жамбасының еті шодырайып шығыңқы болады. Жаясы жалпайып, ортасы жарылып, су ағар сызығы шығады. Десек те, бұл белгілер алдамшы да болуы мүмкін. Сырт көзге жаясы жалпайып тығыршықтай боп көрінген жылқы жануар сойғанда қыртысы қалың болса да, қазысы аз болуы әбден мүмкін. Мұны қазақ «қара етті» деп бөледі.
Бүгінде қазақы жылқының қан алмасуы қазыға көп әсерін тигізуде. Мысалы, ағылшын мен орыс жылқысының тұқымы қазақы жылқымен араласқанда салмағы басым болатын көрінеді. Байырғы сыншылар, мал танығыштар арық-семізін анықтау үшін жал-жаясын ұстамаған. Көзге түсер әудем жерден-ақ анықтап айтқан екен. Сонда олар жылқы семізін әрі қазы беретінін қайдан білді? Үлкендердің айтуынша, жылқының кіндік тұсы, яғни, еркек мал болса шыбығының, ұрғашы болса желінінің алды бір елі салбырап тұрады. Ол қазының майы болып есептеледі. Тап осы белгісі бар жылқы қалай сойсаң да, қазы беретіні сөзсіз көрінеді. Қазының да өлшемі бар. Әрине, сыртына қарап арық-семізін анықтаған ата-баба бірден қазы өлшемін дөп басып бағамдамаған болса керек. Десек те, шынтақ, елі, бармақ, екі елі, үш елі, сере (табан) деген қазыларды ажырата алған. Бүгінгінің көп жұрты осы бір өлшемдерді білмей, не шатастырып жаңылып жатады. Бұл өлшем адам саусақтарымен өлшенеді. Мысалы ең кішкентай саусақ шынашақ – «шынтақ қазы», сұқ саусағыңыз – «елі», бас бармақ – «бармақты», сұқ саусақ пен ортаншы саусақ – «екі елі», үш саусақ – «үш елі», төрт саусақ бірдей болса ол – «сере», яғни, «табан» қазы.
Жылқының пышаққа түсер жасы жабағы кезінен. Қазақ құлын соймаған. Жабағы – жазда туылған құлын қыс түсе, жабағы жүні шығып, ет алатын кезең. Бұл қазақша 1 жас болып есептеледі. Осы шағында оның қазысы «бармаққа» дейін жетеді. Жабағының «бармақ» беруі бұл ең семізі деген сөз. Бұл семіздік қазақша «майқапшық» деп аталады. Егер сол жабағы тайына дейін енесін емсе «екі еліден» кем түспейді. Қазының ең семізі «үш елі», «сере» қазы кейде тар ішекке сыймай қалады. Ондайда қазақ қазының майына обал жасап оны жонбай не сылмай «ақ қазы» қылған. Айналдырмаған. Айналмаған қазы майы аппақ болып «ақ қазы» аталған. Бұл алыс-жақын құрметті қонақ, ағайын, құда-құдандалдың алдына тартылған табақтан табылар ас. Көбіне «үш елі», «сере» қазыны азбан (пішілген) аттар, не ту биелер береді. Сонымен қатар, қазақ жылқының жілік майына қарап та арық-семізін анықтаған. Ертеректе бәйгеге ат жаратқан атбегілер атағаштағы жаратар аттың қасына тағы бір құр атты байлаған. Екеуін қатар жемдеп уақыты келгенде жаңағы құр атты сойып көрген. Әлгінің жілік майы ағарып толса, онда қасындағы бәйге аттың ет алғаны, яғни баптауды бастауға болады деп санаған. Ал, арыққа айтары «Жілігі татымаған» деп жеки сөйлеуі.
Арықтың да арығы бар. Жылқыға «шынтақ» – айтарлықтай қазы. «Шынтақтан» төмен «қылыш арқа» деген де бар. Бұл пышақ сыртындай көрінер көрінбес қазы. Одан төменді қазақ «қазы» деп есептемеген. Арық санаған. Кей-кейде үлкендер қонақтан келіп «сойғандары арық, көке жасық болды, ішіме жақпады» деп қанағаттанбай жатады. Міне, «көке жасық» – малдың ең арығына берілер баға. Кәрі бие, тоқтасқан айғыр не сауылған жабағы-тайдың қазысы осындай болады. Қалай десек те, негізіне, тұқымына, қалыбына қарай екен. Тұқымы майқапшық жылқының енесі құнарлы көрінеді. Жалпы жылқы қаны енеге тартады. Жүгірер жүйрік болса да, қазылы семіз болса да. Сондықтан болар, атақты сыншылардың жақсы ат көрсе «енесі қандай тұқым?» деп сұрауы.
Сары биенің саумалын сапырып ішіп, кер биенің қазысын кертіп жеген кешегі сақтың ұрпағы соғымын өзі таңдап, өзі тануы тиіс. Қазақ бола тұра, атқа міне алма, мал соя алма, ең құрығанда, аузыңа салған қазыны танысаңыз етті…
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz