Қазақтың көне «МЕНІ» мен феномені
Қарағанды бастап, мұқым қазақ Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдығын тойлағалы 4-5 айдың жүзі болды. Аллаға шүкір, ұлы баба есімін әйгілеу арқылы ұрпақ жадына тоқу мақсатындағы үлкенді-кішілі шаралар әлі де жалғасын тауып жатыр. Солардың бірегейі – 25 қазан күні Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің бас ғимаратында өткен «Ұлы қазақ ойшылы Қазыбек бидің қызметі мен шығармашылығы – қоғамдық сананы жаңғыртудағы маңызды фактор» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция. Естеріңізге сала кетсек, газетіміздің өткен санында конференция басталардан бір күн бұрын кешкілік мұнда келуші қонақтар баба шапанын тамашалағанын хабарлағанбыз.
Делбе қағар
«Сен қалмақ та, біз – қазақ,
Қарпысқалы келгенбіз.
Табысқалы келгенбіз.
Танымайтын жат елге,
Танысқалы келгенбіз.
Танысуға келмесең,
Шабысқалы келгенбіз» деп қалмақ ханы Қонтайшының қолқасын суырардай сөз айтып, хан-қараның кегін қоса қайтарған аруақты бабаның рухына мың тағзым! Ұрпақтары ұмытпағанының, ұлықтағанының бір белгісі осы халықаралық кеңес делік.
Баба рухына тағзым әуелі таңертеңгілік қаланың қақ ортасындағы ұлы бидің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Дүйім Қарағанды көшіп бармаса да, халық қарасы аз болмады. Еңселі ескерткішке гүл шоқтарын философия ғылымының докторы, профессор, академик Ғарифолла Есім мен Қазыбек би бабамыздың ұрпағы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Зарқын Тайшыбай, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішев және бабамыздың басқа да ұрпақтары мен ғалымдар қойды. Ақсақалдар алты ай жазда тойланып келе жатқан тойға құтты болсын айтып, ақ жол тіледі. Күн суық болса да, торқалы тойға тоқайласқандар қарасын көріп, көңіл өскен. Қамшы ұстаған би бабаның қаһарлы бейнесі 350 жыл өтсе де бізден биік тұр… Жермен жексен болмай, жер мен көкті әлі шолуда. Шола береді. Қанша дәуір өтсе де, Конфуциін қайталап оқи беретін қытайлар сияқты бізге де осы Қазыбек билер салып кеткен сара жолды бағыт етуден басқа мұрат қалған жоқ. Оның үстіне, мынадай жаһандық заманда. Философия сабағында студенттерге тек Конфуций ілімін сіңіре беретін қытайлықтар ақымақ емес қой. Күпінің битіндей өріп, күллі әлемге ықпалын жүргізіп отыр. Осындайда Қазақ хандығы кезінде Қытай елшілерін қабылдамай жіберген Қаздауысты бабаның сұңғыла саясаткерлігі түседі еске. Біздің мектептерде Қазыбек би мұрасын сарқып ішкен оқушы тұрмақ, ұстаз бар ма екен осы? «Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды. Анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды» дейді бабаң. Бұл сөз Қазыбек би заманындағы Қазақтың көне «Мені» болса, бидің өзі – ұлттың феномені. Осы уақытқа шейін мұндай сөз айтқан пенде баласын естімеппін. Әулие деп тегін атай ма ел?!
Перне қабар
Қазыбек би бабамыздың бір ұрпағы, күй атасы Тәттімбеттің «Көкейкестісі» саусаққа қанның тебуі арқылы тартылады дейтін Таласбек (Әсемқұлов) ғұлама. Яғни, домбыраның ішегін қолды сілкіп қалып шала бергенде, ондағы қан саусақтың басына теуіп, ішек пен пернені қоса қауып отырады екен. Алпыс екі тамырындағы қаны мен ақылынан қорытылып шыққан би бабамыздың сөз-мұрасы да сол сияқты сиқырлы һәм одан қуаттырақ, меніңше. Ондай құдіретті мұра келер ұрпақты сөнбес шамшырақтай тура жолдан адастырмаса керек. Оқушы оңай түсіну үшін зерттеп, жүйелеп ұсына алсақ, әрине. Осы мақсатта атқарылған шаруаның бірі – «Қаз дауысты Қазыбек би және оның заманы» атты монографияның таныстырылымы конференция басталмас бұрын ҚарМУ-дың бас ғимаратында өтті. Ғылыми еңбектің авторлары – тарихшылар Мақсат Алпысбес пен Темірғали Аршабеков «бұл еңбекте Қазыбек би жайындағы бұрынғы деректердің көбі жаңаша көзқарастармен жүйеленіп, бұған дейін жарияланбай келген қолжазбалармен де толықты. Мәселен, Ресей мемлекеті, Омбы қаласындағы мұрағаттық құжаттар, Балтабай Адамбаевтың Әдебиет және өнер институтына 1963-1965 жылдары қалдырған фольклорлық деректері сол қалпында берілді» дейді.
Аталған монографиядан бөлек мұнда биыл Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Қазыбек би өмірі мен шығармашылығына арнап шығарған екі томдық және баба мұралары топтастырылған басқа да көптеген еңбектермен таныстық. Бұлардың бәрі бүгінгі һәм болашақ ұрпаққа қазақ халқының болмыс-бітімі мен өмірлік мұратын сіңісті қылар рухани игіліктер деп ұқтық. Өйткені, Қаздауысты бабамыздың сөзі мен ісі бүткіл қазақтың біртұтастығының, қала берді ары қарай да бақытты ғұмыр кешуіне жөн сілтер бағдаршамы іспетті.
Елге қалар…
Сонымен, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде Қаздауысты Қазыбек биге арналған халықаралық келелі кеңесті Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов құттықтау сөзімен ашып, ары қарай өзі жүргізіп отырды. Баба мұрасын жан-жақты насихаттайтын көшелі жиынға Қазақстанның басқа қалаларын айтпағанда, бір шеті Түркия мен Ресей, Өзбекстаннан академиктер мен ғылым докторлары келіп, баяндамалар жасады. Соған орай жиылған жұрттың да қарасы қалың.
«Биыл Қарағанды облысының жұртшылығы барша Қазақ халқымен бірге Алаштың біртуар ұлы биі Қаздауысты Қазыбектің 350 жылдығына арналған іс-шаралардың куәсі болды. Бүгінгі конференция сол игі шаралардың жалғасы. Ең бастысы бұл шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Рухани жаңғыру» идеясымен үндесіп отыр. Кеше ғана мен конференция материалдарымен егжей-тегжейлі танысып шықтым. Би-шешендер институтының рөлі, Қазыбек бидің ұлттық мұрасы, оның сол замандағы және қазіргі замандағы орны осы материалдарда толық ашылған. Ол жайында бүгін жан-жақты талқыланады деп ойлаймын. Дегенмен, мен де ой бөлісе кеткенді жөн санаймын. Біріншіден, ашығын айтайық, біз билер институтын, Қазыбек би бейнесін зерттеуде ғасырдан астам уақыт жоғалтып алдық. Елбасы айтқандай, өткен ғасырларда ұлттық дамудың көнеден жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретілді. Қазыбек би мұраларын зерттеу түгілі, тек шапанын айту үшін жүз жылдан астам уақыт керек болды…
Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезовтің билер төңірегіндегі еңбектері ізім-ғайым жоғалып кетті. Ал, сол еңбектерді сақтап қалғысы келгендер аяусыз қудаланды. Тіпті, алыс, жақын шетелдерге, қытайға кетіп те сақтап қалғысы келгендер болды. Неткен жанкештілік, неткен адалдық десеңізші?! Бұл біздің естігендеріміз ғана. Білмейтіндеріміз қаншама! Қазір тәуелсіз елміз. Қандай тұлғаны қай қырынан болсын зерттеуге толық мүмкіндік бар. Сондықтан, билер институтын, Қазыбек би мұрасын зерттеу жұмыстары бір минутқа да тоқтамауы тиіс.
Екіншіден, Қазыбек би бабамыздың тұлғасын жергілікті деңгейде ғана емес, мемлекеттік деңгейде қарастыруымыз керек. Үш биді үш жаққа бөліп қарастыруға болмайды. Себебі үш би – әуелден ауызбіршіліктің, ел тұтастығының символы.
Үшінші, өткенді білмей, бұқаралық сана жаңғырмайды. Яғни, ұлттық кодты ояту арқылы ғана біз жаңа жолға түсе аламыз. Ол да осы ұлы Қазыбек бидің шешендік өнерінде тұр. «Қазыбек би мұрасы – қоғамдық сананың жаңғыртудың факторы» деп конференция тақырыбын атағанымызда, сондықтан» деп сөз бастаған облыс әкімі Ерлан Жақанұлы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиевке сөз берді. «Қазақ мемлекеттілігін құруда Қазыбек бидің қосқан үлесі ерен. Белгілі бір тарихи кезеңдерде халықтың рухани жаңаруына ықпал етті» деген Қуатжан Серікқазыұлы сөзін Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен байланыстырды.
«Хандық дәуірдің кемеңгері Қазыбек би Келдібекұлы – Қазақтың Тәуке, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандарының тұсында ел басқару ісінің төрінде болған аса ірі мемлекет қайраткері. Әз Тәуке құрған билер кеңесінің мүшесі, орта жүздің төбе биі, Жеті жарғы заңдар жинағын шығарушылардың бірі. Жеті атасынан билік арылмаған кемеңгер атамыз заманында қара қылды қақ жарған алты Алаштың ардағы аталды. Сөзі пәтуалы, аузы дуалы ақылгөй, халқының мәмілегері. Бүкіл ғұмырын елдікке арнаған бидің тарих сахнасына шыққан шағы қазақтың аузынан қақпақ, басынан тоқпақ кетпеген, қылыш қынынан, қанжар қынабынан суырылған, ат үстінде күн кешкен, аптада белін шешпеген, іргеден жоңғар, түстіктен қоқан қоқаңдаған, шығыстан Қытай, батыстан Ресей қыспаққа алған беймаза шақ еді. Осы тұстарда Қазыбек би бар күш-жігерін Қазақ хандығын нығайтуға арнады. Хандардың сенімді ақылшысы, халқының ханға бергісіз биі, ел бірлігінің емшісі болды. Ханға тіреу, қараға сүйеу болған, ханды көндіре білген, халықты сендіре білген Қазыбек биден тозбайтын тағылым, өшпейтін өнеге, байтақ мұра, аталы сөз қалды. Тек қана Арқа өңіріне ғана емес, исі қазаққа ортақ тұлға. Бір өкініштісі, Қазақтың билік жүйесін негіздеген, сөйтіп еліне тұтқа болған бабаларымызды тану ілімін әлі біз қалыптастыра алмай келеміз. Конфуцидің орталықтары тәрізді Төле, Қазыбек, Әйтеке билер ғылыми зерттеу орталықтарын, тіпті, арнайы шешендік мектебін, Абайдың ұлы қасиеттеріне баулитын даналық мектебі сияқты орындарды Астанада ашса ғой. Өйткені, қазір балалар бір-бірімен сөйлесуден қалды. Қолында телефон. Бала түгілі үлкендер де сондай. Қазір бір-бірімізбен сөйлеспейміз. Тек телефонмен. Осыдан мен уайымдай бастадым: балалар көзден қала ма, соқыр болып, шешен халық тілден қала ма, қотыр болып деп. Соған байланысты осындай мектептер ашылса деп ойлаймын», – деп Қазыбек бидің өзі болмаса да, көзіндей болып сөз саптаған Мырзатай Жолдасбеков ағамыз еді. Қыстың күні боран соғып басылғаннан кейін таң ата күн маужырап шыға келетін даладай ел ұйып қалды да, кенет кептер қанат шапалақ шүпірлеп ала жөнелді сонда.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-публицист Алдан Смайыл болса, ойын былай өрбітті:
«Билерді ерекше даңққа бөлеген – олардың шешендігі мен тапқырлығы. «Өркенім өссін десең – кекшіл болма, кесапаты тиер еліңе. Елім өссін десең – өршіл болма, өскеніңді өшірерсің. Басына іс түскен пақырға қастық қылма, қайғысы көшер басыңа. Жанашыры жоқ жарлыға тән жәрдемші бол асыға» дейді бабаң. Шешендік дегеніңіз де осы, даналық дегеніңіз де осы. Ал, енді осындай қасиет қазіргі біздерде бар ма? Шешендікке кешегі Абылай заманындағыдай ұлттық сипатта, мемлекеттік деңгейде мән беріліп отыр ма? Айта алмаймын. Бүгінгі шешендік көбінесе саяси-әлеуметтік деңгейде қиюы қашқан көп сөздің тасқынына айналып бара жатыр. Сондықтан, көп сөзде ұлттық мінез жоқ. Ал, Қазыбек бабамыз бүкіл қазақтың болмысын айқындап тұрған тұлға. Шешендігімен де, әділдігімен де туған ұлтының өзіне айналып кеткен тұлға. Меніңше, қазіргі ел тізгінін ұстап жүрген азаматтар Қаздауысты Қазыбекке ұқсап бағуы керек. Ондай азаматтар қалыптастыру үшін мәселен осы университетте Қазыбек атындағы шешендік курсын ұйымдастырса артық емес. Қаздауысты Қазыбек іргелі философ. Бір ғана сөзін алып қарайық. «Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды. Анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды». Азаттық пен тәуелсіздіктің ұраны осы емес пе? Сыртқы бодандықтан азат болудың да, ішкі бодандықтан ада болудың да кредосы бабамыздың осы екі ауыз сөзіне сыйып тұр. Халықтардың тарихындағы ұлы күрестердің мақсаты да дәл осы.
Жалпы Қаздауысты Қазыбек би туралы ойланғанда біз оны санамызда қалай жаңғыртуды көздеуіміз керек. Меніңше, жергілікті жерден шыққан тұлғалар басына жастардың рухани сенбіліктерін өткізіп тұрса. Атап айтқанда, мектеп туризмын ұйымдастырсақ. Мәселен, осы Қарағанды немесе Жезқазғанда оқып жатқан балалар Жошы мен Алаша ханның, Домбауылдың басын көрмеуі де мүмкін. Кітаптан оқиды, бірақ, дәл іргесінде тұрған мазарға бармайды. Осы жерден Қазыбек бидің де, Бұқар жыраудың да өмір сүрген ортасы алыс емес. Мына ағылшын деген ұлы жұрт қой. Олар ертеден қалыптасқан дәстүрлері бойынша бір ауылда мектеп болса, оқушылар әуелі сол жердің тарихын, одан кейін сол ауданның тарихына мән береді. Сонсоң облысының тарихын бітіріп алған соң барып, республикаға шығады» – деп түйді Алдан ағамыз.
Бұдан кейін баяндама жасаған мемлекет қайраткері, академик Ғарифолла Есімнің Қазыбек би жайындағы жазбасы газетіміздің осы санында басылғандықтан, оған тоқталып жатпаймыз.
Халықаралық жиынның кеңейтілген пленарлық отырысында жоғарыдағы ғалымдардан басқа Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, Омск мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Юрий Сорокин, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Тарих институтының профессоры Кахрамон Раджабов, «Заман-Қазақстан» газетінің бас редакторы, түркітанушы Ахмет Алияз, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік универсситетінің профессоры Қадыржан Әбеуов және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры Еркін Көбеев баяндама жасап, ойларын ортаға салды. Әрқайсының баяндамасы әр сипатта болғанымен, бәрінің тақырып аясы бір. Бірін-бірі толықтырумен болды. Қазыбек бидің кешегі келбетінің бүгінгі шындықты да айқындап тұрғандығы һәм болашаққа сол қасиеттерді жоғалтпай апарсақ – айымыз оңынан туғаны.
Конференция жұмыстары түстен кейін секциялық отырыстарда жалғасты.
Тербеп ағар
Конференциядан соң кешкісін С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, танымал өнер тарланы Кеңес Жұмабековтің «Қаздауысты Қазыбек би» атты тарихи драмасы қойылып, құрметті қонақтар мен зиялы қауым өкілдері һәм қала тұрғындары сол жерден табылды. Шығарманың қоюшы режиссері – халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың иегері, халықаралық театр фестивальдерінің лауреаты Қуандық Қасымов болса, суретшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есенгелді Тұяқов.
Драма Қазыбек бидің билік айтып, ел билеу ісіне араласа бастаған кезінен басталады. Әкесі Келдібектің батасын алып, қалмақ ханы Қонтайшының алдында аруағы асып сөйлегені, ел іргесін сыртқы жаулардан қорғауда сұлтандармен тізе қосып, қажет жерінде оларды ақылға шақырып, шайқасқа араласқаны көркем кестеленген. Жұрт арасындағы жер дауы мен жесір дауына билік айтқан тұстары да ескерусіз қалмапты. Бір сөзбен айтқанда, тарих тұнбасындағы оқиға желісі, заман келбеті, ондағы тұлғаның образы – тұтас туынды құрап, көркем шығарма бидің сұңғылалығын әйгілей түсті.
Таңертеңнен кешке дейін өткен халықаралық конференцияның қорытындысы – тарихи драма көрерменнің көңіл ырғағын тербеп ағар тұщымды дүние болды, білем. Елге қалар би мұрасының тербеп ағар тынысындай сезілді. Соңынан облыс әкімінің ықылас гүлі қойылды сахнаға.
Шымылдық!
Жәнібек ӘЛИМАН
Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.