Қазақтың қамын жеген Қазыбек би
Әрбір дүниеге келген ірі тұлғалардың шыққан тегі осал болмаған. Сол сияқты Қаздауысты Қазыбек бидің де ата-бабалары ортасына белгілі ел ішіндегі қоғамдық өмірде шешуші тұлғалар болған жандар.
Қаздауысты Қазыбек бидің арғы атасы Мейрам сопыдан Қаракесек туады. (Азан шақырып қойған аты – Болатқожа). Болатқожадан Ақша мен Түйте. Ақшасынан Бошан. Бошаннан бес ұл туады: Байбөрі, Таз, Машай, Жанту және Манат. Екінші ұлы Таздан Наманай мен Бұлбұл туады.
Бұлбұлдың екі әйелі болған. Бәйбішесі Қаракемпір.Тоқалы Құбакемпір. Осы тоқалы Құба кемпірден бес ұл туады: Алдияр, Күшік, Шаншар,Үсен және Құдайберлі. Шаншардан Қазыбектің әкесі Келдібек туады. Осы жерде Шаншар тұлғасына тоқтала кеткенді жөн санадық. Шаншар Есім ханның ақылшы биі, бас уәзірі болған. Тарих беттеріне үңілсек 1627 жылы Ташкентті билеген Тұрсын ханмен Түркістанды билеген Есімханның арасында қырғын соғыс болады.Осы соғыста Тұрсын хан қаза болады. Сол заманның заңымен жеңген жасақ таңдағанын алады. Сонда Шаншар Тұрсын ханның Айбике, Нұрбике деген қыздарын олжаласа керек. Қазыбек бидің әкесі Келдібек осы Айбикеден туады. Нұрбикеден бері өрбітсек Мөшеке – Қазанғап – атақты күйші, композитор Тәттімбет дүниеге келеді.
Келесі бір ел ішіне тараған аңызға көңіл бөлсек: «Айбике, Нұрбике, Қызданбике аналарымыз сол заманның атақты қол басқарған Жоңғар батырының қыздары деседі. Қырғын соғыста жеңіске жеткен Шаншар бабамыз сол батырдың осы үш қызын иемденсе керек».
Қалай дегенде де Қазыбек бидің арғы аталары осал жандар емес екендігі, ел ішінде елеулі адамдар болғаны тарихтан мәлім. Қазыбектің өз әкесі Келдібек те ел ішінде туындаған даулы мәселелерге әділ шешімін айтқан би болған. Міне, осындай текті ата шаңырағында 1667 жылы Қаздауысты Қазыбек дүниеге келеді. Келдібектен Қазыбектен бірге Сәдібек, Асан, Балапан, Бөдене туады.
Ел аузында тараған жыршы, шежіреші Құндызбай Кеңгірбайұлының әңгімесіне сүйенсек: «Ақ селеулі, боз бетегелі Сарыарқа қадым заманнан киіз туырлықты қазақтың қан жайлауы болса керек. Сыр мен Шу бойын қыстаған тел көктем шыға, қар суына нәр алып, Бетбақдаланы көктей өтіп, Сарысуды өрлеп, жайлауға шығады екен. Таң қылаң бере көшкен ел кейде көз байлана, кейде ақшам ауғанда, судың ұшырасуына байланысты, қоналқыға тоқтайды. Оты-суы келіскен жерге бірер күн еру қылса, тақырға тап болғанда көп бөгелмей, үдере көшеді. Сондай салқар көштің үстінде ауыл адамдары ел иесі Шаншар ақсақалға келіні, Келдібектің аяғы ауыр келіншегі Тоқмейіл кейіндеп қалғанын, еру қылған жерге әлі жетпей жатқанын хабарлайды. Мұны естіген абыз қарт жігіттерге: «Келіннің аты болдырып қалған-ау шамасы, алдынан менің қара жорғамды жіберіңдер. Басқа жылқы оны көтере алмайды, өйткені келіннің ішінде алтын жатыр ғой», – деген дүр. Сөйтіп, ауыл адамдары Тоқмейілдің алдынан Шаншар абыздың қара жорғасын алып шығады. Еру қылған жерге ол да таяп қалған екен, жорға барған соң: «Атасының атына келіні мінгені жарамас, обал болар. Мен ертоқымның үзеңгісінен ұстап-ақ барайын» – деп, ауылға жаяулап жетіпті. Келісімен толғатып, тал түсте босанған екен.Сонда туған нәресте Қазыбек би көрінеді.
«Болар бала он бесінде баспын дер» демекші, бабамыз да жастайынан ел өміріне араласып, көптің көңілінен шығады. Әкесі Келдібек те баласының болашағынан көп үміт күтсе керек. Сол кездегі қазақ ортасында қалыптасқан тәрбие бойынша, баласы жер көрсін, ел танысын деген мақсатпен үлкендер зерек балаларды атақты би шешен адамдардың қасына атқосшы қылып ертіп жіберіп отырған. Осылайша бала күнінен ел аралап, үлкендердің сөзіне құлақ асып, кемеңгерліктерін бойына сіңірген бала Қазыбек ерте есейеді. Бұған дәлел мына бір аңыз әңгіме: «Кішкене кезінен сөзге зерек, тілге шешен болып қалыптасып қалған Қазыбек бір күні әкесіне «Осы Төлебай батырға барып сәлем берсем қайтеді? Сөзін тыңдайын, батасын алайын» десе керек. Сонда Келдібек би: «Балам-ау, ол жасы үлкен, кемеңгер кісі ғой, не деп барасың? Оның алдында сөз таба алмай ұятқа қаларсың»,– депті. Баласы қоярда-қоймай жүріп, бірде он шақты жолдасымен Төлебайға барыпты. Сәлемдесіп отырғанда оның әкесі Келдібекті жақсы білетін Төлебай батыр оған: «Шырағым, бір бала әкесінен өтіп туады, бір бала әкесіне жете туады, енді бір бала кері кетіп туады. Сен соның қайсысың?»– деп сынай сөз бастайды. Сонда бала Қазыбек саспастан: «Әкеме жете туған бала болармын», – деп жауап беріпті. – Жарайсың, балам, өзім де солай шамалап отырмын,– депті қария. Екеуара әңгіме ары қарай былай өрбіпті:
– Аға, алысыңыз қандай? – Алысым жақын болды. – Тәттіңіз қандай? – Тәттім шырын болды. – Несиеңіз өне ме? – Шүкір, несием өніп жатыр.
Осылайша Қазыбек жұмбақтап сұрақ қоя беріпті. Төлебай оған жұмбақтап жауап қайтарып отырыпты. Қазыбек ауылына келген соң, әкесі оның қасына еріп барған жолдастарына баласының Төлебаймен не деп сөйлескенін сұрапты. Жолдастары сөздерінен түк түсіне алмағанын айтыпты. Келдібек би мән-жайын баласының өзінен сұрағанда, ол: «Ой, әке-ай, ол шынында терең кісі екен. Шу дегеннен сөзді жұмбақтай сөйледі. Мен де жұмбаққа бастым,«Алысың қандай?» деп қос жанар көзін сұрадым. Ол «Алысым жақын» деп, жақыннан көретінін жанарының тая бастағанын айтты. Мен «Тәттіңіз қандай?» деп ұйқысын білмек болып едім, ол кісі «Тәттім сиреп барады» деп, ұйқысының қашқанын білдірді. Мен «Несиеңіз өне ме?» деп балаларының қалай күтіп, қарайтынын сұрап ем, ол кісі «Шүкір, несием өніп жатыр» деп, балаларының жақсы қарайтынын білдірді»,– деп жауап беріпті. Келдібек би баласының Төлебай алдынан сүрінбей өткеніне риза болыпты делінеді аңыз әңгімелерде.
Қаздауысты Қазыбек бидің тұлға болып қалыптасуының тағы бір көрінісі Жоңғардың ханы Қоңтажының ордасына барған елшілікте, қазақ елінен барған азулы билердің жасқаншақтық танытып, тартынған кездерінде жастығына қарамай Жоңғар ханына дат сұрап, сөйлеп, айбар танытқандығы. Бұл жерде Қазыбектің сөздерінен бас алыспақ батырлықты да, ынтымаққа шақырған ізгілікті де аңғарған жоңғар қоңтайшысы әділдікке жығылып, өжеттігі мен шешендігіне риза болып, елшілердің бүкіл талабын орындағаны мәлім. Осы жолы жау қолындағы 90 тұтқын мен қоса тоналған мүлік, шабылған малды қайтарып алып, олжалы оралған екен.
Халықтың ауыз әдебиеті, салт-дәстүрін, рәсімдерін, ата жол заңдарын мол меңгерген, әділ де көреген Қазыбекті әз-Тәуке хан Орта жүздің Бас биі етіп бекіткен. Әз-Тәуке хан кеңесінің белді мүшесі болып, Төле би, Әйтеке би үшеуі жаңа заң жобасы «Жеті жарғыны» жасайды. Ел ішіндегі дау-дамай, жер дауы, жесір дауы, кек алу, құн төлеу, ұрлық-қарлыққа тыйым салу, мемлекет басқару, ел қорғау, ұрпақ тәрбиесі тағы да басқа мәселелер жаңа заң бойынша шешілетін болды. Жаңа заң «Жеті жарғыны» Күлтөбенің басына халықты жиып, қабылдатты. 1718 жылы Әз-Тәуке қайтыс болғаннан кейін де Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандарға мемлекет басқаруға, ішкі-сыртқы саясатқа араласып, ақыл-кеңестер беріп, ықпал жасап отырады. Ел басына күн туғанда, қазақ халқы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» нәубәтіне ұшырағанда Қазыбек би Сәмеке хан, Әбілмәмбет хандардың, Барақ, Батыр, Абылай сұлтандардың арасын жарастырып, оларды ынтымаққа шақырады.
Қаздауысты Қазыбек өз халқының бейбіт өмірі үшін күрескер дипломат болды. 1741 жылы Сары-Манжы бастаған ойраттардың отыз мың қолдық әскері Орта жүзге тұтқиылдан шабуыл жасап, Абылай сұлтан жоңғарларға тұтқынға түсіп қалғанда, Қазыбек би Абылайды құтқару үшін қолдан келген барлық елшілік айла-әрекеттерін жасаған. Келіссөздердің қортындысында қалмақ ханы Қалдан Серен Қазыбек биге: «Біз сенімен үшінші рет келісім жасап отырмыз, бірақ біздің татулығымыз тұрақты болмады, бұзыла берді. Мұнан былай біздің татулығымыз тұрақты болу үшін қыз алысып, қыз берісейік» деп Кішік атты қызын берген екен. Бұл қызды Қазыбек би үлкен ұлы Бекболатқа қосыпты. Кішіктен атақты би Тіленші туады.Осының нәтижесінде 1743 жылы Абылай сұлтан тұтқыннан босап, қазақтың отыз үш қаласы Әбілмәмбет ханға қайтарылған.
1723-1725-ші жылдары қазақ халқына үлкен ауыртпалық әкелген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінен кейін шамамен 1728 жылдары елді аман сақтап қалу мақсатымен Қазыбек би өзінің ұрпақтары және бүкіл Бошан әулетімен Сыр бойынан Арқаға көшіп Ұлытауға, 1740-шы жылдары Қарқаралы ауданының Едірей, Арқалық, Үшқара, Қаратау, Балқантау т.б. жерлеріне қоныстанған. Қазыбек бидің бәйбішесінен Қазымбет, Базаркелді, Барқы, Сырымбет, тоқалынан Бекболат пен Маңқан деген қыз туады. Бекболаттан – Тіленші – Алшынбай – Түсіп, Қақабай, Қосық, Шәпи, Бәпи, Бепау туады. Бәпиден атақты әнші-композитор, сал-сері, ақын Мәди батыртуады. Мәдиден ұрпақ жоқ. Түсіптен ғұлама Абайдың әйелі Ділдә туады. Түсіпті Жүсіп мырза деп те атайды.
Қазыбек би тоқсан жеті жасында Баянауылда Семізбұғы тауының етегіндегі Теректібұлақ қыстауында дүниеден өтеді. Көз жұмар алдында жиналған жамиғатқа: «Мені соңғы сапарға шығарып салуға қамданыңдар, менің бұл фәни дүниемен қоштасар уақытымды білетін адам бар. Ол күн шығыстан келуі тиіс. Сол адамды тыңдап, соған билік беріңдер, намазымды да сол шығарады, ол қазір жол үстінде келе жатыр» деген екен. Айтқан адамы бидің қазасын алдын ала білген Бегімшайық әулие жолға шығыпты. Қазыбек би мен Бегімшайық әулие замандас, құрдас, дос болған. Бегімшайыққа Бекмысық деп ат берген де Қазыбек би. Оның әңгімесі ұзақ. Бегім қожаны Қазыбек би Сарыарқаға көшерде Түркістаннан өзімен бірге ала келген екен. Досының қазасына қатты қүйзелген ол киіз үйдің ішінде жатқан марқұмның мәйітін көруге барады. Қимас досының мәңгілік бақиға аттанғанын көріп, қолындағы аса таяғымен мәйітті ұра бастайды. Мұны көрген Қазыбектің үлкен ұлы Бекболат би: «Оу, ақсақал өлген әкемді ұрып, аруақты қорлағаныңыз қалай?» – деп ренжіп әулиенің қолынан ұстай алыпты. Бұған Бегім әулие: «Өз обалдарың өздеріңе. Әкеңнің бойында сал әулие деген қасиеті бірге кетіп бара жатыр еді. Жеті ұрғанда жеті атаңа кетуші еді. Үш-ақ рет ұруға шамамды келтірдің. Енді бектік, салдық үш атаңнан аспайды-ау, қап әттегене-ай» деп киіз үйден шығып кетіпті. Қазыбек бидің әулиелігі мен бектігі Бекболат, Тіленші, Алшынбайдан соң сетіней бастаған.
Қазыбек бидің мәйітін қыс түсіп кеткеннен кейін сөре тасқа кереге жайып, былғарымен орап,үстіне алты қанат киіз үй тігіп, қыс бойы сақтайды. Көктем келіп, күн жылынып, жер аяғы кеңіген соң Қазыбек бидің айтып кеткен өсиеті бойынша Бекболат бастаған қырық жігіт Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне апарып жерлейді. Басына құлпытас қояды.
Бүгінгі күнде Қаздауысты Қазыбек бидің, жалпы Қаркесек Шаншар атаның ұрпақтары көп болып тараған. Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ, Қаратау, Арқалық, Айрық, Едірей елді мекендерінде тұрады. 2015 жылы Қарқаралы өлкетану музейінің қызметкерлері «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жасаған этноэкспедиция барысында осы елді мекендер толық қамтылған еді. Қазыбек бидің жетінші ұрпағы Қанат Әукішев ақсақалдың Айрық ауылы бойынша айтқан әңгімесіне қарағанда, негізгі ұрпақтары осы ауылдың маңындағы «Үшқара» тауының бөктерінде мекендесе керек.
Экспедиция барысында «Қақабай қорымын», «Жүсіп мырза қорымын» көзбен көріп, осы тұлғаларға қатысты көптеген әңгімелерге қанық болдық. Бүгінгі күнде Қазыбек бидің Серік Дүйсембекұлы бастаған ұрпақтары, атақты би – аталары мекендеген жерге 2008 жылы ескерткіш тас орнатқан. Сондай-ақ, Қазыбектің бесінші ұрпағы Мәди Бәпиұлының да қыстаған қыстауының орнына 2014 жылы Рымбек Дүйсембекұлы, Диас Рымбекұлы ескерткіш орнатқан.Осы этноэкспедицияға алтын уақытын бөліп, көмек жасаған Айрық селолық округінің әкімі Аманжол Жұмабековке, Айрық Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қанат Әукішевке, Едірей ауылының тұрғыны Қайырбек Төкешовке алғысымызды айтамыз.
Биыл Қазыбек бидің туғанына 350 жыл толып отыр. Қазыбек би туралы осы бір мақалаға түгел сиғызып жазу мүмкін емес. Бұл аңыздардың барлығы ата-бабамыздан халық ауыз әдебиеті арқылы жеткен шындық.
С.СЛАМБЕКОВ,
Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінің кіші ғылыми қызметкері.
Ескерту: Пайдаланған әдебиеттер мен материалдар Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінің қорынан алынды.
Қазыбек бидің мекендеген жеріне ұрпағы Серік Дүйсембекұлының қойған ескерткіш тасының жанында суретте:
Солдан оңға қарай 1.Айрық с/о әкімі А.Жұмабеков. 2.Айрық ауылының тұрғыны М.Қауысов. 3.Этноэкспедиция мүшесі, көлік жүргізушісі Ә.Әбішев. 4. Айрық с/о Ардагерлер Кеңесінің төрағасы, Қазыбек би ұрпағы Қ.Әукішев. 5. Этноэкспедиция мүшесі Егіндібұлақ музейінің меңгерушісі А.Қайыров. 6. Айрық ауылының тұрғыны Дидар.