Жаңалықтар

«Қазақ тілінде білім беруге» бөгет жоқ

    «Қарағанды қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі  Орталық Қазақстан газетінде 20 қазан 2016 жылы жарияланған журналист  Қызғалдақ Айтжанованың «Өз жерімізде өгейдің күйін неге кешеміз?» және 10 қараша 2016 жылғы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қарағанды облыстық филиалының басшысы Темірғали Көкетаевтың «Тақиямызды төбеге атқанда, Тазымыз көрініп қалмасын» атты мақалаларында көрсетілген қаламыздағы қазақ сыныптарының жабылуы жайындағы мақалаларында жазылған пікірлерге қарсылық білдірмек.

Облысымыздың басты басылымы болып табылатын «Орталық Қазақстан» газеті журналистерінің қалалық білім бөлімінің кәсіби талдауына сүйенбей «ел аузында» жүрген сөздерін дәлелді деректей етіп жариялауы жанға жара салады. Мақалада жазылғандарға  өз деректерімізді келтіруді жөн көріп отырмыз. Егемен ел болған ширек ғасырдан бері қаламыздың қазақ тілді сыныптары мен мектептерінің саны артқанын атап кетуге болады. Егер 1991-1992 жылдары қаламызда бірде-бір қазақ мектебі болмаса, бүгінгі күні Қарағанды қаласында орналасқан 78 мектептің 10-ы таза қазақ мектебі де 57-сі аралас мектеп. 

2016-2017 оқу жылында Қарағанды қаласы бойынша 63317 оқушы білім алады. Оның ішінде қазақ тілінде білім алатын оқушылардың саны  23253 болса, 40064-сы орыс тілінде білім алады.  Төменде берілген кесте негізінде кейінгі 3 жылда Қарағанды қаласында жыл өткен сайын қазақ тілінде білім алуға ынталы оқушылардың қатары жыл санап артып келе жатқанын, яғни, сәйкесінше ашылған қазақ сыныптарының саны былтырғы оқу жылына қарағанда 64 сыныпқа артқанын көруге болады.

Мақалада көрсетілген №45 және №97 гимназияларда сәйкесінше 2015-2016 оқу жылын 13 және 14 оқушы бітірді. Аталған білім мекемелерінің оқушыларының 8-і – №92 гимназияда, 6-ауы – №57 мектеп лицейінде, 3-№3 гимназияда, 6-облыстық мектептерде, 2-еуі – №58 мектепте, 2-еуі – басқа қалада оқуларын жалғастыруда. Яғни, қала орталығында орналасқан мектеп балаларының көбі басқа жақын маңда орналасқан мектептерде, соның ішінде инновациялық мектептерде білім алуға мүмкіндіктері бар. Ал орталықтан алыс, қаланың шет аудандарында орналасқан мектептерде «Тақиямызды төбеге атқанда, Тазымыз көрініп қалмасын» мақаласында көрсетілген 1 балаға сынып ашу фактісі көрініс тапқанын көрсеткіміз келеді. Мысалы Байкальская көшесінде (Курьяновка деп аталатын мекен) орналасқан №40 негізгі мектебінде 1 оқушымен – 5 сынып, 2 оқушымен – 2, 3 сыныптары, ал, Солонички кентіндегі №134  негізгі орта мектепте 2 оқушымен – 1, 3 сыныптар ашылған. 

Жоғарыда көрсетілген фактілер негізінде Қарағанды қаласының білім бөлімі  сынып жинақтау ата-аналар өтініші негізінде қарастырылатынын және баласына қазақ тілінде білім бергісі келетін ата-аналарға ешқандай бөгет жоқтығын айта кеткіміз келеді.

Д.Жекебаев,

Қарағанды қаласы білім бөлімінің басшысы.

Оқу                   Сыныптар             Оқушылар

жылдары              саны                       саны

2016-2017       1070                        23258
2015-2016       1006                        21880
2014-2015       991                          21096

РЕДАКЦИЯДАН. Қарағанды қаласы білім бөлімінің жауап хатын сол қалпында, ешбір түзетусіз жариялап отырмыз. Дегенмен, хаттағы «1992 жылдары қаламызда бірде-бір қазақ мектебі болмады…» деген дерегі шындыққа жанаспайды. Өйткені, 1991 жылдары Қарағанды қаласында екі мектеп-интернат бала оқытқан. Олар – Жамбыл атындағы және Н.Нұрмақов атындағы мектеп-интернаттар. Олай болса, білім бөлімі «сонда Қарағандыдағы қазақ мектептерінің тарихынан бейхабар ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Бұл – бір. Екінші – басылым бетінде жарық көрген материалдарда «қазақ сыныптарының жабылуы» (хатта көрсетілгендей) туралы сөз болған жоқ. Материалда көтерілген мәселе – қала ортасындағы мектептерде бастауыш сыныптан соң ашылмай жүрген қазақ тіліндегі негізгі сыныптар хақында.

Бұл арада екі жақты қарастыру керек. Ол – білім ошақтарының және ата-аналардың осы қазақ сыныптарын ашуға немқұрайлылығы. Кежегенің кері тартуының салдары осындай қоғамдық әлеуметтік проблемаға барып тұйықталғанын да мойындау керек. Бұл істе мақсат – кінәліні іздеу, не болмаса, өзгенің алдында ақталу емес, ұлт болашағына қатысты ұлы істе – үнсіз қалмау.

Ал, басылым тілшісі материалында «ел аузында жүрген сөздерді» емес, көптің көкейінде қордаланған, әлдеқашан пісіп-жетілген, ендігі қауызына сыймай, жарылғалы тұрған мәселені нақты, әрі еш боямасыз ұсынғанын құзырлы орындардың есіне саламыз.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button