Білім

«Қазақ тілін білгенің – өз еліңді сүйгенің»

Бәсекеге қабілетті мамандардың жаңа буынын даярлауда Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті жоғары білім беру саласында көш бастап келеді.

Сурет sarangazeti.kz

Жақында университетімізде «Қазақ тілі және мәдениеті» кафедрасының меңгерушісі, доцент Қ.Қалыбекованың басшылығымен қазақ халқының ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған «Қазақ тілін білгенің – өз еліңді сүйгенің!» факультет­аралық қазақ тілінен пәндік олимпиада өзге ұлт өкілдерінің арасында өтті. Бұл іс-шараның мақсаты – ұлы Абайдың шығармашылығын насихаттау, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, студенттердің қазақ тілін білу сауаттылығын арттыру, тілді құрметтеуге тәрбиелеу. Студенттер арасында өткізілген олимпиада бірнеше кезеңнен тұрды.

Студенттер бірінші турда «Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» тақырыбында эссе жазды. Бұл жазба жұмысында студенттер тұрмыс пен салттың, өмір мен тіршіліктің, қоғам мен дәуірдің өзгеруіне байланысты, әдеп, үлгі, тәрбие, тағылым, таным бойынша өз пікірлерін қағазға түсіріп, сауаттылықтарын таныта білді.

Келесі турда берілген тапсырма «Жеті жұрттың тілін біл» тақырыбына арналды. Қатысушылар бір-бірімен сұхбаттасып, «Отан – отбасынан басталады», «Мамандықтың бәрі жақсы», «Білімді жастар – Қазақстанның болашағы», «Денсаулық – зор байлық», «Цифрлық Қазақстан», «Көп тіл білудің пайдасы», «Дос – сен тапқан қазына», «Табиғат – тал бесік», «Тәуелсіздік – ел бақыты ертеңім!», «Қазақстан – туған жерім», «Отбасы – шағын мемлекет», «Жастар – елдің қозғаушы күші», «Отан – қуат, отбасы – шуақ», «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Қазақ тілін білгенің – өз еліңді сүйгенің» сынды берілген тақырыптар бойынша пікірлерін білдірді. Олимпиадаға қатысушылар сұқбаттасу барысында ұлы ақын Абайдың өлеңдерінен, қара сөздерінен үзінділерді жатқа оқыды.

Келесі кезеңде «Білім – таусылмайтын кен» тақырыбындағы грамматикалық және танымдық сұрақтардан тұратын тест тапсырмаларына жауап берді. «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар, қалан!» тақырыбындағы суреттер бойынша әңгімелер құрастырып, қазылар алқасының қойған сұрақтарына жауап берді. Студенттер бүгінде Қазақстанның үлкен нәтижелерге қол жеткізгеніне, стратегиялық жолды дұрыс таңдағанына, халықаралық деңгейде танымал болып, әлемде лайықты орын ала білген мемлекет екеніне тоқталды. Еліміздің таңғажайып табиғаты, қайталанбас ерекшелігімен көз тартатын сұлу өлкелері туралы айтты. Еліміздің мәдени әрі рухани, тарихи жәдігерлеріне тоқталды. Жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында еліміздің шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптасқанын әңгімелеп берді. Бүгінгі жастар өзі қалаған мамандығын оқып, игеріп жатқанына тоқталды. Студенттер алған теориялық білімдері мен тәжірибелерін кәсіптеріне сай дұрыс пайдаланса, осының негізі олардың кәсіби өсуі мен мансабына ықпал ететінін айтып өтті.

Кез келген жас маман өзі таңдап алған кәсібін, сол саладағы технологияларды, жаңаша ойлауды, белгілі ортаға икемді қарым-қатынастарды қалыптастыруды үйреніп, заман талабына сай қолдана білсе, бәсекеге қабілетті болатынына тоқталды. Мемлекеттік тілді меңгерген мамандардың болашағы зор екенін айтты.

Н. НЫҒМЕТОВА,
Л. КҮЛЕЙМЕНОВА,
Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің
оқытушылары

Басқа материалдар

Back to top button