Жаңалықтар

Қазақ тілі – сауда саласында

Қазақстанда тұратын әр азамат ұлтының кім болуына қарамастан мемлекеттік тілді үйренуі қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ биылғы Жолдауында айрықша атап айтқан еді. Ал, қазақша үйренгісі келетін азаматтарға облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының мамандары қол ұшын беруге әзір. Мемлекеттік тілді оқытудың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында облыстың ірі сауда үйлерінде шағын және орта бизнес саласының қызметкерлері үшін ұйымдастырылған қазақ тілін қысқа мерзімді оқыту курстары сөзімізге дәлел бола алады.

Облыс орталығындағы «Таир» сауда қаласындағы кәсіп өкілдерін оқыту барысында сатушылардың мемлекеттік тілде қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыруға арналған оқу құралы таныстырылды. Оқу құралын облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша облыстық тілдерді оқыту орталығы әзірлеген. Сондай-ақ, тіл үйренгісі келетін жұртшылық үшін электрондық нұсқада да қол жетімді, QR-кодталған плакаттар сауда үйлерінің ғимараттарында да орналастырылады.

– Қазіргі уақытта халыққа мемлекеттік тілде қызмет көрсету сапасына көп көңіл бөлінуде. Осыған байланысты облыстың 12 өңірінде қызмет көрсету, шағын және орта бизнес саласының қызметкерлері үшін қазақ тілін оқыту бағытында қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылды. Жыл сайын аймақта Қазақ тілі курстарында 2,5 мыңнан астам адам оқиды. Қысқа мерзімді курстармен ШОБ саласының 641 қызметкері қамтылды, – деді облыстық тілдерді дамыту және үйлестіру бөлімінің басшысы Айнұр Қалиева.

Тұсаукесер аяқталғаннан кейін «Проспект» сауда үйінің сатушыларына сертификаттар берілді, олар осы курстарды ағымдағы жылдың қазан айында сәтті аяқтаған еді.

– Мен тұтынушылармен негізгі диалогты үйрендім. Енді, өз тауарымның атауын қазақ тілінде атап, сөйлесе аламын. Курстар туралы жұмысты, бізге тіл орталығының қызметкерлері келіп, түсіндіріп айтып берді. Курстар – тегін және сауда үйінде оқығанымыз өте ыңғайлы болды, – дейді Зульфия Джашибекова.

Сондай-ақ, қазақ тілін үйренуге деген қызығушылықты сақтау мақсатында басқарма «Тілашар» қысқаша сөздіктері мен қызмет көрсетудің түрлі салалары бойынша «Тілтану» ситуациялық бейнероликтерін де әзірлегенін айта кеткен жөн.

Қазақ тілін оқыту бойынша қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді курстарға 8-7212-56-74-76, 8-7212-56- 70-84, 8-775-980-22-14 телефондары арқылы жазылуға болады. Басқарманың ресми парақшалары: https://www.instagram.com/krg_til/, https://www.facebook.com/profile. php?id=100007858776823

Басқа материалдар

Back to top button