«Қазақтілді кәсіби журналистер» қоғамдық бірлестігі құрылды
Ұйым, ең алдымен журналистердің кәсіби тұрғыда жан-жақты дамуына, білімін жетілдіруіне және бәсекеге қабілеттілігіне ықпал етуді көздейді. Еркін алаңдағы ашық пікір мен сауатты сын айту жаңа бірлестіктің негізгі бағыты болмақ. Бірлестіктің келесі діттегені – қазақ журналистерінің қоғамдық маңызы бар мәселелерді шешудегі еңбектерін, өзге де кәсіби жетістіктерін дәріптеу. Әрі журналистердің қазақ тілінде ақпарат алу мүмкіндігін кеңейту және олардың жұмыстарын жеңілдету жолдарын қарастыруға талпынады. Мәселен, кейбір мемлекеттік мекемелер әлі күнге дейін қазақ тілінде сауатты ақпарат тарата алмайтыны ешкімге жасырын емес… Бірлестік мемлекеттік мекемелер, ұлттық компаниялар және қаржылық институттармен бірлесіп тақырыптық дәрістер өткізу арқылы журналистердің салалық білім деңгейін көтеруге, маңызды ақпараттарға қолжетімділігін арттыруға ықпалдасады.
Бүгінгі заман талабы – білім, біліктілік, бәсекеге қабілеттілік. Осы талаптардың үдесінен шығу үшін ақылдаса отырып, бірлесе әрекет етуде қазақ журналистеріне ортақ алаң қажет екені рас. Бірлестіктің мақсаты – қазақ журналистерінің кәсіби деңгейі мен мәртебесін көтеру. Ұйым 70-ке жуық журналистің қолдауына ие болды. Мүшелікке тіркелгендердің дені бұқаралық ақпарат құралдарында, ақпарат таратудың өзге де саласында қызмет ететін мамандар.
Құрылтай алқасында әріптес, есімдері елге кеңінен таныс Мөлдір Бақытқызы, Айнұр Омар, Индира Тұрсынбай, Кенжекей Тоқтамұрат, Ақмарал Баязитова, Алдаберген Кемпірбаев, Айжан Ілияс, Әсем Қабылбек, Әлия Әшім, Жанболат Серікбай сынды журналистер бар.
Мирас АСАН