Қаза тапқан сарбаздардың туыстарына сыйлықтар табысталды

Жаңа жыл қарсаңында Қарағанды гарнизонында Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжановтың атынан Қаңтар оқиғасы кезінде ерлікпен қаза тапқан сарбаздар Айбат Аманов пен Мадияр Қайсаровтың ата-аналарына сыйлықтар табысталды.

Ведомство басшысы мен сондай-ақ Ішкі істер министрінің орынбасары-Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақановтың атынан құттықтау хаттары мен сыйлықтарын Мадияр Қайсаровтың ата-анасына Ұлттық Ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс басқармасының бастығы полковник Серікбол Аденқұлов, Жаңа Арқа кентінде тұратын Айбат Амановтың ата-анасына 6505 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Арман Сейітов табыс етті.

Офицерлер қаза тапқан сарбаздардың ата-аналарына нағыз ерліктің үлгісі бола білген балаларды тәрбиелегендері үшін алғыс айтып, оларды келе жатқан Жаңа 2023 жылмен құттықтады.

Естеріңізге сала кетейік, Айбат Аманов пен Мадияр Қайсаров Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорған және Қызылорда қалаларында терроризмге қарсы операцияны орындау кезінде қайғылы жағдайда қаза тапқан болатын. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қызметтік борышын орындау кезіндегі ерлігі мен жанқиярлығы үшін олар қайтыс болғаннан кейін III дәрежелі «Айбын» ордендерімен марапатталды.

ҚР Ұлттық ұланының «Орталық»  ӨңҚ баспасөз қызметі.