Бас тақырыпРесми

Қазақстанның жаңа Конституциясы: әрбір азамат үшін неге маңызды?

Қазақстан Республикасында конституциялық реформаның жаңа кезеңі басталды: Ата Заңның жобасы жарияланды, ал оған қатысты түпкілікті шешімді азаматтар 2026 жылғы 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдумда қабылдауы тиіс. Аталған тарихи қадам мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғыртуға және қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған.

Сурет www.election.gov.kz

Конституциялық реформаның бастау нүктесі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның бірпалаталы Парламентке (Құрылтай) көшуі туралы бастамасы. Мұндай идея 2025 жылғы 8 қыркүйектегі жыл сайынғы Жолдауда саяси жүйені кешенді қайта жаңғыртудың элементі және жасанды интеллект дәуірінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдаушы фактор ретінде жарияланды. Парламент құрылымының өзгеруі заң шығару үдерісін мейлінше оңтайландырып, мемлекеттік аппараттың жедел жұмыс істеуіне жол ашады.

Екіпалаталы жүйе көбіне жоғарғы палата федерация субъектілерінің мүддесін білдіретін ірі федеративтік жүйелерде кездеседі, ал бірпалаталылық – унитарлы елдерге тән. Мәселен, Жаңа Зеландия өз уақытында жүйені оңтайландыру және оның тиімділігін арттыру үшін жоғарғы палатаны (Legislative Council) жойған болатын.

Қазақстан – унитарлы мемлекет, сондықтан мұнда субъектілер өкілдігінің бөлек деңгейін құру қажеттілігі жоқ. Парламентте бір күшті палата мен өңірлік мүдделерді ескерудің өзге де тетіктері жеткілікті. Бірпалаталылық комитеттердің, қоғамдық консультациялар мен бақылау процедураларының маңызын арттырады. Мұндай парламенттер әлемде көпшілікке ие (Швеция, Норвегия, Дания, Португалия және т.б.). Заңнамалық бастамаларды талқылау кезінде қоғамдық сараптаманың рөлі артып, шешімдердің сапасы жақсара түспек.

Құрылтай депутаттарын сайлау үшін сайлаушылардың саяси таңдауын дәл көрсететін және көппартиялы демократиялық орган қалыптастыруға мүмкіндік беретін пропорционалды жүйе ұсынылады. Осы әдіс саяси партиялар арасындағы әділ бәсекелестікті дамытып, Парламентте халықтың барлық жіктерінің мүддесін қорғауға мүмкіндік береді.

Реформаның сабақтастығы мен бүгінгі шындыққа сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында 8 қазанда Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Жұмыс барысында e-Otinish және eGov порталдары арқылы азаматтар мен ұйымдардан 10 мыңнан астам ұсыныс жиналды.

2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент нәтижелерді қорытындылап, жаңарту ауқымы бастапқыда жоспарланған 40 баптан асып, Конституцияның көптеген бөлімдерін қамтитынын атап өтті. 2026 жылғы 21 қаңтарда Конституциялық Соттың төрайымы Эльвира Әзімованың басшылығымен 130 сарапшыдан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Құжаттың әрбір тармағы заңгерлер мен қоғам белсенділерінің сүзгісінен өтіп, құқықтық кемелдікке жеткізілді.

Конституция жобасында негізгі екпін «адамға бағдарлануға» қойылған. Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің басты басымдығы, ал бірлік пен келісім – мемлекеттіліктің іргетасы ретінде айқындалды. Тұңғыш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғаудың конституциялық кепілдігі енгізілді. Сондай-ақ егемендік, унитарлылық пен аумақтық тұтастықтың мызғымастығын сақтай отырып, адам капиталын, білім мен ғылымды дамыту стратегиялық бағыттар ретінде көрсетілді.

Ата Заң деңгейінде Әділетті Қазақстан идеялары мен «Заң мен Тәртіп» принципі бекітіліп, табиғатқа ұқыпты қарау міндеті баса айтылды. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғи байлықты келер ұрпаққа сақтау — мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналады. Мемлекет пен діннің аражігі нақты ажыратылып, білім берудің зайырлы сипаты бекітілді. Неке ұғымы ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде енгізіліп, жағдай дәстүрлі құндылықтарды қорғауды күшейтті.

Негізгі жаңалықтардың бірі – Президент өз өкілеттігін атқара алмаған жағдайда биліктің үздіксіздігін қамтамасыз ететін Вице-Президент институты және халық атынан заң шығару бастамасы құқығына ие жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесін құру.

Бұдан бөлек, Президенттің өз еркімен отставкаға кету мүмкіндігі бекітілді, жағдай саяси тұрақтылықты сақтаудың және басшылық ауысқан кезде құқықтық вакуумды болдырмаудың тетігі болып табылады.

Жалпы алғанда, жаңа Конституция нормалары дамудың сапалы жаңа моделіне көшуді білдіреді. Референдумда дауыс беру – әрбір азаматтың ел тағдырына тікелей ықпал ету мүмкіндігі. Бұл қадам патриотизм мен азаматтық жауапкершіліктің, мемлекеттілікті нығайту мен ел болашағына деген сенімнің айқын көрінісіне айналмақ.

 А.Ж.НҰРЫШЕВ
Қазақстан Республикасы ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы
бастығының орынбасары, полиция полковнигі

Басқа материалдар

Back to top button