Қазақстанның құрметті құрылысшысы Юрий Дунаев өмірден өтті
Қарағандыда 71 жасқа қараған шағында Қазақстанның құрметті құрылысшысы Юрий Львович Дунаев дүниеден озды. Бұл жайлы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ол өмірінің жарты ғасырға жуық уақытын құрылыс саласына арнап, инженерден «Промстройпроект» институты бас директорының бірінші орынбасарына дейінгі кәсіби жолдан өтті. Елдегі болат конструкцияларды жобалау саласының жетекші мамандарының бірі ретінде танылды.
Юрий Дунаев Қазақстанның өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс саласының дамуына зор үлес қосты. Оның қатысуымен еліміздегі ондаған маңызды нысандар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, елордада «Отан қорғаушылар», «Қазақ елі» монументтері, «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы, «Астана жұлдызы» стеласы салынса, Қарағандыда Тәуелсіздік стеласы, мемлекеттік ту тұғыры, ғарышкерлерге арналған ескерткіш, «Таир» сауда үйі, ЖЭО-3-ті қайта жаңғырту және басқа да бірқатар ірі жобалар іске асырылды.
Еңбегі елеусіз қалмай, Юрий Дунаев «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» атағына және мемлекеттік наградаларға ие болды. Көрнекті инженердің жарқын бейнесі оны таныған әріптестері мен шәкірттерінің, жақындарының жүрегінде мәңгі сақталады.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



