Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгеге 23 жыл
Ұлттық валюта теңгенің айналымға енгізілген күнінен бастап, Қазақстан тарихында жаңа кезең басталды. Осы жылдар ішінде теңге өзінің қабілеттілігі мен тұрақтылығын дәлелдей отырып, түрлі сынақтарды және қиыншылықтарды басынан өткерді.
Теңгенің ресми тарихы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1993 жылғы 12 қарашадағы «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығынан басталды. Ал 2013 жылдың 15 қарашасынан бастап теңге еліміздің жаңа төлем құралы және есеп айырысу бірлігі ретінде айналымға енгізілді.
Егеменді Қазақстан үшін бұл күннің маңызы зор, өйткені, ұлттық валюта Конституциямен, Туы және Елтаңбасымен қатар кез келген мемлекеттің тәуелсіздігінің маңызды атрибуты болып қана қоймай, мемлекеттің тарихын, мәдениетін, тұрмысын және дәстүрін нақтылайтын «визиттік карточка» болып табылады.
Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның барлық жетістіктері – еліміздің қалыптасуының алғашқы күнінен бастап барлық жағдайда, оның ішінде өз валютасын шығаруда тәуелсіз болуға бағытталған таңдаулы саясаттың нәтижесі.
Ұлттық валютаны енгізу туралы стратегиялық шешім елімізді қарышты дамудың жаңа жолына жетеледі, тұрақты нарықтық экономиканы құруға бағытталған құрылымдық қайта құруды жеделдетті, егеменді Қазақстан өзінің тәуелсіз саясатын жүргізуге мүмкіндік алды.
Қазақстанда ұлттық валютаны енгізу бойынша барлық жұмыстар айтарлықтай қысқа мерзімде, бар болғаны 1 жыл ішінде жүргізілді. Бұл ретте ұлттық валютаны енгізудің процедуралық мәселелеріне аса көңіл бөлінді: айырбастау пункттеріне жаңа валютаны жеткізу, ақша айырбастау күнінің басталуы мен ұзақтылығына, айырбастау коэффициентіне, сондай-ақ, банкноттың сыртқы түріне және қорғаныш элементтеріне, теңгенің номиналдық ретіне.
Халықаралық сарапшылар теңгенің дизайнында ежелгі дәстүрдің және қазіргі заманғы технологияның жақсы үйлескенін мойындайды. Қазақстанның Банкнот фабрикасының және Монета сарайының ең үздік технологияларды қолдануына және дайындау сапасының жоғары болуына сәйкес түрлі көрмелерде және конкурстарда Ұлттық валютаның банкноттары мен монеталары дайындау сапасы, дизайны мен қолданылған технологиясы үшін жоғары бағаланады.
Отандық дизайнерлердің шетел мамандарынан жоғары баға алған жетістіктерінің бірі 2016 жылы наурыз айында Бухарест қаласында (Румыния) өткен Жоғары қорғалған мөр жөніндегі еуропалық конференцияға (High Security Printing Europe) қатысуы болып табылады, онда Қазақстанның 20 000 теңгелік банкноты 2015 жылғы өңірлік банкнот ретінде дизайн мен қорғаныс саласында қолданылған технологиялар жағынан үздік деп танылды.
2016 жылғы мамырда Вашингтон қаласында (АҚШ) өткен Banknote – 2016 халықаралық конференциясында бұл банкнот «Валюта индустриясындағы үздік техникалық жетістіктер үшін» номинациясында үш жүлдегер қатарына кірді.
Қаржы секторының тұрақты жұмыс жасауы дағдарысқа қарсы бағдарлама шегінде мемлекеттің өз масштабы бойынша теңдесі жоқ шараларға себепші болғандығын атап өту қажет. Жалпы, мемлекеттік деңгейде 2009-2010 жылдары экономиканы және қаржылық жүйені тұрақтандыру бойынша бірлескен жоспары жасалды және қабылданды.Осы жоспарды жүзеге асыру қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау шараларын қамтыды. Сонымен бірге, жылжымайтын мүлік нарығының және инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жоспарларының мәселелерін шешу бойынша батыл шаралар қабылданды. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін Қазақстанның Ұлттық қорынан 10 млрд. АҚШ доллары бөлінді.
2014 жылғы 29 тамыздағы ҚР Үкіметінің қаулысымен 2030 жылға дейін қаржы секторының тұжырымдамасы бекітілген, тұжырымдама бәсекелестік қаржы секторын құруға және Экономикалық ынтымақтастықты және дамытуды ұйымдастыру стандартын қоса алғандағы ең жақсы халықаралық стандарттардың қорында экономикадағы ресурстарды қайта бөлуде оның тиімділігін арттыруға бағытталған.
Салымшылардың банк секторына деген сенімін арттыру үшін депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушы банктерінде орналастырылған жеке тұлғалардың салымдары бойынша кепілдікті өтеу сомасы ұлттық валютада 5 млн.теңгеден 10 млн.теңгеге дейін көбейтілді.
Ұлттық Банктің инфляциялық таргеттеу саясатын және теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамының режімін жүргізуді жалғастырып жатқандығын атап өту қажет. Ұлттық Банктің негізгі мақсаты инфляция деңгейін Үкіметтің және Ұлттық Банктің бекіткен дәліз шегіне жеткізу болып табылады, яғни, ортамерзімді перспективада 2020 жылға қарай 4%-ға дейін бұдан әрі төмендете отырып, 2016 – 2017 ж.ж. 6-8% дәлізді белгіледі.
Валюта нарығындағы ахуал тұрақты. Ұлттық Банктің бағамды қалыптастыруға қатысуы барынша төмен және кенеттен болған бағамдық ауытқуларды басуды білдіреді, бұл шектеулі бағам кезінде байқалған баланстар теңгерімсіздігінің жинақталуын болдырмауға мүмкіндік береді. Теңгенің еркін өзгермелі бағамының саясаты еліміздің алтын-валюта резервтерінің сақталуына мүмкіндік берумен қатар, оларды қалпына келтіру үдерісін бастауға мүмкіндік береді.
Яғни, Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері қыркүйек айының соңына 31,2 млрд. АҚШ долларын құрады. Жыл басынан бастап 3,4 млрд. АҚШ долларына өскен. Ұлттық қордың валюта активтері – 64,5 млрд. АҚШ долларын құрайды. Елдегі резервтердің жалпы сомасы 95,8 млрд. АҚШ долларын құрайды.
Байқалып отырған сыртқы нарықтың негізгі сегменттеріндегі оң серпін, ішкі қаржы нарығындағы тұрақты ахуал, жағымсыз инфляциялық және құнсыздану күтулердің төмендеуі Ұлттық Банктің 2016 жылғы 3 қазаннан бастап +/-1% дәлізін сақтай отырып базалық мөлшерлемені 12,5%-ға дейін төмендету туралы шешімін қабылдауға ықпал етті.
Республика бойынша 2016 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша банк жүйесі екінші деңгейдегі 34 банктен тұрады.
Экономикада теңге активтеріне деген сенімділіктің қалпына келуі және депозиттердің долларландыруының төмендеуі сияқты оң беталыс байқалуда. Бұған Ұлттық Банктің теңге құралдарының тартымдылығын арттыру бойынша іс-шаралары себепші болды. Жеке тұлғалардың ұсынылып отырған ұлттық валютадағы депозиттері бойынша мөлшерлемені 10%-дан 14%-ға дейін арттыруға және оның шетел валютасындағы депозиттер бойынша 3%-дан 2%-ға дейін төмендеуіне қатысты экономиканы долларландыру бойынша қабылданған іс-шаралар депозиттердің валюталық құрылымына оң әсерін тигізді.
Яғни, жалпы республика бойынша 2016 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша депозиттердің көлемі 2016 жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда 11,0% өсті және 15171,5 млрд.теңгені құрады, оның ішінде, ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі 1,6 есеге өсіп, 5763,4 млрд. теңгені құрады, шетел валютасындағы депозиттер 6,7% төмендеп, 9408,1 млрд.теңгені құрады. Қарағанды облысы бойынша депозиттердің көлемі жыл басымен салыстырғанда 10,3% өсті және 543,2 млрд.теңгені құрады, оның ішінде, ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі 1,7 есеге өсіп, 268,7 млрд. теңгені құрады, шетел валютасындағы депозиттер 17,3% төмендеп, 274,5 млрд.теңгені құрады.
Республика бойынша коммерциялық банктердің кредиттік салымдарының сомасы 2016 жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда 0,1% өсті және 2016 жылғы 1 қазанда 12686,1 млрд.теңгені құрады. Қарағанды облысы бойынша коммерциялық банктердің кредиттік салымдарының сомасы ағымдағы жылдың басымен салыстырғанда 2,9% төмендеді және 2016 жылғы 1 қазанда 415,4 млрд. теңгені құрады.
Бүгінгі күні ұлттық валютаны енгізу мемлекет болып қалыптасу, егемендікті нығайту және экономикалық дамудың табысты ұлттық үлгісін құру жолында қажетті қадам болды деп нық айта аламыз.
Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өту аясында осы жылы еліміз бойынша ұлттық идеологияны және қазақстандықтарды отансүйгіштікке тәрбиелеуді насихаттау, Қазақстан халқының тарихи- мәдени мұрасын, оның ішінде, мемлекетіміздің ең соңғы тарих беттері туралы мәліметтерді дәріптеу және тарату бойынша ауқымды жұмыстың жүргізіліп жатқандығын атап өту қажет.
Осы шағын тарихи кезең ішінде Қазақстан табысты экономиканы, тұрақты саяси және әлеуметтік жүйені құра отырып, ауқымды жұмыс атқарды. Бүгінгі күні біз экономикасы тұрақты және болашаққа деген ауқымды жоспары бар күшті және өркендеп келе жатқан мемлекетте тұрамыз.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі» РММ Қарағанды филиалы ұжымының және өз атымнан баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, ырыс-береке, жемісті еңбек және қаржылық қызметте кәсіби сәттілік тілеймін.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өту қарсаңында барлық отандастарға ашық аспан, зор денсаулық, бақыт, ертеңгі күнге деген сенімділік, Отанымыз – Қазақстан Республикасының өркендеуіне бағытталған барлық жаңа істер мен бастауларда тек сәттілік тілеймін.
Бірлігі мен берекесі артқан ел болайық!
Ғ.Шегенов,
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі» РММ Қарағанды
филиалының директоры.