Жаңалықтар

Қазақстанның Еңбек Ері Георгий Прокоп – 75 жаста

Қарағанды облысының Құрметті азаматы, белгілі аграршы, «Шахтёрское» элиталық тұқым шаруашылығының жетекшісі Георгий Прокоп 75 жасқа толды. Мерейтой иесін аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев құттықтап, Мемлекет басшысының атынан Алғыс хат табыстады. Салтанатты шараға әріптестері мен замандастары қатысып, еңбегі сіңген тұлғаға жылы лебіздерін білдірді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

– Сіздің өмір жолыңыз – туған жер мен халыққа адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Сіз ауыл шаруашылығында жарты ғасырдан астам еңбек етіп, аграрлық саланың дамуына және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қостыңыз. Сіздің басшылығыңызбен «Шахтёрское» серіктестігі Қарағанды облысындағы ең үздік шаруашылықтардың біріне айналды. Бұл кәсіпорын еңбек тәртібімен, ұйымшыл ұжымымен және әлеуметтік жауапкершілігімен ерекшеленеді. Нұра ауданының дамуына да сіңірген еңбегіңіз зор – жергілікті тұрғындарға әрдайым қолдау көрсетіп келесіз. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде қоғамдағы келісім мен ұлтаралық татулықты нығайту ісінде белсендісіз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев өз құттықтауында.

Георгий Прокоп 1986 жылы тың өңірлердің біріндегі ірі шаруашылықтың тізгінін ұстап, оны уақыт өте келе бүкіл елге танымал элиталық тұқым өсіру орталығына айналдырды. Ол – ауыл шаруашылығындағы іскерлік тәжірибесімен, адамгершілік қасиетімен және жастарға үлгі болар тәлімгерлігімен танылған тұлға.

Мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегі еленіп, Георгий Прокоп «Құрмет», «Парасат», «Отан», «Еңбек даңқы» I дәрежелі ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталған. Өткен жылы ол Қазақстанның ең жоғары марапаты – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын иеленіп, төсбелгісін Мемлекет басшысының қолынан алды.

Бүгінде «Шахтёрское» шаруашылығы заман талабына сай дамып, жаңа технологияларды енгізіп келеді. Биыл мұнда 77 мың тонна астық пен 21,5 мың тонна картоптың рекордтық өнімі жиналды.

Өмірлік ұстанымы жайлы сұрағанда, Георгий Прокоп ең бастысы – еңбекке, жерге және туған өлкеге деген шынайы сүйіспеншілік пен болашаққа қамқорлық екенін айтады.

– Мемлекет басшысына көрсеткен назары мен еңбегімді бағалағаны үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Мен осы Нұрда дүниеге келіп, білім алып, бүгінде осы қасиетті жерде адал еңбек етудемін. Мені қоршаған барлық адамдарды бағалаймын, – деді мерейтой иесі және жастарға маңызды кеңес берді. – Қиындықтардан қорықпау керек, шыдамдылық танытып, нақты мақсат қойып, оған жетуге талпыныңыздар. Ешқашан қол жеткізген жетістікте тоқтамау қажет. Егер табанды еңбек етсеңіздер, өмірде міндетті түрде биік жетістіктерге қол жеткізесіздер.

– Георгий Георгиевичті 30 жылдан астам уақыттан бері білемін. Біз бір саланың адамымыз. Ол – өз ісіне шын берілген, еңбекқор әрі табанды тұлға. Ең қиын сәттердің өзінде шаруашылықтың тоқтап қалмауы үшін бар күшін салды. Бүгінде зор жетістіктерге жетіп, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын лайықты иеленді. Бұл – оның еңбегінің мойындалуы әрі көп жылдық тынымсыз еңбегіне берілген жоғары баға, – дейді «Сарыөзен» шаруа қожалығының жетекшісі Рамазан Әбілдин.

Прокоп жаңашылдығы мен ізденімпаздығы үшін де құрметке ие. Оның әріптестері мен шәкірттері де еңбексүйгіштігі мен табандылығын үлгі тұтады.

– Ол тың жаңалықтарды алғашқылардың бірі болып енгізіп, егіншілік технологиясына ғылыми тұрғыдан қарайды. Жоғары нәтижеге жетудің үлгісін көрсетіп, өз ісімен өзгелерге өнеге бола білді, – дейді «Қайнар» агроөндірістік кәсіпорнының директоры Сейтжапар Нығметов.

Георгий Прокоп 1950 жылдың 11 қарашасында Нұра ауданының Киевка ауылында дүниеге келген. 1973 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын «ауыл шаруашылығының инженер-механигі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ол 1976 жылдан бері Нұра ауданында абыройлы еңбек етіп, инженер қызметінен бастап басшылық лауазымға дейінгі еңбек жолын өткерді.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button