Ресми

Қазақстандық теннисшілер жарыс жолын аяқтады

73 келіде белдескен қазақстандық дзюдошы Данияр Шамшаев Париж Олимпиадасындағы бірінші жекпе-жегінде жеңіліп қалды. Одан бөлек, қазақстандық теннисшілер Александр Бублик пен Александр Недовесов жұптық сында келесі кезеңге өте алмады.

Сурет olympic.kz

Отандасымыз Данияр Шамшаев алғашқы белдесуінде өзбекстандық  Муроджон Юлдашевпен кездескен еді. Өкінішке қарай, шидо саны бойынша есе жіберді. Бұл – спортшының алғашқы Олимпиадасы екен. Олимпиаданың алдында сырқаттанып, уақытын оқу-жаттығу жиындарына емес, ем алуға арнағанын айтады.  

– Мен Олимпиада ойындарына толық дайындықсыз келдім. Оқу-жаттығу жиындарым аз болып қалды. Олимпиада алдында бір айдай асқазаным ауырып, көп уақытымды емделуге жіберіп алдым. Алда әлі талай додалар бар ғой. Бұл Олимпиадада жолым болмады. Бір сәтсіздік бір сабақ дегендей, болашақта еліміздің намысын абыроймен қорғаймын деп ойлаймын, – деді спортшы.

Тениске келер болсақ, қазақстандық теннисшілер жарыс жолын тегіс аяқтады. Құрама команда сапынан соңғы болып кортқа шыққан Александр Бублик пен Александр Недовесов жұптық сында жеңіліп қалды. Олар Бразилия командасына қарсы ойнап, 4:6, 4:6 есебімен жеңілді. Ойыннан кейін Александр Бублик сұхбат беріп, жеңіліп қалудағы себебін түсіндірді.

– Бұл нәтижемізге баға беру қиын. Әрине, мүмкіндік болды. Бірнеше рет брейк-пойнт болды. Бірақ, оны жүзеге асыра алмадық. Медальді айтпағанда, жеңіске жетудің өзі қолдан келмеді. Қазақстандықтардан бірнеше ойында жеңе алмағаным үшін кешірім сұраймын, – деп сөзін түйіндеді.

Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button