Қазақстандықтар жемқорлық туралы хабарлағаны үшін 15,7 млн теңгеге дейін сыйақы ала алады
Қазақстандықтар сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін сыйақы алады, деп хабарлайды ortalyq.kz Kazinform сайтына сілтеме жасап.

Бүгін — халықаралық информатор күні. Бұл хабар жеткізушілердің қоғамға қосқан маңызды үлесін атап өтетін дата. Мақсат — адамдарды үнсіз қалмай, жемқорлыққа, алаяқтыққа, халық денсаулығына және қоршаған ортаға төнетін қауіптерге қарсы белсенді күресуге шақыру.
Қоғамды жиі алаңдататын күрделі мәселенің бірі — сыбайлас жемқорлық. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидаттарын ілгерілету бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді жұмыс тек халықтың белсенді қатысуының арқасында мүмкін. Осы орайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі түрлі байланыс арналары арқылы ашықтық қағидатын іске асыруда.
Айта кетсек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Call-орталығы тәулік бойы жұмыс істейді, азаматтарға тегін ақпараттық-консультациялық қолдау көрсетеді.
Операторлар агенттіктің қызметі туралы сұрақтарға жауап береді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер бойынша шағымдарды, ұсыныстар мен пікірлерді қабылдайды.
Орталық болған немесе жоспарланып жатқан сыбайлас жемқорлық фактілерді тәулік бойы қабылдайды. Сыбайлас жемқорлық қарсы іс-қимыл агенттігі операторы құқық бұзушылық жасады деген күдік туралы қоңырау түскен кезде абонентті хабарламаға тіркейтін және жедел шара қабылдайтын агенттіктің кезекші офицерімен байланыстырады. Осылайша, әрбір хабарлама уақтылы тексеріледі. Жеткілікті негіз болған жағдайда сотқа дейінгі тергеу басталады.
Былтыр Call-орталыққа 26 мыңнан астам өтініш түсті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәселелері бойынша 5,8 мыңнан кеңес берілді және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық белгілері бар 862 хабарлама жеткізілді. Call-орталыққа түскен хабарламалардың нәтижелері бойынша ашылған қылмыстық істердің саны артып келеді.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдем көрсететін адамдарға, егер кінәлі адамға қатысты сот қаулысы немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда, біржолғы ақшалай сыйақы төленеді.
Сыйақы қағидалары регламенттелген және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру, азаматтық қоғамды оған қарсы күреске тарту жолындағы ынталандырушы тетік.
Сыйақының көлемі 10%-ға дейін және 4 мың айлық есептік көрсеткіштен аспайды. Нақты айтқанда, сыбайлас жемқорлық заң бұзушылықтар туралы сенімді ақпарат бергені үшін 15,7 млн теңгеге дейін сыйақы көзделген.
Өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жалпы сомасы 35,5 млн теңгеге 104 азаматқа сыйақы берді, оның ішінде 38 мемлекеттік қызметші грамоталармен марапатталды.
Орталыққа көбіне қандай хабарламалар келіп түседі?
— қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартпағаны үшін пара алу;
— өкілеттігін асыра пайдалану;
— мемлекеттік сатып алу саласындағы заң бұзушылықтар;
— лауазымды тұлғалардың басқа да заңсыз әрекеттері.
Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлап, сыйақы алған азаматтардың дені Қарағанды, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысында тіркелді, аталған өңірлерде 6 адамнан 10 адамға дейін сыйақы алды.
Мемлекеттік қызметкерлер арасында да жемқорлық фактілері туралы хабарламаны дер кезінде жеткізу жайттары артып келеді.
Мысалы, Шымкент қаласында 6 млн теңге, яғни пара сомасының 10%-на «Т» және «Б» азаматтарының қылмыстық іс-әрекетінің жолын кесуге көмектескені үшін «Б» азаматы сыйақы алды.
Астана қаласы бойынша департаменті 3 млн теңге сомасына полиция қызметкерлеріне пара беруге итермелеген екі азаматқа қатысты сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін «Т» азаматына сыйақы берді.
Ең бастысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ақпарат берушілердің құпиялылығын толық қамтамасыз етеді. Осыған мақсатта 2023 жылғы 3 қаңтардан бастап аталған санаттағы азаматтарды қорғаудың кешенді бағдарламасы қабылданды. Енді сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адамдарға қатысты физикалық қол сұғылмаушылық ғана емес, сонымен қатар құпия ақпаратты және олардың еңбек құқықтарын қорғау шаралары күшейтілді. Осылайша сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адамдарды комиссия құрамында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерінің қатысуынсыз тәртіптік жауапкершілікке тартуға, жұмыстан шығаруға немесе басқа лауазымға ауыстыруға болмайды. Ал сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адамдар туралы құпия ақпарат жария етілген жағдайда қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Еске сала кетсек, сыбайлас жемқорлық фактілеріне төзбеушілікті арттыру, парақорлыққа бей-жай қарамау әдетін қалыптастыру мақсатында Антикор жедел хабарлау үшін 1424 нөмірлі WhatsApp-чат-ботын іске қосты. Ол үшін 8 777 000 1424 нөміріне хабарлама жіберу жеткілікті.
WhatsApp чат-бот Антикор 1424 арқылы не істеуге болады?
Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлау;
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес алу;
— Хабарлама мен оны хабарлаған адамның құпиялылығына кепілдік беріледі. Барлық хабарлама міндетті түрде қаралады және құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес шара қабылданады. Алайда, сыбайлас жемқорлық туралы жалған хабарлау қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске саламыз, – деп ескертеді Антикор.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА