Қазақстандықтарға Ұлттық қордан 8 миллион доллар аударылды
“БЖЗҚ” АҚ “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасының қатысушыларына 8 миллионнан аса АҚШ долларын аударды, – деп хабарлайды ortalyq.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасы іске қосылған 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап “БЖЗҚ” АҚ 8 миллионнан аса АҚШ долларына 75 329 өтініш орындады (өтініш берушілердің банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға аударылды).
– Оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында 4,65 млн астам АҚШ долларына 43 781 өтініш, білім алу ақысын төлеу үшін шамамен 3,35 млн АҚШ долларына 31 548 өтініш орындалды, – делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, нысаналы жинақтарды алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы, ақшаның пайдаланылмаған қалдығы нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) қала береді.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА