Қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлы жасанды комаға түсті

Қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлы кубалық спортшымен өткізген жекпе-жегінде ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті.

Жекпе-жек 6 қараша күні таңертең Миннеаполисте өтті. Орта салмақтағы қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлы WBA Regular атағы үшін жекпе-жегінде кубалық Дэвид Моррельден нокаутпен жеңілді. Sports.kz сайтының мәліметіне сәйкес, жекпе-жектен кейін спортшы ауыр халде ауруханаға түскен. 

Журналист Дэн Рафаэльдің айтуынша, жексенбі күні Айдос комаға түскен. Спортшыға миға қан кету диагнозы қойылған.

Іс-шараның тікелей қатысушысы болған тағы бір дереккөз «Айдос ауыр халде» екенін атап өтті.

Ал аурухана қызметкерлері спортшының жағдайына қатысты қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты.

Рафаэльдің әріптестері Дэн Каноббио мен Джефф Джеффри де Ербосынұлы жасанды кома күйіне енгені жөнінде ақпарат таратты.