Қазақстанда жастар үшін жалға берілетін тұрғын үй алу шарттары өзгереді
- Жыл сайынғы жинақтау шегі – жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру туралы үшжақты шарттың қолданылуы шеңберінде бір жыл ішінде тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі жинақ шотында (депозитте) жинақталған ақша сомасы, кемінде 170 АЕК (2024 жылы 627 640 теңге) болуы керек;
- Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – “Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы” заңның 5-бабында көзделген қызметті жүзеге асыруға Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар банк. Басқаша айтқанда, құжатта “Отбасы Банкі ” туралы айтылады.
Жеңілдікті ипотекалық кредиттеудің өңірлік бағдарламаларына (тетіктеріне) қатысу үшін қажетті жыл сайынғы жинақтардың ең төменгі сомасын айқындау үшін жыл сайынғы жинақтау шегі ұғымын енгізу жоспарлануда.
Демек, өңірлік бағдарламалардың (тетіктердің) қолданыстағы шарттарына сәйкес, Астана және Алматы қалаларында бастапқы жарнаның мөлшері 18 млн теңгенің ең жоғары қарыз сомасының кемінде 10% -ын құрайды. Осылайша, бағдарламаларға қатысу үшін 1,8 млн теңге көлемінде бастапқы жарна болуы қажет. Жалдау мерзімінің ұзақтығы 3 жылға дейін болғанда, жыл сайынғы жинақтардың мөлшері ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген кемінде 600 мың теңгені немесе кемінде 162 АЕК-ті құрауға тиіс.
Бұдан басқа, жас қазақстандықтарға жалға берілетін тұрғын үй өтініш беруші, уәкілетті орган және банк арасында уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру туралы жасалған үшжақты шарт негізінде берілетін болады.
Мұндай шартты жасасу бағдарламаға қатысушылардың тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесі шеңберінде бастапқы жарна ретінде ақша сомасын жинақтауының кепілі болып табылады. Сондай-ақ, банк жинақ шотына жыл сайынғы жарналарға және жастардың өз тұрғын үйін сатып алу үшін жинақтарын қалыптастыру процесіне мониторинг жүргізетін болады.
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй алу үшін жұмыс істейтін жастарға қойылатын негізгі талаптар белгіленеді:
- отыз бес жасқа толмаған (34 жасқа дейін қоса алғанда)ҚР азаматы;
- жалпы білім беретін мектептер мен колледждердің, техникумдар мен жоғары оқу орындарының білім беру оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асырған;
- өтініш берушінің облыста, республикалық маңызы бар қалада немесе Астанада жалға берілетін тұрғын үйдің сатып алу құқығынсыз болуына байланысты өтініш бергенге дейін соңғы үш жылдан кем емес тұрақты тіркеуінің болуы;
- өтініш берушінің отбасы мүшелерінің тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуінің болуы (жұбайы/және балалары болған кезде);
- өтініш берушіде, жұбайында/және балаларында, апатты жағдайда тұрған, құлау (қирау) қаупі бар тұрғын үйлерді қоспағанда, өтініш берер алдында соңғы 5 жыл ішінде ҚР-да тұрғын үйдің болмауы, олардың жұбайлары тұрғын үйді иеліктен шығару фактісі болған жағдайларды қоспағанда. Бұл ретте өтініш беруші немесе отбасы мүшелері кәмелетке толғанға дейін алған тұрғын үйде үлесінің болуы қатысуға кедергі келтірмейді;
- өтініш берушінің соңғы 6 айда кемінде 40 АЕК мөлшерінде ай сайынғы табысының болуы;
- облыста, республикалық маңызы бар қалада немесе Астанада жалға берілетін тұрғын үйдің сатып алу құқығынсыз болуына байланысты өтініш берер алдында соңғы 3 (үш) жылдан кем емес еңбек өтілінің болуы;
- банкте жинақ шотының (депозиттің) болуы.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА