ЖаңалықтарРесми

Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы қалай өсті?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы мен жәрдемақы қаншаға өскенін айтты, деп хабарлайды Ortalyq.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Сурет: kaz.orda.kz сайтынан

Ведомство мәліметінше, 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі мен базалық зейнетақы төлемі Ұлттық банк анықтаған болжамды инфляция деңгейіне сәйкес жеті пайызға, ынтымақты зейнетақы тоғыз пайызға өсті, яғни инфляция деңгейінен екі пайызға озды.

– Бюджеттен төленетін зейнетақының орташа жиынтық мөлшері (Бірыңғай зейнетақы қорынан төленетін төлемдерді есепке алмағанда) 2024 жылы 130 414 теңге (2023 жылы – 120 838 теңге) болады, – деп хабарлады Еңбек министрлігі.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны жыл сайынғы кезең-кезеңмен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ең жоғарысын 120 пайызға дейін арттыру жүзеге асырылады.

Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 60-тан 65 пайызға дейін өсті, бұл – 28 215 теңге, ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 100-ден 105 пайызға дейін, бұл – 45 578 теңге.

1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақыларды көтеру мысалы:

– 1-ші, 2-ші, 3-ші бала туғанда төленетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге, 4 және одан да көп бала туғанда 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін өсті;

– Мөлшері балалар санына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін, 10 баламен – 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін ұлғайды;

–  I топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін, II топтағы жәрдемақы – 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін, III топтағы жәрдемақы – 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін ұлғайтылды.

Сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер 7 пайызға ұлғайтылды. Бұл төлемдерді бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы жүзеге асырады.

–Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбек ету қабілетінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу және табысты ауыстыру өтілі, – деп толықтырды Еңбек министрлігі.

Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button