Ресми

Қазақстандағы учаскелерде бәрі жан-жақты ойластырылған – Армения ОСК төрағасы референдум туралы

Қазақстанға халықаралық миссия құрамында келген Армения Республикасының Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Ваагн Овакимян республикалық референдум барысы туралы өз әсерімен бөлісті.

Сурет кейіпкер мұрағатынан

– Біз үшін ең бастысы – басқа елдерде сайлау мен референдумдардың қалай ұйымдастырылатынын көру. Бір-біріміздің тәжірибелерімізді зерттеп, қандай тиімді тәсілдерді қолдануға болатынын саралаймыз. Бұл – достық әрі кәсіби тәжірибе алмасу, – деді ол.

Бақылаушы әсіресе сайлау учаскелеріндегі ұйымдастыру жұмыстарына назар аударды.

– Мен барған барлық учаскеде мемлекеттік рәміздер – ту, елтаңба, сондай-ақ азаматтарға арналған ақпараттық бұрыштар қойылған. Арменияда мұндай бұрыштар мектептерде бар. Ал мұнда олардың әлдеқайда жүйелі ұйымдастырылғанын көрдім. Бұл біз үшін өте қызықты әрі пайдалы тәжірибе, – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ Ваагн Овакимян дауыс беру барысында бәрі тыныш әрі реттелген екенін де жеткізді.

– Дауыс беру процесі бірқалыпты өтуде, азаматтар еркін әрі сенімді түрде дауыс беріп жатыр. Барлығы әр адамға қолайлы әрі жеңіл қатысуға мүмкіндік беретіндей ұйымдастырылған. Мұндай процесті бақылау – тәжірибе жинап, үйренудің жақсы мүмкіндігі. Бұл – референдумды жоғары деңгейде ұйымдастырып, азаматтарға құрмет көрсетудің айқын үлгісі. Қазақстанға бейбітшілік, бірлік және тұрақты даму тілеймін, – деді ол.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button