Қазақстанда вице-президент тағайындалады
Бұл туралы Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

Президент жиында елдің саяси жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған жаңа әрі маңызды бастама көтерді. Оның айтуынша, бұл ұсыныс соңғы бірнеше жыл бойы кезең-кезеңімен қалыптастырылған саяси реформалардың тұтас құрылымын логикалық тұрғыдан толықтырады. Президент Қазақстан Республикасында Вице-президент институтын құру және оны Конституцияда заңнамалық тұрғыдан бекіту жөнінде айтты.
Ұсынысқа сәйкес, Вице-президентті Президент Парламенттің келісімімен, қарапайым көпшілік дауыспен тағайындайды. Ал оның өкілеттіктер аясын Мемлекет басшысының өзі айқындайды.
Жоспарға сай, Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша:
• Қазақстан Республикасының мүддесін халықаралық форумдарда және шет мемлекеттердің делегацияларымен келіссөздер барысында таныстырады;
• Президенттің Парламенттегі өкілі ретінде қызмет атқарады;
• Отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;
• Мемлекет басшысы жүктеген өзге де тапсырмаларды орындайды.
Бұл бастама мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын арттырып, билік тармақтары арасындағы өзара байланысты күшейтуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



