Қазақстанда «Әскери баспана» бағдарламасы қайта жанданады
Елімізде тұрғын үй бағдарламаларының аясын кеңейту және азаматтардың баспанаға қолжетімділігін арттыру шаралары қолға алынуда. Бұл туралы «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова мәлімдеді деп хабарлайды Ortalyq.kz Kazinform ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен нақты шаралар әзірленді. Олар алдағы айларда азаматтардың тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндігін арттыруға бағытталған. «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы кеңейтіледі. Биыл оған шамамен 33 мың жас отбасы өтініш берген, алайда жеңімпаз ретінде небәрі 8 мың адам ғана таңдалды. Бұрын бағдарламаға қатысқан азаматтарға қосымша несие алу мүмкіндігі беріледі. Несие беру 2026 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Сондай-ақ өтініші қабылданбағандар да қайта қатыса алады, – деді Ляззат Ибрагимова.
Сонымен қатар, «Әскери баспана» бағдарламасы қайта іске қосылатыны белгілі болды. Бұл жоба аясында әскери қызметшілер тұрғын үй төлемдерін пайдалана отырып, дайын пәтерлерге ие бола алады. Көп жағдайда олар екінші деңгейлі нарықтан баспана сатып алуы мүмкін.
Жаңа шарттарға сәйкес, үй сатушыларға өз пәтерін үлкен әрі сапалы тұрғын үйге ауыстыру мүмкіндігі ұсынылады. Осылайша бағдарлама арқылы тұрғын үй аумағын кеңейту және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту көзделген.
– Барлық қабылданып жатқан шаралар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл әлеуметтік осал топтарға ғана емес, сондай-ақ алғаш рет баспана алғалы отырған азаматтарға да қатысты, – деді банк өкілі.
Жамал АКПАРОВА