Қазақстанда сиыр етін экспорттауға тыйым салынған жоқ
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр етін экспорттауға тыйым салынбағанын хабарлады. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында тараған сиыр етін экспорттауға арналған сыртқы нарықтар жабылды деген мәліметтің шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

Министрлік мәліметінше, сыртқы сауда саласында шектеу шараларын енгізу туралы шешімдер жеке дара қабылданбайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мұндай шешімдер бірнеше мемлекеттік органнан тұратын Ведомствоаралық комиссияның құзыретіне жатады. Оның құрамына Сауда және интеграция министрлігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, сондай-ақ Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы кіреді. Экспорттық тәртіпті енгізу немесе өзгерту жөніндегі шешімдер комиссия мүшелерінің ұсыныстары мен жағдайды жан-жақты талдау негізінде бірлесіп қабылданады.
2025 жылғы 29 тамыздағы Ведомствоаралық комиссия шешімімен сиыр етін экспорттауға тыйым салу емес, 2025 жылдың соңына дейін 13 мың тонна көлемінде квота белгілеу тетігі енгізілді. Ал 2025 жылғы 18 желтоқсандағы шешіммен квоталау 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына 20 мың тонна көлемінде ұзартылды. Осыған байланысты экспортқа «тыйым салынды» деген тұжырымдар шындыққа сәйкес келмейді және нақты жағдайды толық көрсетпейді.
Қазіргі таңда бірқатар кәсіпорындардың экспорттық нарықтарға қол жеткізу мүмкіндігі бар. Министрлік квоталарды бөлу тетігін қайта қарау арқылы экспорттаушылар қатарын кеңейту жөнінде ұсыныстар енгізді.
Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясындағы қаржыландыру құралдары іске асырылған сайын қолданыстағы шектеулер кезең-кезеңімен алып тасталады. Бұл өндірістік қуатты арттыруға, экспорттық әлеуетті кеңейтуге және ішкі нарық пен сыртқы жеткізілімдер арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Министрлік елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, мал шаруашылығының тұрақты дамуы мен нарық қатысушылары үшін ашық әрі әділ жағдай қалыптастыру бағытындағы жұмысты жалғастырады.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



