Қазақстанда Олимпиада ойындарына арналған жаңа монета жарық көрді
Қазақстан Ұлттық банкі «OLYMPIC GAMES 2026. SHORT TRACK» атты жаңа коллекциялық монетаның шығарылғанын хабарлады. Бұл монета «Спорт» сериясына енеді, деп жазды Kazinform агенттігі ҚР ҰОК-ке сілтеме жасап.

Хабарламада айтылғандай, номиналы 1000 теңге болатын монета 925 сынамалы күмістен жасалған, түрлі-түсті баспа технологиясы қолданылып, айрықша сапасында дайындалған. Монетаның салмағы – 20 грамм, диаметрі – 37 мм, ал жалпы таралымы 2000 данамен шектелген.
Монетаны өндіру Қазақстан теңге сарайында немістің MDM Münzhandelsgesellschaft mbH & Co. KG Deutsche Münze нумизматикалық компаниясымен әріптестікте жүзеге асырылғаны атап өтілді.
«Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында нарықтық құны бойынша міндетті түрде қабылданады және оларды төлемнің барлық түрлері үшін пайдалануға, сондай-ақ еліміздің барлық банктерінде банктік шоттарға есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға болады», – деп толықтырды Ұлттық банкте.
Арайлым КӘРІҒҰЛ
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ IV курс студенті



