Қазақстанда неке қию көрсеткіші төмендеп кетті
Қазақстанда үйленгісі келетін жастардың қатары азайып келеді. Биыл алғашқы үш айда шамамен 22,5 мың отбасы құрылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3 мыңға аз, – деп хабарлайды ortalyq.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Бұл көрсеткіш 2014 жылдан бергі кез келген тоқсанмен салыстырғанда ең төменгі деңгейде болып отыр. Тек 2020 жылдың II тоқсаны (коронавирус шектеулеріне байланысты 16,6 мың неке тіркелген) ғана ерекше жағдай ретінде есепке алынады, – деп жазды Data Hub.
Неке санының азаюы бүкіл Қазақстан бойынша байқалады, әсіресе Түркістан облысы (салыстырмалы түрде – 19%) мен Алматы қаласы (21%) жалпы көрсеткішті едәуір төмендетті.
Халық санына шаққандағы неке қию деңгейін көрсететін жалпы некелесу коэффициенті де барлық өңірде төмендеп отыр. 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында бұл көрсеткіш ел бойынша 1000 адамға шаққанда 4,47-ні құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңдегі 5,33 көрсеткішінен айтарлықтай төмен.
Аймақтар бойынша ең төменгі коэффициент Батыс Қазақстан облысында (3,72), ал ең жоғарысы Алматы облысында (5,26) тіркелді.
Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.