Қазақстанда мұнай өндіру көлемі азайды
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев үкімет сағатында мұнай өндіру көлемі жоспарланған межеден төмен болғанын айтты. Әрі оның себептерін де түсіндірді, деп хабарлайды Ortalyq.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
– 10 айдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 73,5 миллион тонна болды. Биылға арналған өндіріс болжамы – 88,4 миллион тонна. Өндірістің жоспармен салыстырғанда төмендеуі Теңіз және Қашаған сияқты ірі кен орындарында күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуімен байланысты, –деді Энергетика министрі.
Сонымен қатар, өндірістің төмендеуіне Қарашығанақ кен орнында жоспардан тыс тоқтаулар және Орынбор газ өңдеу зауытының газ қабылдаудағы шектеулері әсер еткендігін мәлімдеді.
– Өндіру деңгейінің төмендеуіне ОПЕК+ келісімі шеңберіндегі міндеттемелерді орындау да әсер етеді. Қазақстан ОПЕК+ келісіміне қатысады. Қазақстан үшін, басқа елдер сияқты, 2024 жылға белгілі бір міндеттемелер қойылған. Келісім шарттарын орындау әлемдік мұнай нарығындағы тұрақтылықты сақтау үшін қажет, – деді ол.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.