Жаңалықтар

Қазақстанда экономикадағы теңгерім сақталуда

ҚР ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасының «қызып кету» қаупі жөнінде бағалау жасағанымен, елдегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бұл пікірге қосымша түсініктеме қажет екенін көрсетеді. Қазіргі ахуал экономиканың шамадан тыс өсуін емес, жоспарлы әрі дұрыс құрылымдық трансформация кезеңін аңғартады.

Сурет ЖИ

Экономикадағы «қызып кету» ұғымы ресурстар тапшылығына алып келетін, мүмкіндіктен артық өсуді білдіреді. Алайда Қазақстанда мұндай белгілер байқалмайды. 2023 жылдан бері жұмыссыздық деңгейі тұрақты – 4,6–4,7% шамасында. Сонымен қатар жалақы өсімі жалпы ішкі өнім динамикасынан баяу, бұл да «қызып кеткен» экономикаға тән көрініс емес.

Нақты сектордың өсімі қызмет көрсету саласынан айтарлықтай жоғары. 2025 жылы тауар өндірісі 8,7%-ға артса, қызмет көрсету секторы 5,3% деңгейінде өсті. Ал классикалық «қызып кету» жағдайында керісінше, қызмет көрсету саласы жылдам дамиды.

Қазақстан экономикасында қалпына келу және құрылымдық өсу үрдісі байқалады. 2025 жылы экономикалық өсім 6,5%-ды құрап, 2026 жылы кемінде 5% деңгейінде сақталады деп жоспарлануда. Бұл көрсеткіштер нақты өндірістік қуаттың артуы мен ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асуымен қамтамасыз етілуде.

Экономиканың негізгі драйвері – мұнайға жатпайтын секторлар. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, логистика және ішкі сауда алдыңғы қатарда. 2025 жылы өңдеу өнеркәсібі 6,4%-ға өсіп, машина жасау, автомобиль өндірісі, тамақ және химия өнеркәсібі айтарлықтай серпін көрсетті.

Инфляция да баяулау кезеңіне өтті. Үкімет қабылдаған шаралардың нәтижесінде 2025 жылдың соңында инфляция 12,9%-дан 12,3%-ға төмендеді. Болжам бойынша, биыл инфляция 9–11% дәлізінде қалыптасады.

2026 жылғы бюджетте Ұлттық қордан нысаналы трансферт қарастырылмаған, ал кепілдендірілген трансферт көлемі қатаң шектелген. Бұл фискалдық тәртіпті күшейтіп, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталған.

Жалпы алғанда, қазіргі Қазақстан экономикасы өсімді ынталандыру мен тұрақтылықты қатар ұстауға негізделген теңгерімді саясаттың үлгісі болып отыр. Ел экономикасы «қызып кету» емес, сапалы әрі ұзақмерзімді құрылымдық дамуға бет алған.

 Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button