Жаңалықтар

Қазақстанда аналарға арналған жәрдемақы мөлшері өседі

Елімізде аналарға төленетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері төмендегідей. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дерегінше, бала туғанда берілетін жәрдемақыға  –  бала туған, асырап алған немесе қамқорлыққа алған азаматтар, қандастар және Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер үміткер бола алады деп хабарлайды Ortalyq.kz Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

Бала туғанда берілетін жәрдемақы мөлшері:

Бірінші, екінші, үшінші бала үшін  –  38 АЕК немесе 149 416 теңге. 

Төртінші және одан кейінгі балалар үшін  –  63 АЕК немесе 247 716 теңге. 

Бала 1,5 жасқа толғанша ай сайынғы жәрдемақы (кейбір шарттар орындалғанда):

Егер балаға күтім жасайтын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаса, сондай-ақ туған, асырап алған немесе қорғаншылыққа алған бала болса және ол басқа ата-анамен отбасы ретінде ескерілмесе, онда ай сайын келесі мөлшерде жәрдемақы төленеді: 

   Бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге.

   Екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге.Үшінші балаға – 7,85 АЕК      немесе 30 866 теңге.

   Төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.

Жұмыс істейтін азаматтарға арналған әлеуметтік төлем:

Егер адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан болса, онда жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры тарапынан төленетін әлеуметтік төлем беріледі. Бұл төлем жүктілік және босану бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілген мерзімге дейінгі соңғы 12 айдағы орташа айлық кіріске және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты анықталады. 

Бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтімге байланысты жәрдемақы да осындай жүйе бойынша  – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болған жағдайда бала туған күнінен бастап тағайындалады. Төлем мөлшері  – соңғы 2 жылда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кірістің 40%-ын құрайды. Екі және одан да көп бала туған жағдайда төлем әр бала үшін жеке тағайындалады. 

Айта кетейік, 2025 жылы 1 АЕК = 3 932 теңге, ал келесі жылы 1 АЕК = 4 325 теңге болады. Сондықтан жәрдемақының мөлшері де өседі.

Жамал АКПАРОВА

Басқа материалдар

Back to top button